Жолаушылықтың өзіндік қиындық-машақаттары болғандықтан, жолаушыларға көп жағдайларда жеңілдік жасалған. Намаздарды қысқартып оқуға рұқсат берілсе, орындалуы қиындау саналған ораза тұту құлшылығын ұстамауға да рұқсат берілген. Бірақ кейін оразаның қазасын өтейді. Бұл жеңілдік туралы Құранда: «Сендерден кім рамазан айында болса, ораза ұстасын. Ал біреу науқас не сапарда болса, басқа күндерде санын толтырып, ораза тұтсын» – деген. (Бақара сүресі, 184 аят). Сонымен қатар егер жолаушы қатты қиналмаса немесе зиян көрмейтін болса, ораза ұстағаны абзалырақ саналады. Оған Құрандағы: «Ораза ұстауларың сендер үшін жақсырақ» (Бақара сүресі, 184 аят) – деген аят дәлел.
Рамазан айында 89 шақырым қашықтыққа жолға шығатын кісі түнде оразаға ниет етпесе де болады. Алайда түнде ораза ұстауға ниет етіп, күндіз жолға шығуы қажет кісі бастаған оразасын бұзбағаны абзал. Ал қатты қиналған жағдайда оразасын бұза алады. Бұзған жағдайда кәффарат қажет емес. Тек қазасын өтейді. Бұған Жәбирден риуаят етілген мына хадис дәлел: «Алла елшісі (с.ғ.с) Мекенні азат етуге бет алған сапарында, Қураул-Ғамим деген жерге барғанша ораза ұстады. Жанындағылар да тегіс ауыз бекіткен болатын. Пайғамбарымызға (с.ғ.с): «Оразадан жұрт қиналып кетті, бәрі не істерін білмей сізге қарауда», – деген кезде, бір бақыр су алдырып екінті уақытында су ішті. Бұны жанындағыларға да көрсетіп істеді. Оразаға жанындағылардың көбі шыдай алмағандықтан, өзі оразасын бұзып, әрі басқаларға да бұзуды бұйырды. Осыған қарамастан әлдекімдердің ауыздарын ашпағандығы айтылғанда, «Олар бағынбағандар», – деді. (Муслим, Нәсай, Тирмизи).
Бұл жердегі оразаның бұзылуы соғыс жағдайындағы қиындыққа қатысты. Сондықтан қиын жағдайда ауыз ашуға рұқсат бар.
Шымкент қаласы орталық мешіті