Қызылорда облысына жұмыс сапары аясында ҚМДБ Төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы Шиелі ауданына арнайы келді.
Наурызбай қажы Тағанұлы Шиелі ауданының әкімі Қамбарбек Амангелдіұлымен бірге қайырымдылық мекемесінің ашылуына қатысты.
Орталықта бірнеше оқу бөлмесі және шәкірттерге арналған жатын бөлме бар. Мекеменің ашылуында сөз алған Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы сауапты іске атсалысқан барша азаматтарға ризашылық білдірді.
«Сыр өңірі – жұрты ұйысқан, ұлты тату жер. Бұл өңірдің қай ісінде де береке бар. Енді міне, аймақтың қайырымды азаматтары қайырымдылық мекемесінің ашылуына сеп болып отыр. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының бір бағыты – қайырымдылық. Алла қаласа, осы орталықтан білімді де білікті қарилар, сауатты да салиқалы ұрпақ өсіп шықсын» деді Бас мүфти.
Салтанатты шара соңында ҚМДБ Төрағасы қайырымдылық мекемесін аралап, танысты. Айта кетейік, Бас мүфтидің Қызылорда облысына сапары ертең бірнеше ауданда жалғасады.