Shama jetse jesirge kamkor bol

Shama jetse jesirge kamkor bolҚасиетті Құранның «Бақара» сүресі, 220-аятта: «(Ей Мұхаммед!) Олар сенен жетімдер туралы сұрайды. «Оларды түзелткен жақсы. (әкесіз қалған бейшара жетімдердің мүддесіне бола) олармен араласып (өмір сүріңдер) жасаңдар. Олар сендердің діндес туыстарың. Алла бұзушыны түзеушіден айырып біледі…»,- делінген.

Пайғамбарымыздан (с.ғ.с.) жетімдер туралы сұралғанда бұл аят Алла тарапынан уаһи болып түсті. «Олар сенен жетімдер туралы сұрайды. «Оларды түзелткен жақсы»,- деді. Яғни, жетім қалғандарды тәрбиелеп өсірген жақсы, жетім есейгенше әкесінен қалған мал-мүлкін қорғап, бағып берген абзал.

Жетім дегеніміз кім? Шариғат бойынша, әкесі қайтыс болған анасы тірі болса да бала жетім саналады. Ал, анасы жоқ, әкесі тірі бала жетім емес. Себебі, Исламда перзент үшін отбасында әкені бас қамқоршы, перзенттің болашағы үшін ең үлкен жауапты адам деп біледі. Ал, жануарлар әлемінде, керісінше, анасынан айырылған төл жетім. Өйткені, еркек жан-жануарлар баласына мән бермейді, есесіне ана бас қамқоршы.

Шариғатта жетім деп балиғат жасына жеткенге дейін ғана айтады. Одан кейін оған ондай сөз істетілмейді. Шариғат бойынша, жас қыз бала хайыз етеккірін көрсе, балиғат жасына жетті деп саналады. Ал, ұл бала ұйқысында іш киімін былғаса, яғни (сперма) ұрығы келсе, балиғат жасына жеткен ержігітке айналады. Балиғатқа жеткен ұл-қызды шариғат тілінде «мукалләф» дейді, мукалләф шариғат талаптарын амалға асыруы қажет болған адам. Ұл-қыз балиғатқа жеткен күннен бастап оған күнә мен сауап жазылады. Сонымен қатар, ересек адамдарға қатысты құқықтар оларға да жүктеледі.

«Ниса» сүресінің 6-аятында: «Жетімдерді үйлену (жасына) жеткенше сынап тұрыңдар. Егер олардан (мал-мүлкіне ие боларлық) естиярлық (қабілетін) байқасаңдар, оларға мал-мүлкін тапсырып беріңдер. Олар есейгенше мал-мүлкін шашып (ысырап қылып) тездетіп жеп алмаңдар. Бай болғандар (жетімді бағып, қарағанына бола) жетімнің малын жемесін. Ал кедейлер (оны бағып-қаққан еңбегі үшін) лайығымен жесін. Жетімдердің мал-мүлкін тапсырып берген кезде айғақшы қойыңдар. Есеп алуға Алла жеткілікті»,- делінген.

Бұл аятта жетімнің балиғат жасына жетіп, ес-түсін танығанда, мүмкіндігінше тезірек оған ата-анасынан мұра болып қалған байлығын тапсыру қажет екені айтылған. Демек, жетім баланы бағу үшін қолына алған екінші ата-ана жетімнің малын шашпай, қайта ол балиғат жасына жеткенде, мал-мүлкін өзіне қайтарып беруі керек.

Имам Қатада (р.а.) бұл аят туралы: «Катафан қауымындағы бір адам өз ағасынан жетім қалған кешкентай балаға әке орнына әкелік етті. Жетім баланың өз әкесінен қалған мал-мүлкі көп еді. Екінші әкесі ол мал-мүлікті жеп қойды. Сонда Алла тағала «Ниса» сүресінің 6-10 аяттарын Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) уаһи етті»,- дейді. Аятта: «Олар есейгенше мал-мүлкін шашып (ысырап қылып) тездетіп жеп алмаңдар. Бай болғандар (жетімді бағып, қарағанына бола) жетімнің малын жемесін. Ал кедейлер (оны бағып-қаққан еңбегі үшін) лайығымен жесін. Жетімдердің мал-мүлкін тапсырып берген кезде айғақшы қойыңдар. Есеп алуға Алла жеткілікті»,- деді.

Егер бағуға алған адам бай болса, жетімнің малын жеуден ұялсын, тартынсын, ал кедей болса, белгіленген шамада пайдалануына, жеуіне рұқсат бар және әкесінен мұра боп қалған малды жетімнің қолына қайтарып беретін уақытта адамдардан айғақшы, куә керектігін баяндады. Демек, жетімді қолына алған адам оны балиғат жасына дейін қарап, қамқорлық жасап отырады. Дегенмен, фиқһ ғалымдарының нұсқауы бойынша, жетім баланы қарамағына алған бағушы екінші ата-ана жетім балиғат жасына жетісімен, оған малын тапсырмайды. Бәлкім, жетімнің жақында ғана балиғатқа жеткенін ескеріп, байлықты дұрыс жұмсау қабілеті барма, есі мен санасы жеткілікті ме екенін сынап көруі қажет. Мұны Алла тағала қасиетті Құранда былай баяндады: «Жетімдерді үйлену (жасы балиғатқа) жеткенше сынап тұрыңдар. Егер олардан (мал-мүлкіне ие боларлық) естиярлық (қабілетін) байқасаңдар, оларға мал-мүлкін тапсырып беріңдер». Бұл мәселеде әр қоғамның тәжрибиесі бар. Ислам шариғаты бойынша, егер жетім баланың ақыл, парасаты мен қабілеті жеткілікті болса, уақытында байлығын қолына тапсыру керек.

Жетімді қарамағына бағу үшін алған адам сол жетімнің мал-дүнисінде уақытша алады. Кейбіреулер мен жетімді қарамағыма бағу үшін алғаннан кейін оның малын не істесем өзім білем, деп немесе ол балиғат жасына жетсе, малын қайтарып беруім керек екен, оданда жетім балиғат жасына жеткенше малын тезірек таусытайын, жеп бітейін, деуі мүмкін. Алла тағала осы аятта сондай пиғылдан қайтарды. Аятта: «Олар есейгенше мал-мүлкін шашып (ысырап қылып), тездетіп жеп алмаңдар»,- деді. Демек, жетім баланы бағу үшін алған адам оның малын жемеуі керек. Бірақ, бағу үшін алған адамның жағыдайы әр түрлі. Кейбіреулері бай, өзіне тоқ, кейбіреулері кедей, мұқтаж болады. Осыны есепке алып, Алла тағала аятта бай мен жарлыға бөлек-бөлек үкімді баяндады: «Бай болғандар (жетімді бағып, қарағанына бола) жетімнің малын жемесін. Ал, кедейлер (оны бағып-қаққан еңбегі үшін) лайығымен жесін»,- деп рұқсат берді.

Бай адам жетімнің малына мұқтаж болмағандықтан, ұялып, өзін күмәнді нәрседен қашық тұтқаны дұрыс. Жетімдерді бағу үшін алғаны, жетімдердің мал мүлкін сақтағаны, баққаны үшін сауабын алады. Бағу үшін алған адам егер кембағал болса, онда жетімнің малынан қызметі үшін ақы алады.

Имам Әбу Дауд пен Имам Насай (р.а.) риуаят етуінше, бір кісі пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) құзырына келді: «Қарамағымда бір жетім бар. Оның байлығы бар. Меніңке жоқ. Оның байлығын өзіме жаратсам бола ма?»- деп сұрады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Ысырап етпей, ынсаппен дұрыс пайдалан»,- деді.

Имам Мәлік риуаят етуінше бір сахара арабы Абдулла ибн Аббастың (р.а.) алдына келіп: «Қолымда жетімдер бар. Олардың түйелері көп. Менің жалғыз түйем ғана бар. Мен түйемнің сүтін кедейлерге беріп отырсам. Жетімдердің түйесінің сүтін ішу маған адал ма?»- деп сұрады. Абдулла ибн Аббас (р.а.): «Егер жоғалса, тауып келсең, қотырына, жарақатына қарасаң (жем-шөбін берсең), су ішетін орнын тазалап отырсаң, түйенің баласына зиян келмесе сүтін іш. Зиян келетін болса, сауып алудан қайтарам»,- деді»,- делінген. Осы тәлім бойынша, мұқтаж адам қажетінше жетімнің малын пайдаланып тұруына болады.

Аяттың соңында: «Жетімдердің мал-мүлкін тапсырып берген кезде айғақшы қойыңдар», деп тағы бір қажетті шарт баяндалды. Алдым-бердім мәселесі өте нәзік дүние. Мұнда біреудің ақысына қиянат жасалуы жасырын емес. Сондықтан, ислам дінінде мұндай іс құжат-дәлелмен, әділ куәлардың қатысуымен амалға асуы ескертіледі. Осылай жасалса, біреудің ақысына қиянат жасалу мүмкіндігі жойылады, бір келіспеушілік шыға қалса, куәлар әділдікті орнатуға жәрдем береді.

Аяттың ең соңғы сөзі «Есеп алуға Алла жеткілікті», сөйлемінің келуі, бұл істе әрқашан Алладан қорықып тұру қажеттігін ұқтырады.

«Ниса» сүресінің 9-аятында: «Кімде-кім артында қалатын ұсақ (жас) балаларына қандай қамықса, басқалардың жетім қалған ұсақ (жас) балалары үшін де сондай қамықсын. (Жетімдер тұралы) Алладан қорқып, тұрасын айтсын»,- делінген.

Бұл аяттың тәпсірі: әкесі өліп, жетім қалған балалардың әкесінің орнына екінші әке болған адам сол жетім балалардың орнына өз балаларын қойып ойлап көрсін, деген мағынаны білдіреді. Ол екінші әке өзі өліп қалса, артында балиғат жасына жетпеген жеткеншектері қалып қоюын ойлағанда қалай қорқады?! Осында отырған әрбіріңіз олаңыздаршы, артымызда өзбетінше күнін көріп кете алмайтын перзенттеріміз жылап, қайғырып қалуы қандай қорқынышты? Олай болса, жетім балаларға да барынша көңіл аударып, қамқорлық жасайық. Адам баласы басқаға не істесе, соны оған басқалар қайтып істейді. Адам баласы басқаға жақсылық істесе, сол жақсылығы оның өзіне, не оның бала-шағасына жақсылық боп қайтады. Адам баласы жамандық жасаса, сол жасаған жамандығы оның өзіне немесе бала-шағасына жамандық боп қайтады. Егер бір жетім баланың басынан сипап қайырымдылық көмек көрсетсе, жақсы сөз сөйлеп мейірімділік жасаса, сол жасаған ісінің жақсылығы ол дүниеден өткеннен кейін бала-шағасына міндетті түрде қайтады. Жамандық та солай. Алла тағала Дәуітке (ғ.с.) айтқан екен: «Ей, Дәуіт! Сен, жетімдерге әкесіндей қамқор бол, жесірлерге жақсы күйеуіндей бол. Сен мынаны біл: «не сепсең, соны орасың, сен адамдарға не істесең, сеніменде солай істеледі. Ақыр, күндердің күнінде сен өлесің ғой. Сонда балаларың жетім, әйелің жесір болып қалмай ма?!»- деді.

«Ниса» сүренің 10-аятында: «Жетімдердің малын зұлымдық істеп жеп алғандар ішіне от жұтып алған болады. Олар сөзсіз тозаққа тасталады»,- делінген.

Аяттың әсері күшті. Кім жетімнің ақысын тартып алып жесе, қиямет болғанда жегені қарнында отқа айналады. Сөйтіп, қарны отқа толып, тозақ отына тасталады. Тозақта от қайнап жатады. Демек, жетімнің ақысын жеген адамның іші мен сырты от азабына салынады. Бұл – аса қорқынышты жағдай.

Ибн Мұрдауайһ Әбу Барзодан (р.а.) риуаят етілген хадис шәріпте: «Қиямет күні бір қауым ауыздарынан от лаулап тұрған бойда тіріледі»,- деді. Адамдар: «О, Алланың Елшісі, олар кімдер?»- деп сұрады. Расулулла (с.ғ.с.): «Алла тағала: «Жетімдердің малын зұлымдық істеп жеп алғандар ішіне от жұтып алған болады»,- деген аятын білмейсіңдер ме?»- деген.

Тафсир ғұламасы Ас-Судий (р.а.): «Қиямет күні жетімнің малын жеген адам аузы-мұрынан, құлақтары мен көздерінен от лаулап шығып тұрған бойда тіріледі. Әр бір көрген адам оны жетімнің малын жегенін біліп тұрады», деген. Имам Мүслимнің сахихындағы «Миғраж» туралы хадистен үзінді: «Бір кезде бір топ адамдармен бетпе бет келіп қалдым. Олардың бастарына басқа кісілер отырып алған еді. Бастарында отырған кісілер олардың сақалын жұлып жатты, сол араға қолдарымен шоқ боп тұрған тастарды көтеріп келген тағы бір топ кісілер келіп қосылды да, сол шоқ боп тұрған тастарды сақалдары жұлынған адамдардың ауыздарына бірінен кейін бірін салды. Ауыздарынан кірген шоқ тас арттарынан шығып жатты. «О, Жебірейіл періште! Бұлар кімдер?» деп сұрадым. Ол (ғ.с.): «Жетімдердің мал-мүлкін зұлымдықпен жегендер. Олар қарындарына тек от толтырып алғандар»,- деді. Алла сақтасын!

Имам Бұхари Әбу Хурайрадан (р.а.) риуаят еткен хадис шәріпте Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Құрдымға кетіретін жеті түрлі пәлекеттен сақтаныңдар»,- деді. Сахабалар: «О, Алланың Елшісі, Олар не нәрселер?» – деп сұрады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Аллаға серік қосу, сыйқыршылық, адам өлтіру, сүтқорлық, жетімнің малын жеу, соғыстан қашу, мұсылман ар-намысты әйелді зина жасауда айыптап, жала жабу»,- деп жауап берді»,-делінген.

Әл-Хакимнен риуаят етілген хадисте: «Төрт адамның жәннатқа кіруге ақысы жоқ. Олар: маскүнем, сүтқор, жетімнің ақысын жеген адам және ата-анасының қарғысына қалған адам»,- деген.

Әрине, бұл тәлім-тәрбие өз орнында мұсылман үмбетіне күшті әсерін тигізеді, деп ойлаймын. Мұсылмандар жесір мен жетімнің малын жемек түгілі жақындаудан қорқатын үмбет.

Имам ибн Мажаәһ Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткізген хадисте пайғамбарымыз хазреті Мұхаммед (с.ғ.с.): «Екі әлсіз – жесір мен жетімнің малынан қашық жүрулеріңді өсиет етемін»,- деген. Қорыта айтсақ, әкесіз немесе ата-анасыз қалған жасөспірімді қолына алып тәрбиелеу, жетімнің марқұм ата-анасынан қалған байлығы, мал-мүлкі болса, оны қорғау – жауапты да, сауапты іс. Ислам діні бойынша, әке-шешесінен жетім қалған баланы бірінші кезекте әке тарапынан туыстары, сосын кейінгі қатардағы туыстар қарамағына алуы қажет. Туыстары жоқ жетімдерді басқалар қолына алады. Пайғамбарымыз хазреті Мұхаммед (с.ғ.с.): «Мен және жетімді өз қолына алған адам мына екеуі сияқты жәннатта жақын (аға інідей туыс) боламыз»,- деп (көрсеткіш және орта саусақтарын көрсетті),- дейді. Имам Ибн Мажәһ риуаят етуінше: Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Мұсылман адамдар тұратын үйлердің ең жақсысы – жетімі бар үй. Ол үйде жетімге құрмет көрсетіледі. Мұсылман адамдардың тұратын үйлердің ең жаманы – жетімі бар үй. Ол үйде жетімді жәбірлейді»,- деген.

Бір хикаяда: «Бір кездерде, арақ ішкіш маскүнем жан болыпты. Арақ ішіп алып, кез келген күнәні жасаудан қорықпайды екен. Бір күні бір жетімге өз баласындай, тіпті, оданда артық қошемет, құрмет көрсетіп, қамқорлық жасапты. Сол маскүнем түнде түс көріп, түсінде тозақты, ондағыларды көріпті. Ол түсін былай баяндайды: «Мені тозаққа қарай сүйрей бастады. Сол уақыт мен құрмет көрсеткен жетім бала келіп, мені тозаққа алып кете жатқандарға: «Тоқтаңдар! Менің, Раббыма арызым бар»,- деді. Олар тоқтады. Бір сәттен кейін бір дауыс естілді. «Оны жіберіңдер! Ол мына жетімге қайырымдылық жасап, оны қуантқан еді!»- деді. Сөйтіп тұрғанда, мен оянып кеттім»,- дейді. Сол түсінен кейін ол арақ ішуді, күнә істерді бір жола қойып, жетімдерге көп қамқорлық жасайтын адамға айналыпты». Имам Ахмад (р.а.) жеткізген хадис шәріпте: «Кім Алла үшін бір жетімнің басын сипаса, қолы тиіп өткен әрбір тал шашы үшін сауаб алады»,- деген.

«Көп қыздары бар әйел бар еді. Күйеуі өлгеннен кейін ол әйел жесір қалды. Көп қиналды, бейшара күйге түсті. Өзінің мүсәпір күйіне намыстанған ол қыздарымен басқа жаққа көшіп кетуге мәжбүр болды. Бір елге көшіп барды. Ол елде намаз оқылмайтын бір мешітті паналады. Әйел қыздарын ол жерге қалдырып, азақ-ауқат тауып келуге шығып кетті. Содан сол елдегі аса бір дәулетті мұсылман байдың үйіне барып, есігін қақты. Әйел оған хал-жағдайды түсіндірді. Бірақ, үй иесі: «Шынымен кедей екеніңді анықтайтын бір анықтама қағаз алып кел!»- деді. Әйел: «Мен, жергілікті емеспін, бөтен жақтан келдім!»- десе де бай кісі түсінгісі келмеді. Жесір шарасыздықтан ол үйден шығып кете барады. Сөйтіп, басқа бір есікті қақты. Ол үйдің иесі отқа табынатын еді. Оған да жағдайын айтты. Отқа табынушы оны есіткеннен кейін, өз әйелін әлгі жесір әйелге қосып, мешіттегі қыздарды үйіне алдырды. Үй иесі қарындары ашып келген қыздарды тамақтандырды.

Сол түні жесір әйел мен оның жетімдеріне көмек қолын созбаған мұсылман кісі түс көрді. Түсі – қиямет-қайым. Бір тудың астында Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) тұр екен. Қасында үлкен бір қасыр бар екен. Мұсылман кісі: «О, Алланың Елшісі, бұл қасырға кім кіреді?» – деп сұрады. Расулулла (с.ғ.с.): «Бір мұсылман кіреді», – деді. Ол кісі: «Мен де мұсылманмын, менің де кіруіме бола ма?» – деді. Сонда Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) оған: «Мұсылмандығыңды анықтайтын анықтама қағаз алып кел!» – деп айтты. Ол кісі түсінкіремей таң қалды. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) сонда оған күндіз мұқтаж боп келген жесір әйелдің күйін есіне салды.

Ол адам шошынып оянды, түсі туралы ойлап, жесір әйелге қолұшын бермегеніне өкінді. Өйткені, жесір әйелден анықтама қағаз сұрағаны рас, қағаз әкелмегені үшін оны құры қол қайтарғаны да рас. Ертесіне орынынан тұра сала жесір әйелді іздеді. Ол әйелдің қыздарымен мешіттен кетіп қалғанын, содан бір отқа табынатын кісінің үйіне барып қонғанын сұрап білді. Отқа табынатын кісінің үйіне іздеп барды. Отқа табынатын адамнан ол жесір әйелді қыздарымен бірге алып кетпек ойын айтты. Бірақ, үй иесі оларды қайтарудан бас тартты: «Бұл жесір әйел қыздарымен шаңырағыма кірген сәттен бастап үйіме береке кірді!»- деді. Сонда әлгі мұсылман кісі отқа табынатын адамға ақша беретінін, оларға кеткен ақысын төлейтінін айтты. Отқа табынатын адам оған күлді де: «Сен, менен алып кетпек болғандарға менде лайықпын. Сен, түсіңде көрген қасырды Алла маған арнап дайындап қойса керек. Мұсылман болғаның үшін менен артықпын деп тұрсың ба?! Аллаға ант, бүгін біз үй-ішімізбен түгелдей бірдей түс көрдік. Үйге келген мына жесір әйел мен қыздары себеп болып, бәріміз хақ дін исламды қабылдадық. Мұсылман болдық. Түсімде Алланың Елшісі Мұхаммед (с.ғ.с.) менен: «Жесір әйел мен жетім балалар қамқорыңда ма?»- деп сұрады. Мен: «Иә, Расулулла!»- дедім. Ол (с.ғ.с.): «Мына қасыр сен және отбасың үшін»,- деді. Содан, бұл сөздерді естіген мұсылман кісі ұялып, өкінішпен әлгі үйден кете барды.

Имам Әбу Яъләәдан (р.а.): Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Жәннаттың есігін бірінші болып мен ашам. Сонда (менен бұрын, жәннатқа кірмек болып), алдыма түсіп бара жатқан бір әйелді көремін. Мен оған: «Сен кімсің? Саған не болған?»- деп таңдана сұраймын. Ол әйел: «Мен жесір болсам да жетімдерімді тәрбиелеп өсіріп, елге қосқан әйелмін. «Жетімдерімнің болашағы не болады екен?»- деп уайымдаған әйелмін…»,- делінген.

Имам Бұхарий мен имам Мүслимде келген хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Жесір мен жетімге көмектесу – Алла жолындағы жихадпен тең»,- деген. Имам Мажәһдан жеткен хадисте Алла Елшісі (с.ғ.с.): «Жетім мен жесірдің ас-суы мен киім кешегі үшін көмек қолын созған кісі Алла жолында жихад жасағанмен, әр түнін намаз оқып, күндізін ораза ұстаумен өткізген адам сияқты»,- дейді.

Бақтыбай БЕЙСЕНБАЕВ,

Дінтанушы

By Редакция

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шымкент қаласы бойынша өкілдігі, Шымкент орталық "Halifa Al-Nahaian Aqmeshiti" мешіті. Мекен жайы: ҚР Шымкент қаласы, Темірлан тас жолы, н/з Тел: 8(7252)45-33-38