Бүгін, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Шымкент орталық мешіті  мен  «Қаратау» дәстүрлі өнер мектебінің ұйытқы боуымен  «СӨЗ ТҮЗЕЛСЕ …» атты аймақтық асабалар семинары ұйымдастырылды. 

Тұңғыш ұйымдастырылған басқосуға Шымкент қаласының бас имамы Бақдаулет Абдрахманов, дінтанушы-магистр Мұхамеджан Естеміров, Түркістан облыстық «Түркістан – Ахмет Ясауи» мешітінің найб имамы Самат Анарбаев, найб имам Мұсабек Ақтамберді, Әл-Фараби ауданының бас имамы Ахметжан Керімбек, дінтанушы Азамат Әбікерімұлы, Шымкент қаласы «Қаратау» дәстүрлі өнер мектебінің директоры ақын Біржан Байтуов, белгілі ақын Қажымұқан Абзал, «Шаншар»  және «Алдараспан» әзіл-ысқақ театрының әртістері мен оңтүстікке белгілі асабалар қатысты.

Басқосу аясында үйлену той, сүннет той, беташар,  бесік тойларда болып жатқан түрлі келеңсіз, ұятты һәм анайы шоулар, өрескел кемшіліктері болдырмау, алдын алу, той мәдениетін қалыптастыру, той-жиындарды жүргізуші асабалардың жүріс-тұрысы мен дұрыс сөйлеу мәдениеті сынды тақырыптар қозғалды.

Аймақтық семинар қасиетті Құран оқумен басталды. Семинарды белгілі ақын Біржан Байтуов ашып, жүргізіп отырды. Әуелгі сөз шаһардың бас имамы Бақдаулет Нұрматұлы сөз алып, асабаларға «Ақида һәм ұлттық салт-дәстүр» тақырыбында қысқаша баяндама оқыды. Осыдан кейін, Азамат Әбдікерімұлы мен Самат Анарбаев той мәдениеті мен тойдағы кемшіліктер туралы баяндамамен бірге бейнероликтер көрсетілді. Осыдан кейін, дінтанушы Арыстан Оспаов,  Мұхамеджан Естеміров пен ақын Қажымұқан Абзал, т.б. асабалардың ұсыныс-пікірлері тыңдалды.

Өздеріңізге белгілі, марқұм, бұрынғы мүфти Әбсаттар қажы Дербісәлі хазреттің тұсында Түркістан арақ-шарапсыз қала деген үндеу жария етілген еді. Бүгінде зиялы қауым өкілдері мен жеке кәсіпкелер арасында үлкен қолдауға ие болып келеді. Бүгінгі семинарға қатысушылар тарапынан ерекше рухани бастама көтерілді. Жалпы, Түркістанда Қ.А.Яссауи, ал  Шымкентте Ибрахим ата мен Қарашаш ана кесенелері бар. Демек қос шаһар, құстың қос қанатындай киелі мекен болып саналады. Яғни, салауатты өмір салтын қалыптастыру, ұрпақ амандығы мен тәрбиесіне байланысты Шымкент қаласын рухани тұрғыдан «Шымкент —  арақ-шараптан ада шаһар» атты игі бастамаға жария етілді.

Семинар барысында зиялы қауым өкілдері мен дін өкілдері және той-жиын жүргізетін асабалар алдағы уақытта жиі кездесіп, түрлі деңгейдегі шаралар өткізге бірауыздан уағдаласты. Және жиын барысында Шымкент қаласы мен Түркістан  облысы бойынша «Асаба кеңесі» құралатын болып шешілді.

Айта кетсек,  рухани шара жоспарына сәйкес, өткен жылы ашылған «Қаратау» дәстүрлі өнер мектебінің тыныс-тіршілігімен танысу болып өтті. Оны аталмыш орданың директоры белгілі ақын Біржан Байтуов таныстырды. Мұндай ұлттық негізге арналған дәстүрлі өнер мектебі әзірге тек Шымкентте ғана бар.

 ҚМДБ-ның Шымкент қаласы бойынша баспасөз қызметі

By Редакция

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шымкент қаласы бойынша өкілдігі, Шымкент орталық "Halifa Al-Nahaian Aqmeshiti" мешіті. Мекен жайы: ҚР Шымкент қаласы, Темірлан тас жолы, н/з Тел: 8(7252)45-33-38