Түркістан қаласы орталық «Түркістан-Ахмет Яссауи» мешітінің бас имамы Омар қажы Елеуұлының арнайы ұйымдастыруымен, орталық мешіттің кітапхана залында «Жаназа һәм жерлеу мәселелері» атты дөңгелек үстел болып өтті. Шараға орталық «Түркістан-Ахмет Яссауи» мешітінің бас имамы Омар қажы Елеуұлы және ұжымы, Түркістан қалалық «Ақсақалдар» алқасының төрағасы Жарылқасын Әзіретбергенов, қалалық «Соғыс және еңбек ардагерлер» кеңесінің төрағасы Жарқынбек Құлбайымбетов, «Түркістан өзбек этно-мәдени» бірлестігі мүшесі Жумадулла Әбенов, зейнеткер Пернехан Саруаров, «Салиқалы әжелер» алқасының төрайым Қарлығаш Сейтжаппарова және «Түркістан» газетінің тілшілері, «Тұран-Түркістан» телеарнасының журналистері қатысты. Бас имам Омар қажы Елеуұлы «Жаназа және жерлеу рәсімдері» атты баяндама жасап, жаназа, садақа, Құдайы астардағы ысапшылық, халық арасындағы жаназада т.б. мәселелердегі көкейде жүрген ойлар талқыланды. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы тарапынан шыққан «Жаназа және жерлеу рәсімдері» атты төл туындысы таныстырылды.
Жарыс сөзде бірінші болып сөз алған қалалық «Ақсақалдар» алқасының төрағасы Жарылқасын Әзіретбергенов ақсақал көтеріліп отырған мәселенің дұрыс екендігін және бұл кітаптың қазақ қоғамының қазіргі таңдағы әлеуметтік-рухани сұранысына сай жарық көрген еңбек екенін айтып өтті. Ары қарай қалалық «Соғыс және еңбек ардагерлер» кеңесінің төрағасы Жарқынбек ақсақал оның халық тарапынан кең қолдауға ие болатынына сенім білдірді. Өз кезектерінде барлығы өз ұсыныстарын айтып, кеңінен талқыланды. Сонымен бірге бұл шарада арнайы үндеу жарияланатын болып, ол қалалық әкімдіктерде, көпшілік орындарда кеңінен насихатталатын болып келісті. Үндеу арнайы қалалық газет беттерінде және телеарналарға шығарылып, халыққа кеңінен таныстырылатын болады.
Барша жиналған қауымға Жарылқасын ақсақал бата беріп, бұл шараға қолдау білдіруге шақырды.
«Түркістан-Ахмет Яссауи» мешітінің баспасөз қызметі