Бүгін Шымкент қаласы әкімдігі мен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының «Қамқор-Шарапат» мекемесінің ұйымдастыруымен Шымкент қаласы аумағында орналасқан мазараттар мен зират орындарын күтіп-баптауға арналған «ӨТКЕНГЕ ҚҰРМЕТ – ТІРІГЕ МІНДЕТ» атты республикалық тазалық шарасы өткізілді.
Игі шараға Шымкент қаласының бас имамы Бақдәулет Абдрахманов, қалалық Дін істер басқармасының басшысы Әлжан Тұяқбаев, наиб имамдар Мұсабек Ақтамберді, Мұхамеджан Естеміров, Қазыбек Сарыбаев, қалалық іс басқарушысы Азамат Әбдікерімұлы, «Қамқор-Шарапат» мекемесінің Шымкент қаласындағы өкілі Ербосын Орын және аудан имамдары мен ерікті жастар қатысты.
Жоғары деңгейде өткен шараға Шымкент қаласы әкімдігінің ақпараттық және тазалық мекемесінің жүк тасмалдаушы бірлік техникаларымен қолдауы ұйымдастырылып, ҚМДБ тарапынан қабылданған «Зират және зиярат ету мәдениеті» құжаттары кеңінен түсіндіріліп, бабалар рухына Құран оқылып, дұға етілді.
Іс шараға қаладағы 91 мешіттің діни қызметкерлері мен ерікті 2780 азамат қатысып, 37 мұсылман зират аумағы күл-қоқыстан, қураған шөптерден тазартылып, жан-жағы тырмаланды. Сондай-ақ, ағаштардың қураған, сынған бұталары кесілді.
Барша қатысқан азаматтарға Алла Тағала разы болсын!
ҚМДБ-ның Шымкент қаласы бойынша өкілдігінің баспасөз қызметі