Негізі, біз мынаны түсінуіміз керек: құлшылық – бізге керек; иманымызды, мұсылманшылығымызды, Адамшылығымызды сақтап қалу үшін керек!.. Осы арада оразаның тағы бір үлкен мақсаты ортаға шығады: ораза ұстау арқылы адам баласы өз нәпсісін тізгіндеп, тәрбиелейді. Өйткені тәрбиеленбеген нәпсі иесін жамандыққа, күнәға бастайтыны Құран аяттарында анық айтылады. Ал, «нәпсі» дегенде әуелі адамның ұйқы, тамақ, жыныстық құмарлық секілді тән қалаулары айтылады. Сонымен бірге, осы тәнге байланудан туындайтын менмендік, өзімшілдік сезімі; тәкәппарлық, көреалмаушылық, мақтаншақтық, ызақорлық, өшпенділік, жалқаулық сияқты жағымсыз құлықтар да – нәпсінің мазмұнын құрайды. Ғалымдар: «Бір бойында жан мен тән, ақыл мен нәпсі, иман мен күпірлік сияқты қарама-қайшы қасиеттер тоғысқан адам баласының рухани жетілуі – нәпсісін тізгіндеу арқылы, сол нәпсі қалауын қаншалықты басқара алатындығына сәйкес өседі. Керісінше, нәпсінің әуесіне еру – иманды әлсіретіп, рухты жұтаңдатады; оған толық бағынудың соңы – апат», – дейді. Ал енді байқап қарасаңыз: біз көбінесе тәніміздің қалауын күйттеуге бейімбіз. Мәселен, ұйқымыз келсе – ұйықтай саламыз, қарынымыз ашса – ас-суын тосамыз, ашулансақ – арындап кетеміз… Бұның бәрі біздің нәпсімізді семіртіп, өзімшілдігімізді арттыра түспек. Ал «мен, мен!» деп кеудесін ұрған нәпсі, Жаратушы бұйрығын орындамақ тұрмақ, өзі Құдай болғысы келеді… Сол себепті ардақты Пайғамбарымыз (Ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын!) бір хадисінде: «Сіздердің ең үлкен дұшпандарыңыз – нәпсілеріңіз» (Бәйхаки жеткізген) десе, келесі бір хадисінде нәпсімен күресті «үлкен жиһад» деп атаған… Мінеки, оразада осы нәпсі тізгінделеді: ішіп-жеуден ғана емес, артық сөзден, ашудан да тыйылады; тыйып үйретеміз. Хадисте былай делінеді: «Ораза қалқан саналады, сендерден кім ораза ұстаса, ол күні өзін барлық әдепсіздіктен сақтасын және даусын көтермесін, егер оны біреу ұрысса немесе онымен таласқысы келсе, ол кісіге: «Расында, мен ораза ұстаушы адаммын!», – деп айтсын…» (Бухари, Муслим жеткізген)
Иә, біз ораза кезінде ақылымыз, иманымыз арқылы нәпсімізді бағындырып, одан үстем болып үйренеміз. Нәпсімізді атқа теңесек, Рамазанда оны ерттеп мінгендей боламыз; ал басқа айларда атты өзіміз арқалап жүргендейміз бе?..
muftyat.kz