Бүгін Қызылордада облыстық өкілдіктің ұйымдастыруымен ғылыми-танымдық конференция өтті. «Сыр елі ахун-ишандарының діни ағартушылық қызметі» тақырыбында өткен шараға Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы қатысты.
Алғаш сөз алған ҚМДБ Төрағасы талай теперіш көрсе де, дін насихатына адал болған ишандардың еңбегіне ерекше тоқталды.
«Сыр өңірі – асыл дініміздің алты алашқа таралу жолында көп еңбек сіңірген өлке. Бұл өлкеден бізге мәлім дүлдүл ақындар, батырлар, билер ғана емес, ахундар мен ишандар, молда мен мақсым атанған оқымысты, ғұламалар шықты. Саясат, өнер, білім, ғылым саласында биік деңгейден көрінген Сыр перзенттерінің Орта Азия ғана емес, бүкіл Шығыс мәдениетінде алар орны берік. Олардың қатарында қазақтың өз алдына дербес ел ретінде құрылуына, мәдениетін дамытуға үлкен еңбек сіңірген мемлекет және қоғам қайраткерлері, ағартушы күрескерлер бар.
Қазақ даласында ағартушылық істі ишандар мен ахундар өрістетті. Олар ел өміріндегі ықпалды әлеуметтік топ ретінде халықты Ислам дінінің басты ұстанымы – имандылыққа тәрбиелеп, мешіт салдырып, медресе ашып, Шығыстың классикалық әдеби мұраларын насихаттап, діни тәлім-тәрбие, оқу-ағарту істері арқылы шын мәніндегі күрескерге айналды. Сыр өңірінде мешіт-медресе ашқан ағартушы-ұстаздар көп. Халыққа рухани тәрбие беру, сауықтыру әрі жас ұрпақты сауаттандыру саласында риясыз қызмет атқарған сондай ағартушылардың еңбегі байыпты зерттеуді қажет етеді» деді Наурызбай қажы Тағанұлы.
Сонымен қатар конференция барысында профессор Қазыбай Құдайбергенов, Нұр-Мүбарак университетінің проректоры Қайрат Құрманбаев, тарих ғылымдарының кандидаты Мыңжас Кәрібозұлы сынды Сыр бойының зерттеуші-ғалымдары сөз алып, дін жолында еңбек еткен ахун-ишандар өмірінен тың деректер айтты.