«Қайда болсаңдар да Алла баршаңды бір жерге жинайды». Бәріңнің құбыладағы бағыттарың әр түрлі болса да Қағба бір болғандықтан бәрің бір мешітте тұрған жамағаттай боласыңдар. Иә, расында Харам мешітіне барып намазға тұра қалсаңыз бір мешіттің ішінде төрт бағыттан бет тұрған жамағатты көресіз. Бірақ бұл бірліктің белгісі.
Әрі қай жағынан тұрсаңыз да бәріне бірдей жазылар сауап бірдей.
Әлгі «жақсылықта жарысыңдар» деген аятты «бағынуда жарысыңдар» деп те түсіндіргендер бар. Тіпті ондағы мақсат «намаз» деп баян еткендер де бар. Барлығың жер бетінде тұрып бет бұрып намазда жарысыңдар. Алла елшісі аләйһис-сәләм: ( خير أعمالكم الصلاة ) «Сендердің амалдарыңның ең жақсысы – намаз» деген. Әрі намазда бағыну да бар. Аяттағы «жақсылық» сөзі көпше түрмен берілген. «Жақсылықтар» деп. Ол да бес уақыт не болмаса одан басқа да нәпіл, тәһәжжүд намаздар деген сөз. Әрі намаз діннің тірегі. Сол намазда бәрі жүзін құбылаға бұрады. Осыдан мынаны ұғамыз. Құбаланың қай жақта болатыны құл үшін маңызды емес. Ең маңыздысы Алланың қай жаққа бұрғаны. Өйткені аятта да «Сол құбыланы (қалаған жағына) бұрады» дейді. Ал құлдың міндеті соған қалтқысыз бағыну. Құбыла ол – дін. Дінді қоятын – Алла. Пенденің міндеті соны орындауға күш салу. Дінді сынау емес. Күллі құлшылықты қамтыған намаз арқылы Аллаға терең құл болуға тырысу. Адамның да жаратылысы осы. Дүниеде, мансапта, атақта, даңқта жарысу емес адамның уазипасы есесіне құлшылықта жарысу. Аллаға қайтсем құл боламын деп жарысу. Дүние жарысында тәкаппарлық бар, қызғаныш бар, кекшілдік бар. Құлшылық жарысында бірлік бар, бір-бірін тарту, біріне бірі үлгі, ғибрат болу бар, жұмаққа жетелеу бар. Бір аятта да Алла: { والسابقون السابقون أولئك المقربون } деп жарысқандардың Аллаға ең жақын болатындарын айтады. Жақсылықта, бағынуда жарысу. Ал бұл намазда бар. Әрі осы аятты «кешірім» деп түсінгендер де бар. Аллаға құл болып, «бәрі жақсы мен жаман, бәрі бидай мен сабан» деп өзін мұсылманның ең күнәһары санап Аллаға көп истиғфар етіп жарысу. Бәрін қосып жақсылық, намаз, кешірім деп айтуға да болады. Діннің тірегі, пенденің міндеті деген де осы.
إِنَّ اللّهَ عَلَى كُلِّ شَيْءٍ قَدِيرٌ
«Күмәнсіз Алла– барша нәрсеге толықтай күш-құдіреті жетеді». Алла сендерге әркімнің амалы мен ниетіне қарай күндердің бір күні бір жерге жинап, сауаптарыңды беруге күш-құдіреті жетіп асады. Әрі осы аятты сол Қағбаға, Арапатқа жинауға күші жетеді деп те түсінуге болады.
Мұхиддин Исаұлы, «Құран ғажайыбы» 2 кітабынан үзінді