Әлемдердің Жаратушысы, тіршілік атаулының Тәңірі, екі дүниенің Патшасы, есеп күнінің Иесі Алла Тағалаға сансыз шүкірлер болсын. Оның рахым нұры болып жіберілген пайғамбары Мұхаммедке салауаттар мен сәлемдер болсын!
Сөзіміз бен ісіміздің дұрыс болуы үшін дұрыс пен бұрысты танып, ажырата білу маңызды. Бүгінгі жұмамыздың тақырыбына арқау болған Құмар ойындарынан сақтанудың жолы құмардың не екенін танып, ажырату бірақ оған жақындамау арқылы болмақ.
Құран Кәрімде «Оңай жолмен мал табу, жеңілдің астымен жүру» мағынасында жеңіл сөзінің түбірінен шыққан «Мәйсир» сөзі қолданылады. Ал құмар ойындарына ғұламалардың берген анықтамасы:
Бірден көп адамның бас қосып, кездейсоқ сәттілікке үміттеніп ұтыс мақсатымен бәс тіге отырып ойын ойнауы дегенді білдіреді.
Құмар ақыры қандай болатынын білместен ықтимал ұтысқа сүйене отырып ақша, құнды зат тігу, басқаша айтқанда бәс тігіп кездейсоқ нәтижемен табыс табуға үміт арту болып табылады. Сондықтан да ойынның қандай түрі болмасын осы сипаттарға ие болса ол құмар, әрі тыйым салынған ойын болып табылмақ.

Құмар ойындарының зияны

Алла Тағала Құран Кәрімде құмар жайлы былай бұйрық етеді:

يَا اَيُّهَا الَّذينَ اٰمَنُوا اِنَّمَا الْخَمْرُ وَالْمَيْسِرُ وَالْاَنْصَابُ وَالْاَزْلَامُ رِجْسٌ مِنْ عَمَلِ الشَّيْطَانِ فَاجْتَنِبُوهُ لَعَلَّكُمْ تُفْلِحُونَ

«Ей иман келтіргендер! Арақ, құмар, тігілген тастар (пұттар) және пал ашу оқтары лас, шайтанның амалдары. Одан аулақ болыңдар, бәлкім құтыларсыңдар». (Мәидә сүресі, 90-аят)
Осы аятта құмар ойыны арақпен бірге айтылғандықтан екеуінің арамдығы мен күнәсі бірдей деген мағынаны береді. Оның үстіне құмар да арақ секілді тәуелділік тудырады. Тіпті құмарға тәуелділік арақтан да бетер. Адам әуелі дәм татады, сосын қызығады, сосын тәуелді болады, сосын онымен ауырады, құмардың вирусы адамның тәнімен қоса жанын да тіршілігінен айырады.
Келесі аятта:

اِنَّمَا يُريدُ الشَّيْطَانُ اَنْ يُوقِعَ بَيْنَكُمُ الْعَدَاوَةَ وَالْبَغْضَاءَ فِي الْخَمْرِ وَالْمَيْسِرِ وَيَصُدَّكُمْ عَنْ ذِكْرِ اللّٰهِ وَعَنِ الصَّلٰوةِ فَهَلْ اَنْتُمْ مُنْتَهُونَ

«Негізінен шайтан арақта, құмарда араларыңа дұшпандық пен кек салып, Алланы еске алудан және намаздан тосуды қалайды. Ендеше тыйылмайсыңдар ма?», делінген. (Мәидә сүресі, 91-аят)
Құмар ойындары, аятта анық айтылғанындай адамдардың арасына кек пен дұшпандық, өшпенділік салады. Құмар үстелінде езу тартып отырғанымен ұтылып шыққан адам ешқашан да бұл халіне разы болмайды. Ұтылғанын қайтарамын деген оймен бір былғанған жеріне қайта қайта былғанып, ақыр соңында кек пен өшпенділікке салынады. Құмар ойынынан ұтылып өзіне қол жұмсағандар және ішімдікке салынып кеткендері де қаншама.
Құмар ойынының аяттағы тағы бір сипаты адамды намаздан, немесе сол секілді ізгі амалдардан құрқол етуі. Құмар ойыны сондай ақ адам баласы үшін баға жетпес Алланың сыйы болған уақыт, таза зейін, денсаулық, өмірлік күш-қайратын босқа желге шашуы болып табылады.
Ешқашан орындалмайтын сағым мен елестің соңын қуалап құмар ойнап жүре бергенінше адам екі қолымен қаншама ізгі амал істегені немесе адал байлыққа қол жеткізгені мың есе абзал емес пе?
Оңай жолмен мол табысқа кенелемін деп ойлаған адам сол табыстың өзі секілді бір ойыншының көз жасы мен ішкі ызасымен наласына араласып келетіндігін ойлауы тиіс. Сол бір күнгі табысы бірнеше күндік ұтылыспен алмасатындығын да білуі тиіс. Ұтқаны бір тиын болса да өзінің және бала-шағасының құрсағына содан түскен ас тозақ отының бір ұшқыны болып түсетіндігін ойлауы тиіс.
Ал құмар ойындарының қоғамға тигізер зардабы одан кем емес. Адал еңбектің орнын жалқаулық, басқаның қамын ойлайтын қамқорлықтың орнын өз ұтысын ғана ойлайтын менменшілдік басады. Құмар адам өміріне тікелей қауіп төндірмегенімен оның ізінен келетін ішімдік, кек, нала, ыза, дұшпандық сынды ауыр қылмыстарға ұласып қоғамды қан қақсатып жатады. Мұны газет пен теледидардан күнде көріп жатырмыз.
Құмардың енді бір сипаты – арам табыс. Ал мұсылман баласы үшін бұл дүниеде адал еңбек пен маңдай термен келген табыстан асқан байлық бола алмайды. Бізді жер бетіне тіршілік етуге жіберген Жаратушы иеміз Құран Кәрімде былай дейді:

 

وَلاَ تَأْكُلُواْ أَمْوَالَكُم بَيْنَكُم بِالْبَاطِلِ وَتُدْلُواْ بِهَا إِلَى الْحُكَّامِ لِتَأْكُلُواْ فَرِيقاً مِّنْ أَمْوَالِ النَّاسِ بِالإِثْمِ وَأَنتُمْ تَعْلَمُونَ

«Өзара мал-мүліктеріңді күнәлі жолмен жемеңдер. Сондай ақ біле тұра адамдардың малынан бір бөлігін жеу үшін билерге апармаңдар!» (Бақара сүресі, 188-аят)
Әсілінде бұ дүниеде де, ақыретте де:

. وَأَن لَّيْسَ لِلْإِنسَانِ إِلَّا مَا سَعَى

«Адам үшін өз еңбектенгенінен артығы жоқ». (Нәжім сүресі, 39-аят)
Сүйікті Пайғамбарымыз (оған Алланы салауаты мен сәлемі болсын) мүбәрәк хадис шәрифінде айтылғанындай: «Ешкім өз адал еңбегінен артық нәрсе жей алмайды. Дәуіт пайғамбар дағы өз қолымен тапқанымен күнелтетін еді». (Бухари, буюғ, 15, ІІІ/ІХ)
Бірде Алланың Елшісі (оған Алланы салауаты мен сәлемі болсын) Тәбүк жорығынан қайтып келе жатқанда Сағд бин Муаз атты сахабасын кезіктіріп, онымен қол алысады. Қолдарын сүйел басып, жұмыстан ойылғандығын көреді. Сағд (р.) бала-шағасының нәпақасы үшін бақшада жұмыс істейтіндігін айтады. Сонда екі дүние саруары Пайғамбар (оған Алланы салауаты мен сәлемі болсын) Сағд бин Муаздың қолын өпті. Өпті де: «Міне осы қолдар, Алла Тағалаға ең сүйікті қолдар», – деп айтты.
Жығылған күреске тоймайтыны бұл өмірдің шындығы. Құмардан ұтылған адам ұтылғанын қайтарамын деп жүріп құмар ауруына қалай шалдыққанын сезбей қалады. Ал ұтқан адам ше? Негізінде құмар ойынында ешкім ұтпайды. Құмарға құмартқандар тән саулығынан, жан саулығынан, алтын уақытынан, жастық шағынан, бала-шағсының, туған туысқанының алдындағы абыройынан, бәлкім олардың өзінен де айрылады. Жолдас-жорадан айрылады. Ал ең қорқыныштысы жүрегінің түбіндегі соңғы иманынан, ар-ұятынан, ерлік намысынан айрылуы ғажап емес. Мен жәй ермек үшін ойнап жүрмін деген адамдар, бәрі де бастапқыда ермек үшін бастағанын, бірақ адам құмарды емес, құмар адамды ермек қылатынын естен шығармауы тиіс. Әлбетте мұсылман баласы да көңіл көтеруге мұқтаж. Бұл өмір қара түнектен құралмаған. Тек көңіл көтеруі шариғаттың және адамгершіліктің шеңберінен тысқары шықпауы тиіс. Құлшылыққа кедергі болмайтын, бәс тігілмейтін ойын түрлерін Пайғамбарымыз да (оған Алланы салауаты мен сәлемі болсын) ара тұра ойнайтын еді. Мысалға садақ ату, жануарларды жарыстыру, күрес секілді ойындарды тамашалауға да, қатысуға да болады.
Әнәс бин Мәліктен риуаят етілуінше:
«Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (оған Алланы салауаты мен сәлемі болсын) Абда есімді бір түйесі болған. Үнемі жарысып бірінші келетін. Бір күні бір Бәдәуи түйесімен келіп Абданы басып озды. Оқиға мұсылмандарға онша ұнамады. Сонда ардақты Пайғамбар (оған Алланы салауаты мен сәлемі болсын):
«Жер бетінде жоғарылатқан әр нәрсесін құлдилатып төмен құлату Алланың ісі»,–деді. (Бухари, Нәсәи)
Ал құмар ойындарын бұлармен шатастыруға болмайды. Себебі құмар ойындарының түрі мен формасы қоғам немесе заманға қарай өзгеріп отыруы мүмкін. Қазіргі заманымыздағы дертке айналған казино, букмекерлік кеңселерде ойнау, лоторея сияқты жалпы бәс тігілетін ұтыс ойындары адамды бос үміт пен кездейсоқ жетістікке тәуелді етіп қояды. Аллаға және Ақырет күніне иман келтірген адам егер абай болмаса құмар ойынының уысына өзі білмей түсіп қалуы да ықтимал. Бүгінде тек қана ақиқат түрдегі ғана емес, виртуалды түріндегі құмар ойындары пайда болып, адамдарды өз жетегінде құрдымға алып кетіп барады. Сондықтан мұсылман баласы бір ойынды ойнамас бұрын оның құмар ойынына жатып жатпайтынын анықтап алуы қажет.
Ойын түрлерінің құмар ойынына айналып кетпеуі үшін ғұламалардың қойған мына бес шартын сақтау қажет:
Ойын намаз уақытының өтіп кетуіне немесе тым кешіктірілуіне себеп болмауы тиіс.
Жеңілген тарап жеңген тарапқа ешқандай қаржылай немесе құнды зат қарызданбауы тиіс.
Ойын кезінде тіл жаман сөзден, налудан сақ болуы тиіс.
Уақыт, денсаулық және басқа да нығметтерді шектен тыс ысрап етуге апармауы тиіс.
Ойынның адам баласы үшін маңызды бір пайдасы болуы тиіс.

Осы шарттардың бірі болмаса ол ойыннан аулақ болған жөн. Себебі Мәидә сүресінің 90-шы аятында «Одан аулақ болыңдар» деп айтылған. Сондықтан құмар ойналған жердің тіпті маңына жоламау Құранның әмірі. Құмар ойналып жатқан жерге тек насихат айтып, ойынға тосқауыл болу үшін ғана баруға болады, қосылып шәй ішуге немесе тамашалауға емес. Пайғамбарымыз (оған Алланы салауаты мен сәлемі болсын) өзінің бір хадисінде тіпті: «Кім өз досына «Жүр құмар ойын ойнайық!»,– десе садақа берсін»,–дейді.
Алла Тағала адамды адам етіп жаратқан соң оған ақыл мен нәпсіні берді. Ақыл нәпсінің жетегінде кетпей оған төреші болуға тиіс. Ал құмар ойыны нәпсінің қалауы. Күнәсынан тыйыла алмай жүргендерге Раббысының мына сүйіншісі жеткілікті келмей ме?
«Егер сендер тыйым салынған нәрселердің үлкенінен сақтансаңдар, сендердің жамандықтарыңды жасырып, өздеріңді құрметті орынға кіргіземіз!». (Ниса сүресі, 31-аят)

Есмағанбет Нұрбек Әуесханұлы
ҚМДБ-ның Алматы қаласы бойынша өкіл имамы

muftyat.kz

By Редакция

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шымкент қаласы бойынша өкілдігі, Шымкент орталық "Halifa Al-Nahaian Aqmeshiti" мешіті. Мекен жайы: ҚР Шымкент қаласы, Темірлан тас жолы, н/з Тел: 8(7252)45-33-38