Алланың елшісі (с.ғ.с.): «Дүниедегі нығметтердің бәрі де уақытша, өтпелі. Дегенмен, солардың ең жақсысы – ізгі әйел», – деп ескерткен.[1]
Яғни, Алла Тағала пендесіне нәсіп етер нығмет атаулының арасындағы ең жақсысы, қайырлысы иманды, ізгі жар екенін көреміз. «Жаман еркекті хан қылатын да, жақсы еркектің басын даң қылатын да – әйел» екені ақиқат. Әзиз пайғамбарымыздың (с.ғ.с.): «Үмбетімдегі еркектер үшін әйелден өтер ауыр сынақ қалдырған жоқпын!»[2] – деп өсиет айтуының да сыры осында болса керек. Сондықтан, кімге жақсы әйел секілді ұлы нығмет бұйырған болса, соның қадірін біліп, Аллаға шүкір етпегі лазым!
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) және былай деген: «Әйелге үйленерде төрт қасиетіне назар аударылады. Олар – дүние-мүлкі; тектілігі; көркі; діндар, тақуалығы. Егер үйленбек болсаң, тақуа әйелді таңдағаның дұрыс. Олай етпесең, өкініште қалуың мүмкін!»[3]
Бұлай айтылуының өзіндік себебі бар. Егер әйелге дүние-мүлкі үшін үйленер болсаң, күндердің күнінде оның байлығы түгелсе, сенің де оған деген көңілің суй бастауы ғажап емес. Және, байлықтың буы сені шайтанға ілестіріп, Алладан алыстатып қоюы әбден мүмкін. Егер тектілігі үшін үйленсең, бір анадан ала да, құла да туатынын есте ұстағаның жөн болар. «Жаманнан туған жақсы бар – адам айтса нанғысыз, Жақсыдан туған жаман бар – бір ауыз сөзге алғысыз» дейді халық даналығы. Оған қоса, жарыңның тектілігі сенің иманыңның кемелденуіне, жәннатқа жетуіңе кепіл бола алмайды. Егер әйелдің көркі үшін үйленбек болсаң, біл, Алланың жаратылыстары бірінен-бірі өткен сұлу, көркем. Уақыт-сәті келіп, жұбайыңның жүзінен әр тайғанда, сенің көңіліңдегі сүйіспеншілік те суалуы ғажап емес. Сонда қайтпексің?! Сүйікті пайғамбарымыз (с.ғ.с.):
«Алла сендердің мүсіндеріңе, келбеттеріңе қарап емес, жүректеріңе қарап бағалайды», – деп ескерткен.[4]
Ал, әйелдің тақуалығы үшін үйленсең, өзіңнің де иманың кемелденуіне себеп болады. Бір ғана Жаратушы Иеге тәуекел ететін, Алла тағдырды даналықпен белгілегеніне иман келтіретін жарың тірліктің сан түрлі қиындығын жеңіп шығуыңа септеседі, перзенттеріңе дұрыс тәрбие береді, қолқанатың болады. Сондықтан, пайғамбарымыз (с.ғ.с.) діндар, тақуа әйелдердің басқалардан абзал екенін айтып, сондайларға үйленуге кеңес берген.
Алланың елшісі (с.ғ.с.) жарық жалғандағы Алланың берер жақсылықтарын санамалай келе былай деген: «Бақытты өмірдің төрт көрсеткіші бар. Олар – ізгі әйел, кең үй, жақсы көрші және жолда қалдырмас көлік. Сол сияқты, бақытысыздықтың да төрт сипаты бар. Олар – жаман әйел, нашар көрші, жарамсыз көлік және тар үй».[5]
Жақсы жар, ізгі әйел – дүниелік нығметтердің ең жақсыларының бірі екені жайлы айтылған хадистер көптеп саналады. Мұның бәрі де мұсылман пенде жар таңдағанда ең алдымен әйелдің имандылығына, тақуалығына баса мән бергені жөн боларына нұсқайды. Сонымен қатар, мұндай хадистер мұсылман әйелдің бойында қандай қасиеттер болуы керек екенін, Алланың разылығына жету үшін, күйеуінің алғысына бөлену үшін әйел заты қандай сипаттарды иеленуі керек екенін көрсетеді. Сондықтан, жақсы жар болуды қалайтын әйелдер осындай хадистерде, аяттарда айтылған жақсы қасиеттерді өз бойына жинамағы лазым!
Мұсылман қарындасым!
Қасиетті Құран аяттарында, сүйікті пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өсиет хадистерінде сенің жақсы, ізгі, бақытты жар болуыңа септесетін қасиеттердің бәрі айтылған. Тек, соған шүбәсіз сеніп, құдіреті күшті Аллаға тәуекел етіп, өзіңді тәрбиелеуге тырысуың керек. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) айтқандай, «Білімге оқу, іздену арқылы қол жеткізе аласың. Ал, парасаттылыққа сабыр арқылы жетесің. Кім әлденені иеленуге әрекет етсе, түбінде соған ие болады».[6] Ендеше, әлемдерді Жаратушы Иенің өзі мақтап-мадақтаған қасиеттерге, сипаттарға ие болуға ұмтылсаң, Алланың қалауымен мұның бәрі де өн-бойыңнан табыларына сенемін!
[1] Хадисті Абдуллаһ ибн Әмірден (р.а.а.) Имам Мүслим риуаят еткен.
[2] Имам Бұхари риуаяты.
[3] Хадисті Имам Мүслим риуаят еткен.
[4] Имам Мүслим риуаяты.
[5] Хадисті Хәкім риуаят еткен.
[6] Бұл хадисті Дарақутни риуаят еткен.
Шымкент қаласы орталық мешіті