Күллі әлемнің иесі Аллаға мақтау, мадақтар болсын. Әлемге қамқорлық әрі ескертуші ретінде жіберілген әлемнің ең соңғы Пайғамбары Мұхаммедке (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) сәлем әрі салауат болсын!
Отбасын құру әрбір ер мен әйел үшін сүннет амал. Халқымызда «Бас екеу болмай, мал екеу болмас» деген нақыл бар. Осы тұста қасиетті Құран Кәрімде Алла Тағала: «Нағыз ерлер (тәрбие беруде) әйелдерге басшы һәм (нәпақамен қамтамасыз етіп) қорған болғандары. Мұның себебі, Алланың кей адамдарды кейбіреуінен (басқару, қамқор болу сынды мәселелерде) артық (қабілетті етіп) жаратқандығы әрі ер адамдардың қаражат жауапкершілігін арқалағандығы. Ал ізгі әйелдер – Аллаға толық мойынсұнатын және ерлерінің алдындағы міндеттерін қалтқысыз орындайтын, сондай-ақ, Алла олардың құқығын қалай қорғаған болса, олар да дәл солай ерлері қастарында болмаған кезде де ерлерінің құқын аяқасты етпей (отбасына тән абырой мен ерлері тапқан мал-дүниені) лайықты түрде сақтай білетін жандар. Әйелдеріңнің қыңырлыққа басып, бағынбай кетуінен қорықсаңдар, оларға алдымен насихат айтыңдар. (насихат нәтиже бермесе,) олардан бөлек жатыңдар. (Сонда да қыңырлығын қоймаса, бір жеріне зақым келтіріп алмай ақырын) ұрыңдар. Егер түзеліп мойынсұнса, оларға жамандық жасаудың жолын іздемеңдер. Біліп қойыңдар, Алла – Али (бәрінен үстем), Кәбир (ұлы)» («Ниса» сүресі, 34-аят) деген.
Ал Пайғамбарымыз Мұхаммед (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бір хадисінде: «Барлықтарың бақташысыңдар және әркім қарамағындағы іске жауапты. Имам (басшы) халқынан жауапты. Отағасы отбасы мүшелерінен жауапты. Әйелі де күйеуінің үйіне әкелген дүниесінен жауапты. Қызметші қожайынының ісінен жауапты» [Имам Бұхари, Имам Муслим] деген. Мына хадисте: «Әйел бес мезгіл намазын оқыса, оразасын тұтса, өзінің ар-намысын қорғаса және еріне бағынған жағдайда оған: «Жұмақтың қалаған есігінен кір» деп айтылады »[ Имам Ахмад] деген.
Тағы бір хадисте: «Мүміндердің иман жағынан ең кәмілі – көркем мінезде ең жақсысы, ал сендердің ең жақсыларың – жұбайларыңмен жақсы қарым-қатынаста болғандарың», – деген. Пайғамбарымыз (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) әйелді қай кезде де сыйлауға, оған дөрекілік көрсетпеуге, олармен жақсы тіл табысуға шақырған. Осы тұрғыда: «Ақыретте күйеуі ұрған әйелдің жоқтаушысы мен боламын», «Күйеуіне қиындық тудырмай, баласын бағып, намазын оқыған әйелдер сөз жоқ жұмаққа барады», − деген хадистері де баршаға ой саларлық. Осы орайда, ер мен әйелдің негізгі міндеттеріне тоқталып өтуді жөн санаймын.
Әйелдің ерінің алдындағы әдептері:
1.Алла тағаланың бұйрығына қарсы келмейтін барлық жағдайда күйеуін тыңдау, құрмет етуі керек.
2. Дүниеге ұрпақ алып келу.
3. Барға қанағат ету.
4. Күйеуіне ықыласпен қызмет ету.
5.Барлық сәттерде (яғни қайғыда да қуанышта да) бірге болу.
6.Күйеуінің сенімді адамы болып, қолдаушысы болу.
7.Күйеуімен сөйлескенде жылы жылы сөйлеп, әдемі сөздерді айтып, өзін ұқыпты, таза етіп ұстауы тиіс.
8.Ата-енесінің, туған-туыстарының абыройын төкпей, күйеуінің мал-мүлкін сақтай білу.
Еркектің әйелінің алдындағы міндеттері:
1.Үй-жай, баспанамен қамтамасыз ету.
2.Әйелімен жақсы қарым-қатынаста болу.
3.Нәпақа тауып беру, тамақтандыру, жағдайын жасау.
4.Қателік кемшіліктерін жасыра білу.
5.Ер адам жұбайының алдында әрдайым әдепті болып көрінуі тиіс.
6.Барынша сабырлы болу, т.б.
Түйін
Құрметті қауым! Қорытындылай келе отбасының амандығы мен берекеті өз қолымызда. Күнделікті әрбір амалымыз бен әрекетімізде пайғамбарымыздың (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) сүннетін төреші етіп, мәселенің түйінін шешуге болады. Алла Тағала бақытты отбасы болуды баршаға нәсіп етсін!
Мұхамеджан қажы ЕСТЕМІРОВ, Шымкент қаласының бас имам орынбасары, дінтанушы