Айлардың сұлтаны болып саналатын қасиетті Рамазанның адамзатқа рухани, әлеуметтік және медициналық жағынан пайдасы зор. Бұл айда күндіз ораза тұтқаннан кейін, кешкісін құптан намазынан соң, 20 рәкат тарауих намазы оқылады. Тарауих сөзі «дем алу, демалыс» дегенді білдіреді. Оны барлық мұсылмандар топ-топ болып, жамағатпен оқиды.
Тарауих намаздың үкімі
Қасиетті Рамазан айында құптан намазының 4 ракағат парызы және 2 ракағат сүннетінен кейін, ер және әйел кісілер үшін жиырма ракағат тарауих намазын оқу – сүннет муәккәдә. Яғни, бекітілген сүннет амал. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) тарауих намазының сүннет болу мәселесіне қатысты: «Хақ тағала сендерге оразаны парыз, тарауих намазын сүннет етті. Шын иман және ықыласпен Рамазан оразасын ұстаған және тарауих намазын оқыған адам күнәдан анадан жаңа туған нәрестедей пәк болып тазарады», – деген.
Тарауих намазын мешітте жамағатпен оқудың үкімі
Кез келген елді-мекендердің тұрғындары тарауих намазын өздеріне қарасты мешітте жамағат болып оқуы – сүннет кифая. Жалғыз оқыған адам әдепсіздік етпегенімен, жама-ғаттың сауабынан құр қалады.
Тарауих намазының уақыты
Тарауих намазының уақыты – құптан намазы мен таң атудың аралығында. Осы себептен құптан намазынан бұрын оқылған тарауих – тарауихқа жатпайды. Тарауих намазын оқудың ең абзал мезгілі – түннің үшінші бөлігі кіруден бұрын. Сонымен қатар, тарауих намазы үтір уәжіп намазынан бұрын оқылады. Осы себептен имам тарауих намазын оқып тұрған болса, мешітке кешігіп келген адам алдымен құптанның парызын оқып, кейін тарауих намазына тұрады. Бұл жағдайда құптан намазының сүннетін тарауих намазының отырыстары арасында оқыса болады. Оқымаса, соңынан үтірден бұрын оқып алады.
Тарауих намазының мустахабтары
Тарауих намазының муста-хабтары (мустаһаб – ұнамды, сауапты амал деген мағына) төмендегіше:
1. Әр екі немесе төрт ракағатта сәлем беру;
2. Әр төрт ракағатта сәлем бергеннен кейін, намаз «тарауих» деп аталуына сай демалу; демалу уақытында түрлі зікір, дұға етсе, уағыз айтса, тіпті үндемей отырса да болады. Себебі, жаман сөз айтпай үндемей отырудың өзі – ғибадат. Жалпы демалу барысында осы айтылған амалдың қайсысымен шұ-ғылдану – жамағаттың ықтиярындағы іс.
3. Тарауих намазында Құранды бір рет хатым ету; бұл мәселеде имам жамағатты қашырып алмау мәселесін ескерген жөн. Жамағатта қарттар мен жас балалар болған жағдайда имам тарауих намазында қысқа сүрелерді оқығаны абзал.
Негізінде Рамазан бойы тарауих намазын оқу бары-сында Құранды бір рет хатым ету, яғни бастан-аяқ оқып шығу – сүннет. Мәселен, Құран хатымын Рамазанның бірінші түні бастап соңғы түнінде аяқтаса болады. Бұл мәселеде ғалымдардың арасында келіспеушілік жоқ.
4. Тарауих намазын мешітте оқу; себебі, жамағатпен оқылатын намаздың абзалы – мешітте оқылған намаз.
Тарауихты қаза ету мәселесі
Үзірлі жағдаймен оқылмаған тарауих намазының қазасы өтелмейді. Жамағат жалқау-ланса, тарауихты жекелей болса да оқу керек. Өйткені, тарауих намазы – сүннет муәккәдә, яғни уәжіпке жақын.
Тарауих намазының сауаптары
Тарауих намазын оқығанның қаншалықты сауабы бар екенін көпшілік біле бермейтіні рас. Сондықтан да, бұл жайында пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) былай деп айтқан:
1. Оразаның бірінші кешінде тарауих намазын оқыған момын анасынан жаңа туылғандай күнәдан тазарады;
2. Екінші кешінде, егер ата-анасы мұсылман болса, олардың күнәлары кешіріледі;
3. Үшінші кеште бір періште: «Ия, Алла, қабыл еткін амалын», – деп жария етіп айтады. Яғни, «Алла тағала жасаған күнәларын кешті» деп айтады;
4. Төртінші кеште Таурат, Забур, Інжіл және Құран кәрімнің (оқығанның) сауабын табады;
5. Бесінші кеште Алла тағала Қағба бөлмесінің ішінде, Мәдина Мунаууараның және Мәсжид-Ақса мешітінде намаз оқығандай сауап береді;
6. Алтыншы кеште Байтул-Маъмурды тауап еткен кісінің сауабындай сауап беріп, ол үшін тастар мен құмдардың барлығы истиғфар айтады;
7. Жетінші кеште Мұса (ғ.с.) пайғамбарды табады және Мұсамен (ғ.с.) бірге Перғауын және Хаманға қарсы шыққандай сауапқа ие болады;
8. Сегізінші кеште тарауих оқыса, Алла тағала Ибраһим (ғ.с.) пайғамбарға берген сауаптай сауап береді;
9. Тоғызыншы кешінде Аллаға пайғамбар Мұхаммед (с.ғ.с.) құлшылық еткен болса, сондай ғибадат еткенмен тең болады;
10. Оныншы кешінде Алла тағала дүние және ақыреттің жақсылығын оған нәсіп етеді;
11. Он бірінші кешінде тарауих оқыса, дүниеден анасының қарнынан жаңа туылғандай болып шығады;
12. Он екінші кеште тарауих оқыса, қиямет күнінде беті он төрт күндік айдай болып келеді;
13. Он үшінші кешінде тарауих оқыса, қиямет күнінде барша жамандықтан саламат болады;
14. Он төртінші кеште тарауих оқыса, ақыретте періштелер келіп, «бұл кісі тарауих намазын оқыған» деп куәлік береді. Алла тағала одан кейін есеп алмайды;
15. Он бесінші кешінде тарауих оқыса, періштелер ол кісіге салауаттар жібереді;
16. Он алтыншы кешінде Алла тағала тозақтан құтқарып, жәннатқа кіруіне куәлік берер;
17. Он жетінші кешінде тарауих оқыса, барлық пайғамбарлардың сауабындай сауап береді;
18. Он сегізінші кешінде тарауих намазын оқыса, бір періште келіп: «Ей, Алла тағаланың құлы. Әлбетте Алла тағала саған разы және ата-анаңа да риза», – деп айтады;
19. Он тоғызыншы кешінде тарауих намазын оқыса, Алла тағала оған Фирдауси атты жәннатты сыйлап, оның мәртебесін көтереді;
20. Жиырмасыншы кешінде тарауих намазын оқыса, қиямет күні Алла тағала шаһидтердің және жақсы салиқалы кісілердің сауабын нәсіп етеді;
21. Жиырма бірінші кешінде тарауих намазын оқыса, жәннаттан нұрдан жасалған үй сый етіледі;
22. Жиырма екінші кешінде тарауих намазын оқыса, қиямет күні барша уайым-қайғыдан аман болады;
23. Жиырма үшінші кешінде тарауих намазын оқыса, Алла тағала ол кісіге жәннаттан бір шаһар дайындайды;
24. Жиырма төртінші кешінде тарауих намазын оқыса, жиырма төрт дұғасын қабыл етеді;
25. Жиырма бесінші кешінде оқыса, Алла тағала ол кісіні қабір азабынан құтқарады;
26. Жиырма алтыншы кешінде тарауих намазын оқыса, Алла тағала 40 жылдық ғибадаттың сауабын береді;
27. Жиырма жетінші кешінде тарауих намазын оқыса, қияметте сырат (қыл көпір) көпірінен құстай ұшырып өткізеді;
28. Жиырма сегізінші кешінде тарауих намазын оқыса, Мекке-Мәдина шаһарына мың рет қажылықтың қабыл болған сауабын нәсіп етеді;
29. Жиырма тоғызыншы кешінде тарауих намазын оқығанға Алла тағала «Ей, құлым, саған жәннаттың алуан түрлі жемістерінен нәсіп болар және салсабил суына шомылып, кәусар суын мейірімің қанғанша ішерсің. Мен сенің Жаратушыңмын, сен Менің құлымсың», – деп айтқан.
Құрметті мұсылман жамағат, Рамазан айындағы оқыған тарауих намазымыздың барша жақсылықтарын Алла тағала нәсіп етсін. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын. Әмин!
Дайындаған Мұхамеджан Естеміров, дінтанушы,
ОҚО Орталық мешітінің найб имамы