Атқарылған жұмыстың жемісі оның белгілі бір жүйеге бағынып, белігілі бір қағидалардың орындалуына тікелей қатысты екені мәлім. Бұл тұрғыда Бауыржан Момышұлы атамыздың «тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бағынған құл болмайды» деген құнды сөзі құнын жоймай келеді. Осы мақсатқа орай ауданның бас имамы Берік Қалдаров осы уақытқа дейін Сарыағаш ауданына қарасты 76 мешіттің тазалығы, көгалдандыру, құжаттарының түгелдігі, имамның бұйрығы, тақырыпқа сай уағыз жүргізуі, жат ағымдармен жұмыс жүргізу барысы, мешіттің жылыту жүйесі, дәретхана мәселесі, газет журналға жазылуы т.б бір қатар мәселелерді тексерді. Тексеру барысында халықпен кездесіп, олардың ой-пікірлері мен мұң-мұқтаждары тыңдады. Осындай жұмыстың нәтижесінде кейбір ауылдағы мешіттерден кемшіліктер табылып, оларды қалпына келтіру мәселесі де қозғалды, сонымен қатар кейбір мешіттердің жұмыстары көңілге демеу беріп, өзгелерге үлгі тұтарлықтай жұмыстары бар екендігі анықталды. «Сын түзелмей мін түзелмейді» деген дана сөзге орай орынды сындар айтылып, алдағы уақытта сол олқылықтарды реттеудің жолдары қарастырылатын болады.
Сарыағаш аудандық «Сарыағаш орталық» мешітінің баспасөз қызметі