Қасиетті Мәуліт айында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Түркістан облыстық мешітінде қызмет атқаратын дінтанушы-магистр Мұхамеджан Естеміровтың «Қожа Ахмет Яссауи һәм Ихсан ілімі» атты кітабы жарық көрді.
Өздеріңзге белгілі, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы «Рухани тәрбие – Ихсан ілімі» атты тұжырымдамасын барша қауымға ұсынған болатын. Осы игі бастама аясында көпшілікке түсінікті әрі ыңғайлы болуы үшін Қожа Ахмет Яссауи бабамыздың өнегелі өсиет сөздерін және рухани тәрбие – Ихсан ілімі жөнінде қажетті дүинелер қамтылған еңбек жарыққа шықты.
Кітаптың алғы сөзін шығыстанушы-ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор ҚМДБ-ның бұрынғы Бас мүфти болған марқұм Әбсаттар қажы Дербісәлі хазрет жазған болатын.
Айта кетсек, кітап авторы Мұхамеджан Естеміровтің бұған дейін «Әл-Фараби өсиеттері», «Хәкім Абай һәм Ихсан ілімі», «Елбасы», «Дінбасы», «Ғибратнама», «Мұхтасар», «Намаз үйренейік», т.б. бірнеше кітаптары мен ғылыми көпшілік мақалалары жарық көрген.
Аталмыш еңбектің жарыққа шығуына қолдау білдірген Данияр Сембиевке және кітап редакторы Исламқұл Иманқұлұлына Алла Тағала разы болсын! Кітапты Түркістан қаласы «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейіне, «Әл-Фараби» кітапханасы мешіттер мен медресе кітапханаларына үлестіріледі.
ҚМДБ-ның Шымкент қаласы бойынша баспасөз қызметі