Terorizmmen kures ulttik tarbie

Terorizmmen kures ulttik tarbie

 

Қазіргі күні халықаралық терроризм өзінің қатыгездігімен, зұлымдығымен және ауқымдылығымен әлемдік қауіп-қатерге айналғаны белгілі. Түптеп келгенде терроризм идеологтары өз әрекеттері арқылы мәдениеттер мен діндердің арасына ғана емес, сонымен қатар мемлекеттер мен түрлі халықтар арасына да өшпенділік ұрығын егуде. Байыптап қарасақ, бұрындары саяси терро­ризм­нің мақсаты зорлық-зомбылық жасау емес, белгілі бір мәселелерге қатысты қоғамдық пікір қалыптастыру мақса­тымен бұқаралық ақпарат құрал­дарының назарын өзіне аудару болатын. Ал қазіргі дін атын жамылған терроризм зорлық-зомбылықты қасиетті парыз дәрежесіне дейін көтеруді, сол арқылы дінге кір келтіріп, адамдарды хақ жолынан бездіруді көздеп отырғаны байқалады. Террористердің қауіптілігі сонда – қой терісін жамылған қасқыр іс­петті, қасиетті Құран аяттарының (өз қажеттері үшін жұлмаланған) үзінділерін тілге тиек етіп, өздерінің көздеген арам пиғылдарын іске асыру үшін діни құндылықтарды бұрмалауда.
Ең өкінішті жағдай – дін негіздерін жаңадан таныған, өмірлік тәжірибесі жоқ жастардың «таза ислам» идеясы арқылы террорлық ұйымдардың тұзағына түсіп қалуы. Сондықтан бұл мәселе діни экстремизм мен терроризмнің себептері мен оған түрткі болатын жағдайларды анықтауға және жоюға бағытталған пәрменді шараларды жүзеге асыру міндетін алдыңғы қатарға шығарып отыр.
Шындығына келгенде, бүгінгі таңда орын алып отырған жарылыстар мен бұзғыншылықтардың артында дін дұшпандары тұрғаны анық. Олар Ислам дінінің «маскасын» киіп, жастарға теріс уағыз-насихат жүргізіп, олардың білімсіздігін пайдалануда. Яғни, жастарымыздың, түбі терроризмге апарар, адасушы жат ағымдарға кіріп кетуінің ең бірінші себебі – діни білімнің аздығы. Егер де әрбір мұсылман өз дінін үйреніп, одан кейін балаларына үйретсе, бұндай теріс ағымдарға кету күрт азаяр еді. Өйткені ата-баба дәстүрімен ажырамастай кірігіп кеткен атадініміз адам­­гершілік мұраттарын насихаттап, кемел адам болуға үндейді…
Ең әуелі «Ислам» және «терроризм» деген екі сөздің мағынасына үңілейік. «Ислам» сөзі (Аллаға) «мойынсыну, бағыну» және «бейбітшілік, тыныштық, амандық, есендік», деген мағыналарды білдірсе, «терроризм» – латынша «terror – қорқыныш, үрей» дегенді білдіреді. Яғни, екі сөз бір-біріне қарама қарсы мағынада…
Хақ дін Исламның басты қағидаттары – мейірім, әділдік, кешірімділік, жомарттық және жұмсақтық секілді құндылықтар. Жазықсыз адамдардың өмірлеріне қауіп төндіру тұрмақ, тірі жан иесіне қиянат жасау – Исламға жат. Атадініміз тыныштық пен татулыққа зарар келтіретін кез-келген іске қатаң түрде тыйым салады. Мысалы: Алла Тағала «Бақара» сүресінің 191-аятында «Бұзақылық – кісі өлтіруден жаман (ауыр)» деу арқылы бүлік шығарудың, адамдар арасын араздастырып, дұшпандық салудың күнәсі адам өлтіргеннен де ауыр екенін ескертеді. Ал «Ниса» сүресінің 93-аятында былай делінеді: «Кімде-кім бір мүмінді әдейіге өлтірсе, оның жазасы – ішінде мүлде қалатын тозақ болады. Сондай-ақ оған Алланың ашуы, қарғысы болады және зор қинау әзерленіп қойылған!».
Иә, асыл дінімізде нақақтан-нақақ, жазықсыз адамның өмірін қию – ең ауыр қылмыс, ең үлкен күнә болып саналады. Яғни, кісі өмірі – қасиетті, өте құнды. Құндылығы соншалық, Алла Тағала қасиетті Құранда бір адамға қиянат жасау, оны жазықсыз құрбан ету – күллі адамзатқа бағытталған қастандықпен тең екені, бұл күнәні істеген адамға бүкіл адам баласын өлтіргендей күнә жазылатыны анық айтылады: «…«Бұрын өзі адам өлтірмеген, жер бетінде бұзақылық жасамаған нақақ адамды өлтірген адам – барлық адам баласын өлтіргенмен тең, ал бір адамды тірілтсе (өлімнен құтқарса), ол – барлық адамды тірілткенмен бірдей болады»… («Мәида» сүресі, 32-аят. )
Жалпы, білімнің мақсаты – адамның көзін ашу. Сондықтан зайырлы білім де, діни білім де адамды дұрыс жолға ба­ғыт­тап, ойдан шығарылған қате наным-сенімдерге еріп кетпеуіне күш салуы қажет. Әл-Фараби атамыз айтқан «тәрбиесіз білім апатқа апаратынын» есте сақтай отырып, беріліп жатқан білімнің халық игілігі үшін жұмсалуын қадағалау керек. Ғаламтор желісінен экстремистік контенттерді бұғаулау, азаматтардың діни білім алу мәселелерін реттеу, жастардың әлеуметтік-экономикалық мәселелерінің шешімін табуға тырысу, экстремистік әрекеттері үшін жазаларын өтеп жатқан және экстремистік ағымдардан зардап шеккен жандарды оңалту секілді іс-шаралар – күн тәртібінен түспеуі тиіс істер.
Әсіресе жастардың дін­и және құқықтық сауа­тын көтеру, олардың бойына адамгершілік құндылықтарын сіңіру және теріс идео­логияларға қарсы тұра алатын иммунитет қалыптастыру – кезек күттірмейтін мәселе. Бұл тұрғыда дәстүрлі діни мектепті жаңғыртудың маңызы зор. Ұлттық танымды, ұлттық ділді бойына сіңірген ұрпақ ұрдажық қадамға бара қоймайды. «Обал болады» деп, құмырсқа екеш құмырсқаны абайсызда басып кетуден сақтанып жүретін қазақы мінезді бойына дарытып өскен баланың адам баласына қару кезенуі – беймүмкін нәрсе. Ол үшін, әсіресе, мектеп бағдарламасында ұлттық дәстүрді түсіндіру, жыраулар мен ақындардың, ұлт данышпандарының еңбектерін таратып, түсіндіріп оқыту жолға қойылса, ұлттық әдептілік қағидаттары үйретілсе және отбасылық құндылықтар насихатталып отырса, құба-құп болар еді.
Қайталап айтамыз: баланың өзге ағымға кетіп қалуына бірінші кезекте ата-аналар жауапты. Жасыратыны жоқ, қазір көптеген жұмысбасты ата-аналар балаларының тәрбиесіне немқұрайлы қарайды. Тіпті, намаз оқи бастаса да, «қалай оқып жүр, қайда барып жүр екен» деп қызығушылық танытып, қадағаламайды. Ал бақылаусыз кеткен баланың дәстүрлі емес діни ағымдағылардың қақпанына түсіп қалу мүмкіндігі өте жоғары. Ал кейбір ата-аналар исламофобия үрдісіне еріп, баласын мешітке жолатпайды. Бұл да – қате қадам. Өйткені, баланың ішкі ізденісі дұрыс жолмен қанағаттандырылмаса, ол басқа жол іздейді. Яғни, ресми мекеме болып табылатын мешіттен білім алмаған бала «интернет ұстаз» тауып алады. Ал ол ұстаздардың «шәкірттерінің» қайда барып жатқаны баршамызға аян…
Жалпы, экстремизм мен терроризм түрлі идео­логиялық және саяси доктриналарды, он­ың ішінде діннің атын жамылып әрекет ететіндігін ұмытпағанымыз жөн. Сондықтан біз, Елбасымыз айтқандай, «терроризмммен күресеміз деп, Исламмен күресіп кетуден» сақ болуымыз керек. Осы орайда Елбасымыздың 2017 жылғы 31 қаңтардағы «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында айтылған «…Діни экстремизмді насихаттаудың алдын алу, әсіресе интернет пен әлеуметтік желіде оның жолын кесу жұмысын жүргізу керек. Қоғамда, әсіресе, діни қарым-қатынас саласындағы радикалды көзқарасқа байланысты кез келген әрекетке «мүлде төзбеушілікті» қалыптастыру керек. …Өскелең ұрпақты рухани-адамгершілік рухында тәрбиелеу үшін қосымша қадамдар жасау керек. Бұл іске мемлекеттік емес секторды және діни бірлестіктерді белсенді түрде тарту қажет» деген сөздерін басшылыққа ала отырып, пәрменді іс-шараларды атқару қажет. Иә, бұл істе жұмыла жұмыс атқару өте маңызды. Аталарымыз айтқандай, «Дін ұстана білсең – қасиетің, ұстана алмасаң – қасіретің!» Дін ғұламалары да «Дін дегеніміз – қылыш сияқты өткір нәрсе, ұстай алмасаң өз қолыңды кесесің» деп ескертіп кеткен. Сондықтан тәрбиелі, жасампаз ұрпақ қалыптастыру мақсатында, қоғамымызды ізгілендіру мақсатында орта жолды ұстанған, өркениетке бастайтын алтын қазығымызды – аталарымыздың дәстүрлі бағыттағы дінін насихаттау – кезек күттірмейтін іс. Өйткені, діни ахуалға бей-жай қарау – болашаққа жауапсыз қараумен бірдей болмақ…

Нұржан Таласұлы
Алматы қаласы «Таугүл-3» мешітінің бас имамы

By Редакция

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шымкент қаласы бойынша өкілдігі, Шымкент орталық "Halifa Al-Nahaian Aqmeshiti" мешіті. Мекен жайы: ҚР Шымкент қаласы, Темірлан тас жолы, н/з Тел: 8(7252)45-33-38