- Ықылас-ниеттің дұрыстығы.
Оқып жатқан аяттардың Құдіретті де Ұлы Алланың Сөзі екендігін түйсініп, ұғыну керек. Құранды адамдардың арасында мәртебеге ие болу үшін, не дүнияуи пайда, мақсаттарға, сый-сияпат, жүлделерге қол жеткізу үшін үйреніп, жаттаудан аулақ бол.
- Күнә-қателіктен сақ болу.
Күнә-қателіктерге толған жүрекке Құран Кәрімнің нұры қонбайды. Өйткені шайтанның азғыруы Алланың зікірінен тайдырады.
3. Жастық шақты ұтымды пайдалану.
عَنِ النَّبِيِّ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ أَنَّهُ قَالَ: »اِغْتَنِمْ خَمْسًا قَبْلَ خَمْسٍ: شبَابَكَ قَبْلَ هَرَمِكَ، وَصِحَّتَكَ قَبْلَ سَقَمِكَ، وَغِنَاكَ قَبْلَ فَقْرِكَ، وَحَيَاتَكَ قَبْلَ مَوْتِكَ، وَفَرَغَكَ قَبْلَ شُغْلِكَ«.
Алланың Елшісі (с.а.с.) мына хадисінде әрбір мұсылманды бар мүмкіндігін дер кезінде әрі дұрыс пайдалануына нұсқайды: «Бес нәрседен бұрын бес нәрсені пайдаланып қал: қартаймастан бұрын жастық шағыңды, ауырмастан бұрын денсаулығыңды, кедейленбестен бұрын байлығыңды, өлместен бұрын өміріңді, жұмыстан бұрын бос уақытыңды (Алланың жолына, ақыретіңе пайдаланып қал)».
- Ойдың сергектігі – басты талаптың бірі.
Аяттарды шаршап, жалыққан кезде, ынта-зейін басқа нәрсеге ауған кезде жаттамаған жөн. Себебі, ондай жағдайлар жаттауға жете көңіл бөлуге, ықыласқа кесірін тигізеді. Жаттауға таң намазынан кейінгі уақыт сияқты белсенді, сергек уақыттарды пайдаланған дұрыс.
- Тыныш орынды таңдау.
Құранды жаттауға тыныш орынды таңдау керек. Өйткені айқай-шу, абыр-дабыр көңіліңді аударып, кедергі келтіреді.
- Рухани жігерлілік – жеңіске бастайды.
Жаттауда адамның күшті ерік-жігерінің мәні аса зор. Құранды ата-ананың, не ұстаздың ұдайы нұсқауымен ғана жаттайтын жанның ерік-жігері ұзаққа созылмай, уақыт өте келе саябырлауы мүмкін. Ал өзінің бастамасымен, жеке күш-жігерімен бел шеше кіріскен жан істі соңына дейін жеткізуге тырысады.
- Сана-сезімді түгел қатыстыру.
Адам бойындағы түрлі сезімдерді түгел біріктіре отырып, жауапты іске ынты-шынтымен кірісу міндетті жеңілдетеді, есте сақтау қабілетін де дамытады.
Құран аяттарын жадыға тоқу үшін көру, есту, сөйлеу сезімдерін түгелімен ат салыстырған жөн. Себебі, сезімдердің әрбірінің ақпаратты миға жеткізетін өзіндік жолдары бар. Ал ақпаратты жеткізу жолдары көбейсе, оны жадыға жазып, орнықтыру да оңай болады.
8. Құран Кітабының бір ғана баспалық нұсқасын таңдау.
Жаттаушы Құранның бір баспалық нұсқасын таңдағаны жөн. Солай ету Құранның тұтас бір бетінің есте сақталуына көмектеседі. Ал егер жаттаған кезде мұсхаф (Құран кітабы) басылымдарының әрқилылығы Кітап бетінің еске түсірілуіне қиындық келтіреді.
- Араб дыбыстарын дұрыс шығару.
Жаттауды бастамастан бұрын ең алдымен Құран сөздерін дұрыс дыбыстауды жақсылап игеру қажет. Ол үшін Құранды арнайы ұстаздардан ауызба-ауыз алған жөн. Ұстаз болмаған жағдайда, аудиожазбалар арқылы қайталап үйренген дұрыс.
- Аят-сүрелерді жалғастыра жаттау.
Құрандағы параларды, сүрелерді бөлік-бөліктерін жалғастыра жаттау тиімді жол. Мысалы, бір аятты жақсылап жаттап алған соң оны алдындағы аятпен қосып қайталау қажет. Осылайша аяттарды бір-бірімен жалғастыра жаттап, бір бетті толық игерген жөн.
- Сөздердің мағыналарын түсіну.
Аяттарды жаттауды жеңілдететін бірден-бір жол – олардағы сөздердің мағынасын түсіну. Ол үшін қазақша, орысша, арабша түсініктемелерді, тәпсірлерді қолданудың мәні зор.
- Тиянақты жаттау.
Құранның бір бөлігін екі-үш рет оқып, есте сақтау нағыз жаттау болып саналмайды. Өйткені ол уақыт өте келе ұмытылуы мүмкін. Сондықтан да аяттарды жүздешен мәрте оқып қайталап, санаға әбден сіңіру қажет. Тіпті жаттаған аят, сүрелердің өзін оқтын-оқтын қайталап тұрған дұрыс.
- Құранды әрдайым оқу.
Құранды көп оқу жаттауды жеңілдетеді, бұрын жаттағанды нығайта түседі. Тиләуетті машыққа айналдырып, күнделікті оқитын шәкірт үшін аяттарды жаттау жеңіл соғады.
- Біреуден тыңдап, айтқанын қайталап жаттау жолы.
Құран аяттарын ұстаздың артынан қайталап оқу жаттаудың бір жолы. Бұл аяттарды дыбыстауда қателікке ұрынбаудың бірден-бір жолы.
- Тақта мен жазу арқылы есте сақтау.
Кейбір медреселерде аяттарды тақтаға жазу арқылы жаттау әдісі әлі күнге дейін сақталған. Бұл Құраннның шәкірт жадында сурет болып жатталуын қалыптастырады. Расында жаттаушылардың көбі жаттағанын хатқа қатесіз түсіре алмайды. Ал бұл әдіс сол олқылықты болдырмайды.
- Жаттаған аятпен намаз оқу.
Жаттаған аят-сүрелерді намазда оқудың пайдасы зор. Әсіресе, түнгі намаз – тәһәжудте жаттаған аятты қосып оқу аса маңызды құлшылық.
Абдулла ибн Омар (р.а.) жеткізген риуаятта Пайғамбар (с.а.с.) былай деген: «Құранды жаттаған жан оны түнімен, күнімен намазында оқыса, есінде қалады. Ал егер оны намазында оқымаса, жадынан шығады». (Мүслім риуаят еткен).
- Көп болып жаттау.
Құран жаттаудың ең дұрыс жолы көпшілікпен жаттау. Өйткені жолдастармен жоспар жасап, біріге жаттау, бірін-бірі қолдау, жарысу, қалып қоюшыны сынау, міне, мақсатқа жеткізетін жол осы. Ал жеке-дара жаттаушылардың көпшілігі уақыт өте келе қасында қолдаушы әріптес, ұстаз болмаған соң жалығып, жалқаулық басады да, ақырында жаттауды мүлде тастап қояды.
- Аяттардағы ұқсастықтарды ажырату.
Жаттау үдерісінде ұқсас аяттарды аңғарып, олардың ұқсас тұстарын салыстырып, ажырата білудің маңызы аса зор. Бұған көп мән бермейтін кей шәкірттер оқу кезінде қателікке ұрынады.