Сүйікті Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) туылған Мәуліт мерекесіне орай Мысыр жеріндегі қандастарымыз Каир төрінде бас қосып, әлемнің рақым нұры болған Әз Елшіге (с.ғ.с.) сағыныштарын жеткізді. Әйгілі «Әл-Азһар» мен «Айн Шамс» секілді іргелі діни оқу орындарында білім алып жатқан қазақ шәкірттері арасында бұл үрдіс бірнеше жылдан бері үзілмей жалғасып келеді. Бір кездері Бейбарыс бабамыз билік құрған өлкеде білім алып жатқан бірнеше буын қазақ жастарының Мәуліт мерекесі, тіпті, қазіргі таңда қазақы сипатта тойланып, университ басшылығы да өз құрметтерін білдіру үстінде.
Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) сансыз салауаттар жолданып, Алла Тағала шүкірліктер айтылған Мәуліт аясында қандастарымыз халқымызға тән қонақжайлықтың үлгісін танытып, арнайы дастархан да жайған көрінеді. Ардақты Алла Елшісі (с.ғ.с.) жайлы ғибратты уағыз-насихат айтылып, мереке барысында халқымыздың озық салт-дәстүрлері де көрініс тапты. Басқосу соңында алыста жүрсе де жүрегі жұртым деп соққан қандастарымыз Қазақстан халқы үшін дұға жасап, тәуелсіз мемлекетіміздің туы биікте болуын тілеген күйде тарқасты.