Бүгін, Шымкент орталық мешітінде «Ислам – ынтымақ пен бірлік діні» атты жеті бағытқа арналған жоспарлы семинары ұйымдастырылды.
Айтулы басқосуды Шымкент қаласының бас имамы Бақдаулет қажы Абдрахманов ашып, ҚМДБ-ның 2022 жылға арналған жеті бағыт жұмыстар туралы жан-жақты таныстырды.
Сондай-ақ, семинар барысында Шымкент қаласының әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқанның атынан қалалық Дін істер басқармасының басшысының орынбасары Ғалымжан Тахирұлы қатысып, сәлемін жеткізіп, өткен жылғы бірлескен нәтижелі жұмыстарға оң баға беріп, ризалығын білдіріп, екі жақты бірлескен жұмыстар туралы баян етті. Осыдан кейін қалалық мешіттің найб имамы Мұсабек Ақтамберді өкілдіктің 16 сала бойынша бекітілген мамандардың міндеттерін айқындап, атап өтті. Ал найб имам, дінтанушы-магистр Мұхамеджан Естеміров жуырда ҚМДБ тарапынан қабылдғанған 2022 жылғы «Айтулы шаралар – 2022», «Негізгі жұмыс жоспары» және «Жылдық жұмыс» жоспарларын түсіндіріп, таныстырды. Семинар барысында қатысушылар тарапынан қойылған сұрақтарға тұщымды жауаптар берілді.
Айта кетсек, басқосу аясында Шымкент қаласының бас имамы Бақдаулет қажы Нұрматұлы жеті бағытқа қатысты сала мамандары мен қаладағы Абай, Әл-Фараби, Еңбекші және Қаратау аудандық мешіт имамдарына бірлесіп, нәтижелі жұмыс жасауды тапсырды.
ҚМДБ-ның Шымкент қаласы бойынша баспасөз қызметі