Исламның негізгі бес тіректерінің – зекет садақасы. Ол жөнінде Пайғамбарымыздың (с.а.с) хадисінде: «Ислам діні бес негізден тұрады: Алладан басқа тәңір жоқтығына және Мұхаммедтің (с.а.с) Алла жіберген шынайы елші екендігіне куәлік келтіру, намаз оқу, зекет беру, Рамазан оразазасын ұстау, қажылыққа бару», – делінген (Абдулла ибн Омардан риуяат етілген).
Араб тілінде «зекет» – көбею, өсу, берекеттену, тазалық деген сиякты мағыналарды білдіреді. Ал оның шариғаттағы терминдік мағынасы: «Нисап» көлеміне жететін байлыққа ие болған мұсылман адамның өз байлығының белгілі бір бөлігін жылына бір рет Аллаһ Тағаланың ризалығы үшін Құранда белгіленген адамдарға беруі.
Шын мәнінде, садақа берумен дүниеміздің кеміп қалмайтындығын әрбіріміз білуге тиіспіз. Денің сау, басың аман кезде берген садақаң сені алда басыңа төніп тұрған түрлі пәлекеттер мен кесапаттардан, әртүрлі қауіп-қатерлерден, ауру-сырқаудан, жамандықтардан мал-жаныңды, дүние-мүлкіңді сақтандырады десек артық айтқандық емес. Бұл жөнінде Пайғамбарымыздың (с.а.с) хадисінде: «Малдарыңды зекетпен қорғаңдар, ауру – сырқаттарыңды садақа беріп емдеңдер, бастарыңа келген бәлекеттер үшін Алла Тағалаға жалбарынып дұға етіп, көмек сұраңдар», – делінсе келесі бір хадисінде: «Садақа беруге асығыңдар. Өйткені, бәле садақаны асып өте алмайды»,- деген. Сондықтан мұны әрбіріміз жан-жақты біліп, нақты түйсініп, жете түсініп жүруіміз керек.
Зекет беру төмендегі көрсетілген кісілер үшін парыз етілген:
1. Мұсылман болу;
2. Нисап көлеміне жететін немесе одан да көп байлыққа ие болу;
3. Зекеті берілетін байлыққа бір жыл толуы;
4. Қарыз болмауы.
Зекеті берілетін байлықтың түрлері мен зекет беруді парыз ететін нисап көлемі:
1. Алтында: жиырма динар, яғни 85 грамм.
2. Күмісте: екі жүз дирһам, яғни 595 грамм.
3. Түйеде: бес.
4. Сиырда: отыз.
5. Қой мен ешкі: қырық.
6. Сауда заттарында: 85 грамм алтын немесе 595 грамм күмістің құнына тең болса.
7. Ақшада 85 грамм алтын немес 595 грамм күмістың құнына тең болса.
8. Бау-бақша және егіс өнімдері.
Садақаның ауқымы өте кең. Жаратушының разылығын қалап, көмекке мұқтаж болған адамдарға материалдық һәм рухани жәрдем көрсету – шариғатымызды садақа деп аталады. Пайғамбарымыздың (с.а.с) хадисінде: «Адам әр буыны үшін күн сайын садақа беруге борышты», -делінсе келесі бір хадисте әр адамның жаратылысында 360 буын бар. Олай болса, Алла Тағаланы ұлықтаса, мақтау айтса, лә иләһа иллаллаһ, субханаллаһ десе, Құдайдан кешірім тілесе, ел жүретін жолдан тас, тікен немесе сүйек секілді нәрселерде жол шетіне алып тастап отырса, я болмаса жақсылыққа шақырып, жамандықтан тыйса, осы жасаған жақсылықтарының барлығы 360-қа жетсе, сол күннің кешіне дейін тозақ отынан қорғалатындығы айтылған.
Хадистен түсінетініміз, садақа тек мал-мүлік немесе қаражат беріп қоюмен ғана шектелмейді екен. Алланың разылығы үшін жасалған әрбір ізгі іс «садақа» саналады.
Шариғатта садақа бірнеше түрлерге болінеді. Олар:
– зекет;
– пітір;
– үшір;
– құрбандық шалу, т.б.
Зекет – хижреттің екінші жылында парыз болған. Зекет садақасы туралы Құран Кәрімнің жиырма жеті жерінде намазбен бірге аталып өткен. Яғни, жоғарыда айтылғандай, Ислам дінімізді намаз оқу, ораза ұстау қандай парыз болса шамасы келетін кісілер үшін зекет садақасын бероу де дәл сондай парыз. Құранда Аллаһ Тағала: «намазды толық оқыңдар,зекет беріңдер, сондай-ақ (Алланың құзырына) иілушілермен бірге иіліңдер», – (Бақара сүресі, 43-аят) делінген.
Құранда «Олардың малдары көбейіп және өздері күнәлардан тазалануы үшін мұсылмандардың малдарынан садақа ал» («Тәубе» сүресі) делінгеніндей, басқа да көптеген аяттардан зекеттің парыз екендігі нақтыланады.
Алла Тағала біз құлдарын не нәрседен тыйса демек ол нәрсе де біз үшін жамандық бар. Ал не нәрсеге бұйырса ол нәрседе де біз үшін тек жақсылық, хайыр барлығын түсінуіміз керек. Демек, Алла Тағала дүние-мүлкімізден зекет беруімізді бұйырып тұр, онда бізге хайыр-берекет бар. Мал-дүниеміз кеміп қалмайды, керісінше дүние-мүлкіміз біз үшін халал, яғни, таза берекелі бола түседі. Бұл туралы Құранда «Олардың дүние-мүліктерінен зекет ал, сөйтіп оларды тазартып, кірден арылт» («Тәубе» сүресі 103 аят) делінген.
Аллаһ Тағала бізге бұйырған істі істесек оның марапатын алатынымызды, ал істемесек жазамызды тартатынымызды ескертеді. Бұл туралы Пайғамбарымыз (с.а.с) хадисінде: «Зекет бермеген адамның байлығы ақырет күні ірі жылан пішініне кіреді. Екі көзінің үстінде қап-қара домалақ дағы бар. Осы жылан қиямет күнінде иесінің мойнына оралады. Сосын аузымен иесінің екі жағынан ұстап: «Мен сенің дүниедегі байлығыңмын, мен сенің қазынаңмын» дейді», – деп көрсетілсе, Құранда: «Алланың кеңшілігінен өздерінің берілген нәрселерін сараңдық істегендер бұл істерін өздеріне қайырлы деп ойламасын. Жоқ, тіпті өздері үшін ең үлкен жамандық. Ақырет күні сараңдық жасаған дүниелері мойындарына оралады («Али Имран» сүресі, 180 аят).
«Алтын, күмісті жинап оны Алланың жолында жұмсағандарға күйзелтуші азап бар екендігін ескер. Жиналған алтын мен күміс тозақ отында қыздырылып, онымен маңдайлары, қабырғалары және арқалары таңбаланатын қиямет күні оларға: «Міне, мынау-өздерің үшін жиған дүниелерің. Ал енді қанекей, жинағандарыңның дәмін татыңдар» – делінеді.
Шамасы барлар, бай-бақуаттылар тұрақты түрде өздерінің зекеттерін жоқ-жітіктерге беріп отырса қоғамға, айналасына, өзіне үлкен пайдасын тигізген болар еді. Алла тағала баршамызды сауапты пенделерінен болуға жазсын.
Қанатбек Кенжебеков,
ОҚО Сарыағаш аудандық мешттің бас имамы