Бараат – күнәлардан тазарып, оттан құтылуға мүмкіндік беретін, дұғалар қабыл болатын, кері қайтарылмайтын берекелі түн. 

Бараат түні жайында Айша анамыз (одан Алла разы болсын) былай дейді: «Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Бұл түннің не түн екенін білесің бе?» – деп сұрады. Мен: «Алла және Оның елшісі жақсы біледі», – деп жауап бердім. Сонда Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Бұл – Шағбан айының он бесінші түні. Алла Тағала бұл түні құлдарына мейіріммен қарайды, кешірім іздеушілерге кешірім береді, кешірім сұраушыларға Өзінің мейірімін төгеді. Бірақ жүрегінде ашу-ызасы бар кісілерді мейірімсіз қалдырады әрі олар зұлымдықтан арылмаса, оларды жарылқамайды», – деді (Бәйһақи). Демек бұл түнде Алла Тағала кейбір адамдарды бақытқа кенелтіп, кейбірін мейірімінен ұзақтатады, бірінің дәрежесін көтеріп, бірін түсіреді, біреуін сыйлыққа жетелейді, тағы бірін одан құр қалдырады.

Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Бес түнді ұйықтамай құлшылықпен өткізген адам міндетті түрде жәннатқа кіреді. Олар – Тәруия, Арапа, Құрбан айт, Ораза айт және Шағбанның он бесінші түндері», – деген («Әт-тәрғиб уәт-тәрһиб», 2/98).

Бұл түндерді құлшылықпен ояу өткізу – мұстахаб. Сондықтан мұндай істерді жалғыз өткізген жақсырақ. Фиқһ ғалымдары қасиетті түндерде, мысалы Бараат түнінде мешітке жиналуды мәкруһ санаған. Хасан ибн Аммар Шурунбуләли (оны Алла рахмет етсін) бұл туралы: «Жоғарыда айтылған және басқа да қасиетті түндерді арнайы ғибадатпен өткізу мақсатында мешітке жиналу – мәкруһ. Өйткені Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) да, сахабалар да олай істемеген», – деп айтқан («Хашият ат-Тахтауи», 326). Дегенмен сахабалар, табиғиндер және одан кейінгі ғасырда өткен ғалымдар бұл түнді ұлықтаған және оған ерекше дайындық жасаған. Бараат түнінің берекесіне қол жеткізу үшін ғалымдар төмендегі істерге мән беруді айтқан.

  1. Құптан мен таң намазын жамағат болып оқу.

Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Бұл түні көктердің есіктері ашылады, періштелер мұсылмандарға сүйінші айтады, ғибадатқа шақырады. Бараат түнінде көп ғибадат жасаңдар! Әйтпесе Қияметте өкінесіңдер», – делінген (Нәсаи). Ең алдымен біз парыз намаздарды оқу, сосын сүннет және мұстахаб ғибадаттарды орындау арқылы Құдайдың осы бұйрығына құлақ түргеніміз жөн.

  1. Құлшылық етуге шамасы келмесе, жоқ дегенде күнә істерден арылу.

Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Бұл түні мұсылман туысымен байланысын үзгендер, өзін жоғары санағандар және ата-анасына қарсы шыққандар кешірілмейді», – деген (Бәйһақи).

Ата-ананы құрметтеу, туыстармен хабарласып, хал-жағдай сұрасу, науқас адамдардың көңілін сұрау, бала-шағаға өнеге болу арқылы да күнәлар кешірілуі мүмкін. Сондай-ақ біз кез-келген қастандықтан, арамдықтан, ашудан, мақтаншақтық пен өркөкіректіктен бас тартуымыз қажет. Әйтпесе Алла Тағала бізді тазарудан алыстатады.

  1. Тәубе ету және истиғфар айтуға көңіл бөліп, түрлі бидғаттардан сақтану.

Бұл түні мұсылман адам жыл бойы істеген ісін, өз өмірін бір ойлап көру керек. Егер өзінің іс-әрекетінде бір кемшілік бар екенін байқаса, Құдайдан кешірім сұрап, оны түзетуге тырысу керек. Егер біреуді ренжіткен немесе біреумен араз болса, бір-бірінен кешірім сұрап, бауырлар секілді достасу керек. Егер біреуден қарыз алып, себепсіз қайтармай жүрген болса, дереу қарызын қайтару жолын қарастыру керек. Қайтсе де Жаратқан Иемізге тәубе етіп, тура жолға түсуіміз қажет.

  1. Өзі және мұсылман үмметі үшін қайырлы дұғалар жасау.

Дұға – ғибадаттың мәйіегі. Алла Тағала пендесіне әрдайым дұға жасауды бұйырады. Осы түні дұғалардың қабыл болуы әбден мүмкін. Ендеше әрбір мұсылман бұл түнді бағалай білуі керек. Бұл түні мүміннің жүрегінде өзге адамдарға деген ашу-ыза болмау қажет, өзгелерді кешіріп, оларға жақсылық тілеуі тиіс.

  1. Шамасына қарай зікір айту, нәпіл намаз оқу, Құран тиләуат ету.

Бұл түнді зікірге арнаған өте жақсы. Әсіресе Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) салауат айту. Таһажуд немесе басқа да нәпіл намаздарды оқу құпталады. Нәпіл намаз жамағатпен оқылмайды, әркім өзі жеке оқиды. Ал Құран оқу осы түні атқарылар пайдалы құлшылықтың түріне жатады.

  1. Мүмкіндік болса, Шағбан айының он бесінші күні ораза тұту.

Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай деген: «Шағбан айының жартысы толған түнді құлшылықпен өткізіңдер. Күндіз ораза ұстаңдар. Өйткені Алла Тағала күн ұясына батқан шақта: «Кешірім тілеуші бар ма, кешірейін. Ризық сұраушы бар ма, ризық берейін. Ауру-сырқауға ұшыраған бар ма, шипасын берейін», – деп, таң шапағы атқанға дейін рақымын төгеді» (Ибн Мәжа). Бұл күні ораза тұту – мұстахаб. Ал ораза ұстамаған адам күнәһар болмайды.

Биыл Бараат түні 17 наурыздан 18 наурызға қараған түнге сәйкес келіп тұр. Алла Тағала бұл түнде орындаған барша құлшылықтарымызды, дұға-тілектерімізді қабыл еткей. Барша күнәмізден тазартып, Рамазан айына аман-есен жеткізгей!

 

Хасан АМАНҚҰЛ

By Редакция

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шымкент қаласы бойынша өкілдігі, Шымкент орталық "Halifa Al-Nahaian Aqmeshiti" мешіті. Мекен жайы: ҚР Шымкент қаласы, Темірлан тас жолы, н/з Тел: 8(7252)45-33-38