Мұсылмандардың жыл санағы Пайғамбарымыздың Меккеден Мәдинаға хижрет (қоныс аударған) еткен күнінен басталады.  Хижра сөзі араб тілінде «көшу», «қоныс аудару», «тастап кету» деген тәрізді мағыналарды білдіреді. Хижра жылының Ислам тарихында өзіндік ерекше орны бар. Осыған орай бұл жыл санағын «Хижри жыл» деп атаған. Бұл кезең милади 622 жылды көрсетеді. Дегенмен Пайғамбарымыз (с.а.у.) неге өз ата жұртын тастап, басқа қалаға көшті? Өйткені, Меккелік мүшриктер Аллаға иман келтірген мұсылмандарға тыныштық бермеді, оларға қысым жасағандарын доғармады. Міне, осыдан барып пайғамбарымызға көшу керек болды. Бұл мұсылмандар үшін ерекше күн болды. Осының нәтижесінде хижра жылы қалыптасты. Хижра жыл санағы айдың қозғалысына қарай есеп жүргізіледі. Сондықтан да «Қамари жылы» деп те аталған. Айға қарап күнтізбені есептеудің де өзіндік негіздемесі бар. Өйткені Құран Кәрімде былай баяндалған: «Ол сондай Алла, күнді жарық, айды нұр етіп жаратты да оған (айға) жылдардың сандарын, есептерін білулерің үшін орындар белгіледі. Алла, бұларды шындықпен ғана жаратты. Алла, білетін ел үшін; аяттарын ашық-ашық баян етеді». (Жүніс сүресі, 5-аят) Хижри күнтізбесі Милади күнтізбесі сияқты 12 айға есептеледі. Бұл жайында Құран Кәрімде былай делінген: «Расында, Алланың қасында көктер мен жерді жаратқалы Алланың кітабындағы айлардың саны он екі. Бұлардың ішінде төртеуі харам айлар. Міне осы тура есеп» (Тәубе сүресі 36-аят). Осы тұста айта кету керек осы аятта айтылғандай «Шәһрун» (ай) сөзі 12 рет кездессе, «әл-яум» (күн) сөзі де 365 рет, «әл-әйям» (күн сөзінің көпше түрі) яғни бір айда келетін күндердің саны 30 рет келтірілген. Мұның барлығы бір жылда қанша ай, қанша күн бар және әр ай қанша күннен тұрады, соның айғағы. Хижри жыл санағының басы Мұхаррам айы, соңы Зилхиджа айымен аяқталады. Бұл айлардың атауына тоқталсақ: Мұхаррам, Сапар, Рабиул-әууәл, Рәбиул-ахир, Жәмазиләууәл, Жәмазилахир, Режеп, Шағбан, Разаман, Шәууәл, Зилқадә, Зилхиджа. Мұның ресми түрде хатқа түсірілуі екінші халифа Әзіреті Омардың (Алла оған разы болсын) еншісіне тиді. Яғни, хижра жылының 16-жылында Мұхаррам айында ресми түрде енді. Қазіргі күннің өзінде «хижри» және «миләди» деп аталуы осының айғағы. Әсіресе, бұл жыл аттары мұсылман елдерінде жиі қолданылады. Тіпті кейбір арабша кітаптарда Ислам ғұламаларының туған жылдары мен қайтыс болған күндері тек хижри жылымен ғана көрсетілген.

Хижри айлар белгілі мезгілде тұрақты қалыптаспаған, олар жылдың төрт мезгілінде де келе береді. Мысалы, Рамазан айы, Құрбан айт мерекесі бірде қыс айларында келсе, кейде жаз айына да кезек беріп отырады. Өйткені Хижри жыл санағы айдың қозғалысына қарай есептеледі. Егер бұларды есептесек, жыл бойы кезектесіп келетін айлар дәл бір уақытқа, яғни дәл сол айға қайта айналып келуі үшін отыз үш жыл уақытты талап етеді екен.

Болатов Айдос Шымкент қаласы, «әр-Рақиб» мешітінің имамы

By Редакция

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шымкент қаласы бойынша өкілдігі, Шымкент орталық "Halifa Al-Nahaian Aqmeshiti" мешіті. Мекен жайы: ҚР Шымкент қаласы, Темірлан тас жолы, н/з Тел: 8(7252)45-33-38