Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы (Бұдан әрі – ҚМДБ) ОҚО бойынша өкілдігінің ұйытқы болуымен Шымкент қаласы облыстық орталық мешіттің мәжіліс залында ҚМДБ тарапынан 2016 жыл «Дін және тарих тағылымы» жылы деп жариялануына орай, республикалық кеңейтілген діни семинар болып өтті.
Семинарға Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Ержан қажы Малғажыұлы хазрет, облыс әкімінің орынбасары Ербол Әбілхайырұлы, наиб мүфти Серікбай қажы Ораз, Аппарат жетекшісі Ғылымбек Мәжиев, ҚМДБ бөлім меңгерушілері, Ғұламалар Кеңесінің мүшелері, дінтанушы ғалымдар және облысқа қарасты 850 жуық имам, молдалары, медресе ұстаздары т.б. қатысты.
Айтулы шара алдында «Табиғатымызды алайық» шарасы негізінде мешіт ауласына Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы хазрет пен облыс әкімінің орынбасары Ербол Әбілхайырұлы жеміс ағаш отырғызды.
Осыдан кейін, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы хазрет арнайы құттықтау сөзбен бастады. «Расында біздің тарихымыздан алатын өнеге, ғибрат мол. Кешегі қазақ хандығы тұсында да дін қайраткерлері халықтың имандылығы, бірлігі мен игілігі жолында қызмет етіп, қоғамда ықпалды тұлғаға айналды. Сол кешегі діндар бабаларымыздың бүгінгі ұрпағы – ол сіздер мен біз. «Дін мен тарих тағылымы» жылына орай өтіп жатқан семинарда сіздерге ғалымдарымыз пайдалы дәріс жүргізеді. Семинардан алған сабақты жамағатқа жеткізіп, уағыз-насихат жұмыстарында да тарихтан тағылым алуға шақырыңыздар. Өйткені, жамағаттың діни және зайырлы білімін арттыру – баршамызға жүктелген асыл міндет деп санаймын», – деді Ержан қажы Малғажыұлы.
Келесі сөз алған облыс әкім орынбасары Ербол Садыр мырзға облыстағы діни мәселелер туралы қысқаша баяндама жасады. Жалпы облыс көлемінде имамдардың білімін жетілдіруге және олардың заман талабына сай болуы үшін қолдау білдіретіндіктерін жеткізді.
Жалпы, семинардың бірінші ортырысында наиб мүфти Серікбай қажы Ораз, Аппарат жетекшісі Ғылымбек Мәжиев, ҚМДБ бөлім меңгерушілері, Ғұламалар Кеңесінің мүшелерінің баяндамалары тыңдалды.
Семинарды екінші орытысында ҚМДБ-ның Жалпы және жастар бөлімінің меңгерушісі Алтынбек Ұтысханұлының, ҚМДБ-ның Халал өнімдерін стандарттау бөлімінің меңгерушісі Бейбіт Мырзагелдиев, ҚМДБ Баспасөз бөлімінің меңгерушісі Ағабек Қонарбайұлы және ҚМДБ-ның Білім және ғылым бөлімінің меңгерушісі Бақтыбай Бейсенбаевтардың баяндамалары тыңдалды.
Семинар барысында дін мен дәстүр, дін және тарих тағылымы, ислам және зайырлы қоғам, жеті құжат негізінде алынған сынақтың нәтижесі, халал өнімдерін насихаттау, имамдардың діни білімін жетілдіру, бұқаралық ақпарат құралдарымен жұмыс жасау, жалпы жамағатқа дұрыс діни сенім қалыптастыру сынды мәселелер кең сөз етілді.
Жоғары деңгейде ұйымдастырылған республикалық кеңейтілген діни семинарға қатысушы барлық делегат мүшелері өздері мол тәлім мен тәжірибе алып қайтты.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ОҚО бойынша өкілдігінің баспасөз қызметі