ОҚО Ордабасы ауданы Шұбарсу ауылы «Ар-Рохман» мешітінің имамы және мешіт жастарының ұйымдастыруымен, ауыл дәмханаларының бірінде үлкен екі дүниеде де пайда беретін жиын өтті. Жиынға аудан имамы Б. Әшірбай, Шұбарсу ауыл әкімі, ауылдың кәсіпкер азаматтары және «Ар-Рохман» мешіт имамдары мен мешіт жастары қатысты. Мақсат, осы ауылдан төрт үйге жер телімін сатып алып, үй тұрғызып жағдайы төмен отбасыларға беру. Аудан имамы және ауыл имамдары осы тақырыпта әсерлі уағыздарын айтып, кәсіпкер ағаларымызға ой тастады. Өз кезегінде кәсіпкер ағаларымызда осы секілді іс-шараларды құптайтындықтарын жеткізді. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) Әбу Хурайрадан жеткен хадисінде: «Кімде-кім мүмін бауырының осы дүниедегі бір уайым-қайғыдан құтылуына себепкер болса, Алла Тағала оны қиямет қайымның қайғы-мұңдарының бірінен құтқарады. Сондай-ақ, Алланың құлы мұсылман бауырына жәрдем етуін тоқтатпайынша, Аллада құлына жәрдем етуін тоқтатпайды» – деп айтты делінген.
Бұл жиынның түпкі мақсаты ел ішіндегі жомарт жандардың және кәсіпкер азаматтардың құран аяттарында «жақсылықта жарысыңдар» деп айтылғандай осы аятқа амал етуге шақыру.
Ордабасы ауданы орталық мешітінің баспасөз қызметі