Бүгін Еңбекші аудандық «Тура жол» мешіті қасындағы әйел-қыздар діни сауат ашу курсында әйел-қыздар жамағатына «Әйел және отбасы» атты семинар өтті.
Семинарға спикерлер ретінде аталмыш мешіттің бас имамы Тәңірберген ұстаз Шаймерденұлы, Шымкент қаласы орталық мешітінің наиб имамы және Еңбекші ауданының кураторы Ахметжан ұстаз Керімбеков арнайы шақырылды.
Семинар Аллаға мадақ, Пайғамбарға с.а.у. салауат айтумен басталып, соң негізгі тақырыпқа сай салиқалы мұсылман әйел және оның отбасындағы орны жайлы сөз қозғалды.
Ия, Ислам дінінде отбасыға ерекше назар аударылған.
Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы да жыл басында дін қызметкерлеріне Бағдарлық баяндамасын жолдап, 2025 жылды «Ислам және отбасы құндылығы» жылы деп жариялады.
Халқымызда «Анасын көріп қызын ал, аяғын көріп асын іш» деп бекер айтылмағанындай, кез келген әйел кісінің бойынан сабырлық, тақуалық, қанағатшыл сынды көркем сипаттар табылса, онда ол жұмақ иелерінің қатарынан болатынын асыл дініміз үгіттеп келеді.
Әсіресе, қазіргі таңда қыздардың тәрбиесіне аса мән беруге тиіспіз. Қыз баланың абыройы мен ары, өзіне сай сымбаты мен сырын сақтап, қырық үйден тыйып даярлау қиын. Яғни, қыз бала – үйдің бояуы. Қыз баланы тәрбиелеу – бір адам емес, бәлкім бір ұрпақты тәрбиелеу. Салихалы қыз ғана ұлт болашағын баянды ете алады.
Сағд ибн Әби Уаққастан (Алла оған разы болсын) риуаят етілген хадисте Алла Елшісі (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай деп айтқан: «Бақытқа жетелейтін нәрселердің бірі: қарағаныңда көңіліңді көтеретін, жоқ болғаныңда оған оның өзін және мал-мүлкіңді сеніп тапсыратын – салиқалы әйел. Ал бақытсыздыққа жетелейтін нәрселердің бірі: қарағаныңда көңіліңе қаяу түсіретін, тілімен саған қарсы шығатын және жоқ кезіңде оған оның өзін әрі дүние-мүлкіңді сеніп тапсыра алмайтын әйел». (Хаким хадистер жинағы)
Осы және басқа да отбасылық мәселелер жөнінде ардақты ұстаздар тарапынан жиналған жамағатқа уағыз-насихат жүргізілді.
Семинар керемет рухани деңгейде өтті. «Дін — насихат» демекші, дін жолында аянбай еңбек етіп, асыл дінімізді халқымызға көркем түрде насихаттап келе жатқан ұстаздарымызға мың алғыс!
Баршамызға да Алла Тағала ата-аналарының көз қуанышы болатын иманды ұрпақ тәрбиелеп өсіруді нәсіп еткей! Әмин!







