Ислам сөзі – «амандық, есендік, мойынсұну, бағыну, берілу» мағыналарын білдіреді. Сондықтан Ислам – амандық пен бейбітшілік діні деген сөз. Әлемді сүйіспеншілікпен жаратқан Ұлы Жаратушының ақырғы пайғамбары жер бетіне бейбітшілік орнату үшін жіберілген. Құранда бұл турасында:
«Біз сені әлемдерге тек рақым етіп қана жібердік» (Әнбия-107), – делінген. Қаншама ғасырлар бойы мұсылмандар осы ерекшелікпен өз діндерін мақтан етіп, насихаттауда.
Адамзатқа қанша елші және кітап түскенімен сан ғасырға созылған тарихында әр алуан наным-сенім пайда болды. Жер бетіндегі діндердің ешбірі бөлінушілікке жол бермегенімен адамдардың ойлау мен түсінік деңгейіне ешқашан да тосқауыл бола алмайды.
Ислам бойынша діндер негізінен екіге бөлінеді: Аллаһ тарапынан жіберілген діндер (иудаизм, христиан, ислам), Аллаһ тарапынан жіберілмеген діндер (буддизм, индуизм, сихизм, т.б.).
Ислам әрбір дін өкіліне құрметпен қарайды. Ешкімді дініне, ұлтына, нәсіліне және жынысына қарап бөлмейді. Алла Тағала Құранда:
«Ей, адамзат! Сендерді Біз әуелде бір еркек, бір әйелден, бір ата, бір анадан өрбіттік. Өзара қарым-қатынас жасауларың үшін көптеген ұлт, ұлыс етіп көбейттік. Сендердің бір-біріңнен артықтығың несібелеріңмен емес, діндар-тақуалықтарыңмен есептеледі» (Хужурат сүресі, 13-аят), – деп бұйырса, Пайғамбарымыз да былай дейді: «Ей, адамдар! Естеріңде болсын! Раббыларың біреу, ешбір араб араб еместен, араб емес арабтан, ақтың қарадан, қараның ақтан діндарлығынан басқа ешқандай артықшылығы жоқ. Күмәнсіз Аллаһтың алдында ең мәртебелілерің діндар болғандарың».
Ислам діні қоғамдағы өзге дін өкілдерімен сыпайылықпен қарым-қатынас жасауымызды бұйырады. Құранда бұл жайында былай дейді: «Кітап иелерімен ең көркем түрде, сыпайылық пен әдептілік сақтап пікір таласыңдар» (Анкабут сүресі, 46 аят).
Хз. Пайғамбарымыз исламның ынтымағы мен бірлігін сақтау жолында өте сабырлылықпен әрекет етті. Қоғамның ынтымағы ауадай қажет болғандықтан, Мадина халқы арасында іріткі салушы мұнафиқтар мен олардың басында кімдердің жүргенін өте жақсы білетін. Бірақ осыны ешқашан елге жария етпеген. Жария ету былай тұрсын, оларға да мұсылмандар сияқты қарайтын. Мұнафиқтардың көсемі Абдуллаһ б. Убәй б. Сәлулдің жасаған қиянатына төзіп, жазаламады. Хз. Омар қаншама рет мұнафиқтың басын шабуға рұқсат сұрағанымен Хз. Пайғамбарымыз мәселені Аллаһқа тапсырып, дін исламға, қоғамға зиян тигізуші екі жүзділерді өлтіртпеді. Тіпті мунафиқтардың көсемі Абдуллаһ б. Убәй б. Сәлул қайтыс болмастан алдын баласын хз. Пайғамбарға жіберіп, үстіндегі көйлегін (ниеті кебін ету) сұратқанда, екі дүние сардары, адамзаттың ардақтысы Хз. Пайғамбарымыз көйлегін береді. Міне, осындай ғибратты оқиғаларды Пайғамбар өмірінен көптеп кездестіруге болады. Сонымен қатар, хз. Пайғамбардан тәлім алған сахабалардың ғұмыр тарихынан көп мысал келтіруге болады. Яғни, қоғамның ынтымағы мен бірлігі, дін исламның өркендеуі үшін жасаған қызметтері расында да үлкен жетістікке жеткізді.
Қоғам ішінде бүлікшілік пен алауыздықты тоқтату – әрбір мұсылманның міндеті. Құран мен хадис біздерге осыны бұйырады. Қоғамның бірлігі мен ынтымағы үшін кейбір істен бас тарту иманның кемелдігінен.
Әлемдік діндердің ешбірі қоғам тыныштығын бұзуға рұқсат бермейді. Сол секілді Ислам дінінің де өзіндік ерекшеліктері бар. Ең басты ерекшелігі, қоғамды басқарушы әміршіге әрбір мұсылманның бағынуын, тыңдауын талап етеді: «Ей, иман келтіргендер! Аллаға, пайғамбарға және өз араларыңдағы әмір иелеріне бойұсыныңдар» (Ниса, 59 аят).
Хз. Пайғамбарымыз (с.а.у.) бұл жайында былай дейді: «Кім маған итағат етсе, Аллаһқа итағат еткен болады. Кім маған қарсы шықса Аллаһқа қарсы шыққан болады. Кім әміршіге итағат етсе, маған итағат еткені. Кім әміршіге қарсы келсе, маған қарсы келгені» (Муслим риуаяты).
Тағы бір хадисте былай дейді: «Кімде кім итағаттан шығып, яғни мойынсұнбай жамағаттан бөлініп кетіп, содан кейін сол кеткен күйінде өлетін болса, онда ол надандық өліммен өлген болады» (Муслим риуаяты).
Ал қоғамның тыныштығын бұзатын бүлік пен іріткі салуға Аллаһ Тағала мұсылмандарға қатаң түрде тыйым салады. Қасиетті Құранда бұл мәселе жайында былай дейді: «Бүлік шығару адам өлтіруден де бетер» (Бақара сүресі, 217 аят).
«Кім кісі өлтірмеген немесе жер жүзінде бұзақылық жасамаған біреуді өлтірсе, сонда шынайы түрде барлық адамды өлтіргенмен және кім оны тірілтсе (өлімнен құтқарса) барлық адамды тірілткенмен тең деп жаздық» (Майда сүресі, 32 аят). Міне, көріп отырғанымыздай Аллаһ Тағала мұсылмандарға қоғам ішінде бүлік шығаруларына тыйым сала отырып: «Жер беті түзетілгеннен кейін бүлікшілік жасамаңдар» (Ағраф сүресі, 56 аят) деп үстеме аятпен қайталап ескертеді де мына бір аятпен қоғам тыныштығын бұзған жанды сүймейтіндігін бұйырады: «Аллаһ бүлік шығарушыларды сүймейді» (Майда-64).
Екінші халифа Омардың тұсында Ислам әлемі етек жайып, көптеген жерлер халифа билігіне қарайды. Сол жерлерді мекендеген түрлі ұлттар мен ұлыстардың ешбіріне мұсылмандар тарапынан қысым жасалмай, тұрғындар еркін өмір сүре білді. Ислам әскерлері әһли кітап яғни христиан дін өкілдері көбірек шоғырланған Палестина аймағын басып алғаннан кейін, ондағы тұрғындар мен хазіреті Омар 637 жылы былайша келісімшарт жасайды: «Бұл Аллаһтың құлы, мұсылмандардың әміршісі Хаттабұлы Омардың Илиа халқына берген қауіпсіздік қағазы. Олардың жандарына, малдарына, шіркеулеріне, крестеріне, дені саулары мен сырқаттарына және қалған ұлтына амандық берілді. Шіркеулеріне ешкім тұрғын үй есебінде жасамайды, оларды ешкім бұзбайды, олардың ішкі және сыртқы қор мүліктерінен ешнәрсе кемітілмейді, олардың малдарына ешкім қол сұқпайды. Мұндағылардың дініне зорлық жасалмайды, ешкімге дін негізінде зорлық көрсетілмейді» [Жолдасов Абдулла, Әділетті төрт халифа, Шымкент, -72-73 бет].
Міне, осындай бейбітшілікпен қоғамды басқарған Ислам әлемінде өзге дін өкілдері мұсылмандардың тілеуін тілейтін сәті де болғандығын тарихтан білеміз. Халифа Омардың тұсында көзі тірісінде жәннәтпен сүйіншіленген Әбу Убайда ибн Жаррах Сирияның әкімі болады. Рим императоры Геракл Сирияны өзіне қаратып алу мақсатында қалың қолмен аттанады. Бұл кезде хз. Әбу Убайданың қарамағында аз ғана әскері болып, қаланы жаудан қорғауы мүмкін емес еді. Дереу Шам тұрғындарын жинап алып: «Сіздерден жизия (мұсылман билігін мойындап, өз діні бойынша өмір сүрген кісіден алынатын жан салығы) салығын алдық. Алайда, дәл қазір бізде жауға төтеп беретін күш жоқ. Сіздерді қорғай алмайтындықтан жизия салығын қайтарып беруді жөн көрдік. Өйткені бұл жағдайда оның бізде болуы дұрыс емес», – дейді. Жиналған салық иелеріне қайтарылды. Бұл оқиғаға куә болған христиан дін адамдары шіркеулерді лықа толтырып, мұсылмандардың жанын аман алып қалуын Жаратқан Иеден жалбарына сұрады. Христиан діндарлары күллі шіркеуді күңірентіп былай дұға жасады: «Мұсылмандармен бірге бізді қанқұйлы Гераклдың жауыздығынан құтқара гөр».
692 жылы Ирактың әкімі залым Хажжаж ибн Юсуф әс-Сақафи Мекке қаласын соқыр саясаттың нәтежесінде қанды қырғынмен басып алады. Қаншама жазықсыз адамды өлтіреді. Меккені басып алған соң намазды оқу үшін өзі имам болып алға шығады. Сол кезде Меккеде хз. Пайғамбардың көзін көрген, тәлімін алған қаншама ардақты сахабалар соның ішінде хз. Абдуллаһ ибн Омар да бар еді. Халық залым Хажжаждың артында намазға тұрып-тұрмау мәселесінде хз. Абдуллаһ ибн Омарға қарайды. Хз. Абдуллаһ ибн Омар еш қысылмастан залым Хажжаждың артында тұрып намаз оқиды. Өзгелер де намазға тұрады. Намаздан кейін одан неліктен мұндай қаныпездер адамның артында намазға тұрғанын сұрағанда: “Егер мен оның артында намазға тұрмағанда тағы да қаншама адамның қаны төгілетін еді”,- деп жауап береді. Демек, қоғамның ынтымағы мен бірлігі үшін жеке бастың пайдасы мен нәпсінің қалауын тәрк ету әрбіріміздің басты міндетіміз екенін ұмытпағанымыз жөн.
Ислам қоғамдағы тыныштық пен ынтымақты сақтау үшін негізгі қағидаларды талап етеді:
1. Өзгенің ақысын бұзбау: Ислам дінін қабылдаған, Құраннан нәр алған әрбір мұсылман өзгенің ақысын жемей, ала жібін аттамай, өзге мұсылман бауырына зиянын тигізбеу керек. Бұл жайында Пайғамбарымыз былай дейді: «Мұсылман -мұсылманның бауыры. Ол бауырына зұлымдық жасамайды және оны залымдарға тастамайды. Кім бауырының мұқтаждығын өтесе, Аллаһ та оның мұқтаждығын өтейді» (Бухари риуаяты).
2. Әділ болумен жақсы қатынас жасау: адам өмірінің бір қалыпты болуы үшін барлығына бірдей әділ болу керек. Қоғам тыныштығы үшін бұл басты талап. Сонымен қатар өзгелермен қарым-қатынасты дұрыстау керек. Құранда бұл жайында былай дейді: «Анығында Аллаһ адамдарды әділ болуға, жақсылық жасауға, ағайынға қарайласуға бұйырады. Арсыздықтан, тоңмойындықтан, азғындықтан тыяды» (Нахыл-90).
3. Жақсы мінезге ие болу: ислам жақсы мінез-құлықтан тұрады. Бұны да Құран ахлағы дейміз. Пенденің иман тұрғысынан кәмілдігі мен әлемнің тыныштығы жақсы мінез-құлықпен жүзеге асады. Аллаһ Тағала мұсылмандарға барлық жақсы амалды жасауды бұйырып, жаман іс-әрекет пен қылықтан аулақ тұруды әмір етті.
4. Сенім еркіндігі: Ислам жеңіл дін әрі ешкімді діни сенімі үшін айыптамайды. Дінде зорлық жоқ. Пайғамбарымыз (с.а.у.) бір хадисінде: «Жеңілдетіңдер қиындатпаңдар, сүйіншілеңдер қорқытпаңдар»,- деген.
5. Мейірімді және кешірімді болу: ислам әрбір пендеге мейірімді және кешірмді болуды бұйырады. Аятта былай дейді: «Кешірім жолын ұста, дұрыстыққа бұйыр, білместіктен аулақ бол» (Ағраф-199)
Құрметті бауырлар! Ислам бізден үй ішінен үй тігіуді немесе түрлі ағымға бөлініп, кейбір діни-саяси топтың қолшоқпары болып, бүлік шығаруды емес, керісінше қоғамдағы ынтымақ пен бірлікті ұстануды бұйырады. Сол себепті Аллаһтың біздерге нәсіп еткен тыныштығын сақтайық.
Қазіргі таңда түркібасы саналатын Түлкібас ауданында мақсат мұраттары ең алдымен бірлікке негізделген 30- ға жуық ұлт өкілдері тату-тәтті,бір жағадан бас,бір жеңнен қол шығарып, бір мүдде жолында берекелі өмір сүруде. Бұл еліміздегі оңды саясаттың арқасында жүзеге асып отырған мәселе. Бұған тек қуануымыз керек.
Сөзімізді Пайғамбарымыздың (с.а.у.) мына бір хадисімен аяқтайық: «Сендерге бірге болуларыңды өсиет етемін. Бөлініп шығудан өтте қатты сақ болыңдар. Себебі, шайтан жеке басына өмір сүрген кісіге жақын болады. Бірге болған екі адамнан алыс тұрады. Кімде кім жәннәттің дәл ортасында өмір сүргісі келсе, бірге болуға мән берсін» (Тирмизи, Фитән 7).
Ислам дінінің ізгі жолын, елдік, ұлттық құндылықтарымызды жастардың саналарына сіңіріп, келешекте ел – халқының мүддесін қорғауға дайын өрелі өрендердің қалыптасуына атсалысу- баршамыздың міндетіміз. Біз бәріміз – біртұтас Қазақстан халқының әртүрлі және бірдей балаларымыз. Біздің бәрімізді бір мәселе толғандырады – бүкіл Қазақстан халқының әл-ауқаты. Біздің бәріміздің мақсатымыз бір біздің ортақ Отанымыздың өркендеуі. Бұл біздің ортақ табысымыз, ортақ мақтанышымыз.
Руслан Ерменбаев,
«Түлкібас ата» мешітінің имамы