Қазақ халқы әуел бастан мұсылманшылықты берік ұстанған. Сан ғасырлар бойы имамын жоғалтпаған, Тәңірінің жолынан адаспаған. Барлық мұқтажын тек Аллдадан сұрап, Алладан жәрдем тілеген.

«Алла деген ар болмас,

Алла деген пенделер,

Еш нәрсеге зар болмас» деп жырлаған Бұқар бабамыздың өлеңі Жаратушыдан жәрдем сұрағанның түбінде мақұрым қалмайтынын білдіреді. «Құдайға сиынған құстай ұшады, адамға сиынған мұрттай ұшады» деген аталарымыз шынайы мұсылманның қорған болар панасы тек қана Алла Тағала екенін ұғындырады. Бір кісі Пайғамбарымыздан с.а.с: «Уа, Расулалла! Раббымыз жасырын дұға қыларлықтай жақын ба, әлде дауыстап шақырарлықтай алыс па?» – деп сұрағанда Алла Тағаладан: «Егер сенен пенделерім Мен жайында сұраса, Мен жақынмын, дұға етуші Маған қайырылса, дұғасына жауап беремін. Сондықтан да Маған (жолдауыма) жауап қатсын, Маған иман келтірсін. Сонда тура жол табар» деген жауап келген. Яғни, Ұлы құдірет иесі әлсіз пендесінің  тілегін аяқсыз қалдырмайтынын білдіреді. Алладан дұға тілеу – ғибадат. Қасиетті Құран Кәрімде: «Егер құлдарым сенен Мен туралы (яғни, Құдай оларға алыс па, әлде жақын ба деп) сұраса: «Мен оларға өте жақынмын. Қашан Менен тілесе, тілеушінің тілегін қабыл етемін» – (де)», – дейді. Пайғамбарымыз с.а.у:  «Ғибадаттың ең абзалы – Алла Тағалаға дұға қылу!» десе, тағы бір хадисінде «Дұға өзі – ғибадат!» деген. Жаратушыдан жәрдем тілеген жанның тілекте ықыласты, ішіп-жегені, киген киімі халалдан болуы шарт. Сонымен бірге, сұрағанымды бермеді деген асығыс ойдан аулақ болғаны дұрыс. Дұғада «Құдайым оңдап, әруақ қолда!» дегенге саятын ширк амалының болмауын ықтияттау қажет.

Ал «қандай адамдардың дұғасы қабыл болады?» деген сауалға жауап беретін болсақ, үш адамның дұғасын Алла Тағала қайтармайды: Алланы көп зікір етушінің, жәбірленген жанның және әділ имамның. Әсіресе жәбір көрген жанның наласынан абайлау керектігі Исламда қатаң ескертіледі. «Кәпір болса да мазлұмның дұғасынан сақтаныңдар! Өйткені оның дұғасына бөгет жоқ» дейді Пайғамбарымыз с.а.с. Сондай-ақ, Хазірет Жүністің (ғ.с.) дұғасымен дұға етушінің, кеңшілікте де, таршылықта да дұғада болғандардың, ораза тұтушының, жолаушының, атаның баласына тілеген тілегін, мұсылманның мұсылманға, тақуалар мен ізгі адамдардың, ата-анасының хақысына дұға етуші ізгі ұрпақтың тілегі Алланың рақымымен қабыл болады. Пайғамбарымыз Мұхаммедтен (с.а.у.): «дұғаның қайсысы өтімдірек (яғни, қандай дұғаның қабыл болуы ықтимал?)» – деп сұрағанда «түннің соңғы бөлігі мен парыз намаздың соңындағы дұға», – деп жауап берген. Бұл хадис дұға тілеудің шарттарымен бірге қабыл болатын уақытын да байқатып тұр. Адам баласы белгілі бір уақыттарда шын ниетімен, жан жүрегімен жалбарынып сұраса, Алла меселін қайтармайды. Бұл жайында көптеген дәлелдер келтірілген. Мысалы Жұма күні Алладан тілеудің маңызы зор. «Расында жұма күні – күндердің ең жақсысы және Алла Тағаланың қасында ең ұлығы. Ол Алла Тағалаға Ораза айт пен Құрбан айттан да абзал. Оның бес қасиеті бар: Жұма күні Алла Тағала Адам атаны жаратты; Осы күні Адам ата жерге түсті; Жұма күні бір сағат бар, сол сағатта пенде Алла Тағаладан харамнан басқа не тілесе береді; Жұма күні Қиямет сағаты соғады. Күллі періште, аспан, жер, жел, тау, теңіздер жұма күні Қиямет болып қала ма деп қорқады» дейді хадисте. Сондай-ақ, «Қари: «Әмин!» – дегенде, сендер де: «Әмин!» – деңдер! Себебі періштелер де «Әмин» – деп тұрады. Кімнің «Әмин!» – дегені періштелердің: «Әмин!» – дегенімен сәйкес келсе, оның өткен күнәлары кешіріледі» деген Пайғамбарымыз. Түннің әуелгі, ортаңғы және соңғы бөлігіндегі, азан айтылғанда, ауру адамға барып көңілін сұрағанда  немесе мәйітті зиярат еткенде, азан мен қаматтың арасында, сәждеде жатқанда, Аллаһ Тағалаға мақтау айтып, ұлықтап әрі Пайғамбарымыз Мұхаммедке (с.а.у.) салауат айтқанда, Рамазан айы мен Қадір түнінде, Құран оқылғанда Алладан кешірім тілеп дұға ету қажет. Сонымен қатар Пайғамбарымыз с.а.с. жаңбыр жауғанда және әтеш шақырғанда Алладан дұға тілеу керектігін айтқан. «Дұғаларыңның қабыл болуын: әскер дұшпанмен бетпе-бет тұрғанда, намазға қамат айтылғанда және жаңбыр жауғанда тілеңдер!» дейді Алланың Елшісі. Ал әтештер періштені көргенде шақырады. Бұл туралы Пайғамбарымыз с.а.с. былай деген: «әтеш шақырғанын естісеңдер, Алла Тағаланың кеңшілігін тілеңдер! Себебі, ол періштені көрді (яғни, періштені көрсе – шақырады). Егер есектің ақырғанын естісеңдер, шайтанның азғыруынан Алла Тағаладан пана тілеңдер! Себебі, ол шайтанды көрді (яғни, шайтанды көргенде ақыра-ды)»

«Адамнан сұрағанның екі көзі шығады, Алладан сұрағанның екі бүйірі шығады» дейді бабаларымыз. Қай кезде де қайтар мекеніміз Алласынң құзыры екенін естен шығармай, бұл дүниенің қиындығы мен ақыреттің азабынан абай болып жүргенге не жетсін. Мейірім кең Алланың рақымынан күдер үзбей, үнемі дұғада болсақ игі.

Қазыбек Сарыбаев

ҚМДБ, Шымкент қаласы орталық мешітінің найб имамы

Пайдаланған әдебиеттер:

Бақара 2:186

Хаким

Әт-Термизи, Әбу Дәуд

Әл-Бәйһақи

Ахмад Байһақи

By Редакция

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шымкент қаласы бойынша өкілдігі, Шымкент орталық "Halifa Al-Nahaian Aqmeshiti" мешіті. Мекен жайы: ҚР Шымкент қаласы, Темірлан тас жолы, н/з Тел: 8(7252)45-33-38