Бүгін ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасымен қолға алынған «Жүрек жылуы» қайырымдылық керуені елордада жалғасын тапты. Акция аясында Нұр-Сұлтан қаласында тұратын 600 мұқтаж отбасыға азық-түлік қорабы таратылды.

«Елімізде төтенше жағдай жарияланған күннен бастап ҚМДБ «Жүрек жылуы» қайырымдылық акциясын қолға алды. Мұндағы мақсатымыз – төтенше жағдай кезінде қиындық көрген мұқтаж жандарға азық-түлік, қаржылай, басқа да қолдау көрсету. Осы мақсатта ҚМДБ жанындағы «Зекет» қайырымдылық қоры арнайы акция ұйымдастырып, карантинге жабылған Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары тұрғындарына жәрдем көрсетті. Алматыда – 1000-нан астам, Нұр-Сұлтанда 1500 отбасыға азық-түлік көмегін жеткізді. Бүгін осы сауапты шара жалғасын тауып, елордадағы 600-ге жуық отбасыға «Зекет» қоры дайындаған «Жүрек жылуы» жеткізіледі» деді Наурызбай қажы Тағанұлы.

Бас мүфти сондай-ақ мұндай қолдаулардың карантин талаптарына сай, еріктілердің жәрдемі арқылы жүзеге асып жатқанына тоқтала келе, көмекке қол ұшын берген ел азаматтары мен еріктілер тобына алғыс айтты.

Айта кетейік, ҚМДБ-ның «Зекет» қоры елімізде төтенше жағдай жарияланған күннен бастап қайырымдылық шараларын арттырып, мұқтаж отбасыларға жәрдемдесіп келеді. Ауылы су астындағы қалған Түркістан облысы Мақтаарал ауданы тұрғындарына ҚМДБ-ның өңірдегі өңілдіктері қаржылай, азық-түлік, басқа да қажетті көмек жеткізді.

By Редакция

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шымкент қаласы бойынша өкілдігі, Шымкент орталық "Halifa Al-Nahaian Aqmeshiti" мешіті. Мекен жайы: ҚР Шымкент қаласы, Темірлан тас жолы, н/з Тел: 8(7252)45-33-38