Kabirge kuliptas koiu

Kabirge kuliptas koiu

بسم الله الرحمن الرحيم

الحمد لله رب العالمين

و الصلاة و السلام على سيدنا محمد وعلى آله وأصحابه أجمعين

Аса мейірімді, ерекше рақымды Алланың атымен бастаймын. Барша мадақ атаулы әлемдердің Раббысы Аллаға тән. Адамзаттың ардақтысы пайғамбарымыз Мұхаммедке оның отбасы мен сахабаларына салауат пен сәлем болғай! Адам дүниеден өткен соң тәні топыраққа жерленеді. Жерлеген уақытта қабірдің топырағы түйенің өркешіндей биіктікте ғана жерден көтерілуі тиіс. Қабір тек қана өз топырағымен ғана көміледі. Сырттан басқа топырақ қосу, үстін тегістеп, цементпен құю немесе түрлi майлы нәрселер жағу – мәкрүһ. Сахаба Жәбирден жеткен хадисте: «Пайғамбарымыз (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) қабірді көтеруден, үстіне отырудан, үстіне құрылыс салудан тыйды»[1], – деген. Шариғат бойынша қабірді жоғалтып алмау мақсатында үстіне белгі (құлпытас, ағаш) қойып, марқұмның аты-жөнін жазып қоюға рұқсат беріледі[2]. Өйткені пайғамбарымыз (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) өзінің сүт бауыры Осман ибн Мазунды жерлеп болған соң, қабірін оңай тауып алу мақсатында бір тасты көтеріп әкеліп, белгі үшін бас жағына қойған[3]. Өкінішке қарай, бүгінгі күні әсемдеп қабір тұрғызу, бей-берекет кесене салу үрдісі белең алуда. Негізінде мақтану, байлығын көрсету, бәсекелесу үшін кесене тұрғызу – харамға жатады. «Фатауа Һиндия» атты кітапта: «Егер бір адам өлместен бұрын өзіне мазар, кесене тұрғыз деп өсиет ететін болса, оның өсиеті орындалмайды[4]», – делінген. Өйткені қабір уақыт өте келе жермен тегістеліп кетуі тиіс. Қаншама қаржыға тұрғызылған мұндай кесененің марқұмға пайдасы мен сауабы тимейді, жай ысырап дүниеге айналады. Шариғатта қабірді басу күнә болғандықтан адам, жануар үстін таптамау үшін қоршалуына рұқсат етілген. Егер қабірстанның сырты толықтай қоршалса, онда марқұмның басына құлпытас, яғни белгі қоюмен шектелу керек. Ал қабірстан толықтай қоршалмаса, адам мен жануардың аяғына тапталмау үшін шектен шықпайтындай етіп қоршауға рұқсат беріледі. Кейбір ислам ғалымдарының пікірі бойынша ғұлама-ғалымның, ел билеген хан-сұлтандардың, би-батырлардың кесенесін көтеруге рұқсат берілген[5].

Үкім: – Қабiрді белгілеу үшін үстiне аты-жөні жазылған құлпытас немесе ағаш қоюға немесе тал егуге болады. – Қабір тапталмау үшін оны қоршауға рұқсат беріледі. – Құлпытас орнату мен қабірді қоршауда шариғат талабынан артық кету, ысырапшылыққа жол беру – харам.

http://fatua.kz/kz/post/view?id=823

By Редакция

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шымкент қаласы бойынша өкілдігі, Шымкент орталық "Halifa Al-Nahaian Aqmeshiti" мешіті. Мекен жайы: ҚР Шымкент қаласы, Темірлан тас жолы, н/з Тел: 8(7252)45-33-38