Мұхамеджан Естеміров, Шымкент қаласы бас имам орынбасары
Еліміз сан ғасырлар бойы сан түрлі ұлттар мен халықтарға қорған болып, бірліктің қарашаңырағына айналды. Бүгінде діни сенімі мен мәдениеті алуан болғанымен, достық диалогынан, конфессияаралық келісімінен айнымаған еліміз әлемдік дәстүрлі діндердің заңдық құқықтарын да айшықтап берді. Елбасы Жарлығымен құрылған Қоғамдық даму министрлігі де осы мемлекеттік маңызы зор мақсат жолында құрылды.
Елімізде ресми тіркеуде бар барлық діндердің рухани мұрасын құрметтеу, әр азаматтың сенім бостандығына қол сұғуға жол бермеу заңмен қорғалады. Бүгінгі күні республикада дінге деген көзқарас орнығып, оған деген талап-тілек күшейіп, атқарар міндеті артуда. Бәрімізге белгілі, дін – өзара тұтастықты, ауызбірлікті, қоғамдық келісімді нығайтушы фактор. Оның үстіне елімізде түрлі конфессия мен этникалық топтар өмір сүріп жатыр. Біз осы үлгі арқылы дүниежүзіне танылып отырмыз десем, артық айтқандық емес. Президентіміз Н.Назарбаев Қазақстандағы конфессияаралық келісімді сақтап қана қоймай, дүниежүзіндегі дәстүрлі діндердің татулығын сақтау жолында да аянбай еңбек етуде. Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің Съезі Елбасының бастамасымен Қазақстанның Астана қаласында үш жылда бір рет өтуде. Дәл қазір еліміздегі дін саласындағы мәселелер дұрыс шешімін тауып қана қоймай, дұрыс бағытта дамып келе жатыр деп айта аламыз.
Жыл өткен сайын
мұсылмандықтың дұрыс жолын ұстанатындардың, оның ішінде жастардың қатары
артуда. Білместікпен ислам атын желеу еткен басқа ағымға ергендер райларынан
қайтуда. Имандылыққа қараған бірқатар бақуатты азаматтар өз қаржыларымен
мешіттер тұрғызып, оны ҚМДБ-ның меншігіне өткізуде. Министрлік Қазақстан
мұсылмандары діни басқармасымен бірлесіп, діни тұрғыда білім беруді жетілдіруді
қолға алды. Қазір мешіт имамдарының білімі таяз деген пікірлер айтылады. Діни
мамандардың білімін толықтыру мақсатында әрі экстремизмнің алдын алу үшін «Нұр
Мүбарак» университеті жанынан Қайта даярлау институты құрылған болатын. Бүгінде
мұнда жүздеген иамам мен теолог-мамандар білімін жетілдірді. Бұл не үшін керек?
Бейресми мәліметтерге сүйенсек, елімізде 16 мыңға жуық адам жат діни ағымдарға
кіріп кеткен. Олар өз еркімен кірді ме, әлде бәзбір арнайы топтардың алдап-арбауымен
өтіп кетті ме? Өмірден баз кешіп, түңіліп жүрген жандарды үгіттеу қиын емес.
Жылы сөзге жан семіртіп жүріп, пиғылы басқа ағымның ортасынан бір-ақ шыққанын
білмейтіндер қаншама? Ал, оларды бұл ортадан қалай аман алып шығамыз? Әрине, ол
үшін сол адасқан адамдармен жан-жақты сөйлесетін сауатты, білімді, білікті
имамдар, теологтар қажет. Бұл жауапты міндетті өз мойнына алған Экстремизмнің
алдын алу саласындағы мамандарды қайта даярлау институтының ісіне сәттілік
тілейміз. Қазіргі кезде институтта 45 теолог 2-айлық біліктілігін арттыру
курстарынан өтіп отыр.
Жалпы,
2017-2018 жылдар аралығында 5 520 имам мен теологтар білімін жетілдірген
болатын. Осы жұмыстардың нәтижесінде имамдардың қоғамдағы рөлі артып,
деструктивті діни ағымдарға қарсы жұмыстың деңгейі де көтерілді.
Қазақстан халқы шынымен бақытты. Өйткені, біз бір шаңырақтың астында үлкен бір отбасыдай ынтымақта тұрып жатырмыз. Себебі, бейбітшілікте өмір сүру, жауласудан әлдеқайда артық. Осы орайда жергілікті билік тарапынан діни бірлестіктерге көрсетілетін көмек-қолдауға, шынайы көңілге алғысымды білдіргім келеді. Конфессияаралық келісімнің мықтылығын дәлелдейтін түрлі іс-шараларды, акцияларды өткізуде діни бірлестіктер мен атқарушы билік жақсы тіл табысып, бірлесе жұмыс істеуде. Бұл игілікті істердің нәтижесін жұртшылық өз көзімен көріп отыр.
Аталарымыз айтады: «Бір күн ұрыс шыққан жерден қырық күн ырыс кетеді, бір күн бүлік шыққан жерден қырық күн береке кетеді» деп. Осыны ұмытпауымыз керек. Елбасымыз айтқандай, біздің басты байлығымыз – тұрақтылық. Сондықтан ел ішіндегі тыныштықты, ырыс-берекемізді көздің қарашығындай сақтауға тиіспіз. Бұл – мемлекеттің ғана емес, бәріміздің ортақ міндетіміз. Дін – саясаттан бөлек, мемлекеттен бейтарап болғанмен, рухани құндылық ретінде ажырай алмайды. Елімізде діни конфессия өкілдерінің бір шаңырақтың астында ауызбірлікте өмір сүруі — ең негізгі мақсат. Біз өзге дін өкілдерін сыйлай отырып, ата дін — Ислам дінін ізгілік пен мейірімділікті, тыныштық пен сабырлылықтың қайнар көзі етуге тырысуымыз керек. Сол арқылы мемлекетті зайырлы етуге әбден болады. Әр азаматтың ар-ожданы, құқығы, бостандығына қол сұғылмауы керек. Мұның бәрін ретке келтіретін арнайы заңнамалық құжат бар. Бір айта кетерлігі, Қазақстанда конфессияаралық ынтымақтастыққа сызат түспеуді жан-жақты тұрғыда қарастырған жөн. Бұл ел алдында тұрған басты міндет.