Бүгін елордадағы Тәуелсіздік сарайында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың төрағалығымен Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VIII съезі өз жұмысын бастады.
Биылғы форумның тақырыбы – «Діндер диалогы: болашақ жолындағы синергия». Съезге әлемнің 60-тан астам елінен 100-ден аса делегация, оның ішінде түрлі діндер мен халықаралық ұйымдардың беделді өкілдері қатысуда.
«Қазір жер жүзінде сын-қатерлер көбейіп, халықаралық ахуал ушығып тұр. Соның салдарынан түрлі қақтығыстар көбеюде. Алмағайып кезең ешкімге оңай болып жатқан жоқ. Өкінішке қарай, соғыстың сипаты мен болмысы белең алуда. Дегенмен біз өткен заманнан дұрыс сабақ алып, сындарлы әрі ашық келіссөздерге ұмтылуымыз керек. Мәмілеге балама жоқ. Бұл тұрғыдан алғанда, бүгінгі Съездің мән-маңызы айрықша. Дін басшыларын гуманистік көзқарастарды ту еткен Бейбітшілік елшілері деп айтуға болады. Сіздер ортақ мүдде үшін бірігіп, әлем жұртшылығын игі мақсат жолында жұмылдыруға ниет білдіріп отырсыздар. Баршаңызға шынайы ризашылығымды білдіремін», – деді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде.
Съезд жұмысына Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы да қатысуда.
Айта кетейік, VIII съезд екі күнге жалғасып, пленарлық және секциялық отырыстар форматында өтеді.