Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы қасиетті Қадір түнінде отандық телеарналар мен «Халық арна», «Хикмет ТВ» және muftyat.kz, iman.kz сайтының әлеуметтік желідегі парақшаларында арнайы онлайн бағдарлама ұйымдастырады. 

Араб тіліндегі «қадр» сөзі «мән-маңыз», «өлшем» деген мағыналарды білдіреді. Сонымен қатар, «құдырет» мағынасын қамтиды.

Қадір кеші жөнінде пайғамбарымыз Мұхаммед салаллаһу әлайһи уасаллам былай деген:  «Кім қадыр түнін сенімімен, артының қайырлы болатынынан үміт артып өткізсе, оның бұрынғы барлық күнәсі кешіріледі»- деген.

Қадір түні Рамазан айының соңғы онкүндігінің бірінде өтеді. Ислам ғұламаларының пәтуасы  бойынша Қадір кеші Рамазан айының 26 -нан 27 – не қараған түні деп белгіленген. Биыл Қадір кеші мамырдың 8-нен 9-на қараған түнге сәйкес келеді. Осы кеште барлық періштелер жер бетіне ізгі амалдар үшін жіберіледі.

Бұл кеш – жасаған әрбір ізгі амалдар мен құлшылықтардың, қайырымды істердің сауабы мың еселеп жазылатын түн. Және де мың айдың сауабын нәсіп етеді. Құранның Қадір сүресінде бұл айдың мың айдан қайырлы екендігі кеңінен айтылған. Мың ай, бұл 83 жыл, 4 айға тең.

СОНДАЙ-АҚ, ҚАСИЕТТІ ҚАДІР КЕШІНДЕ МЫНАДАЙ ОРЫНДАЙТЫН АМАЛДАР БАР:

  • Сол күні кешкі ауызашарда дұға-тілек ету;
  • Құптан намазында 20 бас тарауих намазын оқу;
  • Құран, Хадис кітаптарын оқу. Немесе пайғамбарымыздың өмір тарихын оқу;
  • Қадір кешінде таң атқанға дейін төрт рәкәт нәпіл намазы оқылады. Бұл төрт рәкәт намазға былайша ниет етіледі: «Я Раббым! Ниет еттім Рамазан айы, Қадір кешінде нәпіл намазын оқу үшін». Бұл намаздың оқылу тәртібі: Бірінші рәкәтта «Фатиха» сүресі, бұдан кейін үш рет «Қадыр» сүресін оқу. Екінші рәкәтта «Фатиха» сүресінен кейін үш рет «Ықылас» сүресін оқу, үшінші, төртінші ракаттарда жоғарыдағыдай етіп оқу керек. Немесе өзі білетін өзге де сүрелерді оқи берсе болады. Осы намазды оқып болған соң Алла Тағаладан өзімізге барша адамзатқа, отбасымызға амандық, ризық несібе тілеп, бұл дүниенің және ахыреттің барша жамандығынан аман болуды тілеу қажет.
  • Тәспі тарту;
  • Қадір кешінде «Таһажуд», «Қажет» намаздарын оқуға болады. Бұл намаздар 4 бас етіліп оқылады.
  • Қадір кешін мүмкіндігі болғанша ұйқысыз өткізу қажет. Алайда, бұл ұйықтап қалған жағдайда күнә саналмайды.
  • Қадір кешінде ұйықтамаса болды екен деп, уақытты құмар ойындарын ойнап немесе жағымсыз кинолар көріп, бос өткізу күнә болып саналады.

         Осындай мүбарак кеште ата-ананы, алыс-жақын ағайын бауырларды, дос-жарандарды құттықтап, арнайы сый-сияпат беріп,  көңілдерін көтеру – ең жақсы амалдардың қатарына жатады.       Мың айдан да қайырлы Қадір түнінде тілеген тілектеріміз бен құлшылықтарымызды  Алла Тағала қабыл еткей! Әмин!

Мұхамеджан Естеміров,ҚМДБ-ның Шымкент қаласының бас имам орынбасары

By Редакция

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шымкент қаласы бойынша өкілдігі, Шымкент орталық "Halifa Al-Nahaian Aqmeshiti" мешіті. Мекен жайы: ҚР Шымкент қаласы, Темірлан тас жолы, н/з Тел: 8(7252)45-33-38