Бүгін киелі Түркістан қаласында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының арнайы ғимараты ашылды.
Айтулы шараны Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев ашып, бұл бастама тарихи шешім екендігіне тоқтала келе, өзінің құттықтау сөзін жеткізді.
Салтанатты рәсімде сөз алған Бас мүфти Серікбай қажы Ораз:
«Оңтүстік Қазақстан облысының Түркістан облысы болып қайта бекітілуі – данагөй шешімі деп есептейміз! Рухани жаңғыру идеясының шын мазмұны енді ашылғандай күллі қазақ халқы қуанып, бірінен бірі сүйінші сұрап жатқанына куә болудың өзі бақыт. Бұл шешімнің біз үшін рухани маңызы – жаңа аймақтың Түркістан облысы деп аталуы және оның орталығы қазақтың күллі ұлыларына мәңгілік мекен болған Түркістан қаласының таңдалуы», – деп атап өтті.
Бас мүфти Түркістан қаласынан мүфтияттың арнайы кеңсесінің ашылғандығын және жауапты қызметке өзінің бірінші орынбасары, наиб мүфти Наурызбай қажы Өтпеновтың тағайындалғанын атап өтті.
Осыдан кейін Қазақстан Республикасы Қоғамдық даму вице-министрі Берік Сақбайұлы сөз алып, жаңа ғимараттың ашылуымен құттықтады.