Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Серікбай қажы Ораз Қызылорда облысының аумағында әскери тік ұшақтың апатқа ұшырап, 13 жауынгердің қаза болуына байланысты көңіл айтты.
«Қазақта «жазмыштан озмыш жоқ» деген сөз бар. Мемлекетіміздің тыныштығы мен еліміздің амандығы жолында борышын өтеп жүрген жас жауынгерлердің қазасы туралы қаралы хабар біздің де жанымызға қатты батты. Пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) бір өсиетінде: «Отанын күзеткен шекарашының көзі ақыретте күймейді», – деген. Ата-бабаларымыз мұра етіп қалдырған Отанның азаттығы мен тыныштығын қорғау өшпейтін өнеге, үзілмейтін ізгі амал. Өзімнің және Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы атынан марқұмдардың ата-анасына, туған-туыстарына қайғыра көңіл айтып, сабыр тілеймін. Алла Тағала қазаның артын қайырлы етіп, Жаратушы Иеміз өз мейіріміне бөлесін!» – делінген Бас мүфтидің көңіл айту жеделхатында.