Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Шымкент қаласында ақсақалдар арасында өткен ІІ республикалық бата беру байқауының марапаттау рәсіміне қатысты.
Облыстық іріктеу кезеңінен оза шауып келген дуалы ауыз 20 ақсақал мешіт ішін батамен жаңғыртты. Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы жолдың алыстығына, өздерінің қарттығына қарамай бата беру салтын қайта жаңғыртқан ақсақалдарға айрықша алғысын білдірді.
Сондай-ақ осы байқауды республикалық деңгейде ұйымдастырған Діни басқарма ұжымына және тағылымды сайысқа демеушілік жасаған жомарт азаматтарға ризашылығын жеткізді.
«Бұл игі шара қоғамда ақсақалдардың бата беру дәстүрін жаңғыртуға, жастарды имандылыққа, кішіпейілділікке, батылдық пен мәрттікке баулуға, сөз қадірін арттыруға, бата тек тілек айту ғана емес, тәлім мен тәрбие құралы екенін насихаттауға үлкен серпін берді деп есептеймін» деді Наурызбай қажы Тағанұлы.
Қазылар алқасының шешімімен 1-орынды Жардыхан Сезімхан ақсақал (Қостанай облысы), 2-орынды Сағынтай Құралбек (Шымкент), 3-орынды Барат Әлиакбарұлы (Алматы облысы), 4-орынды Мұрат Жармұқаметұлы (Абай облысы), 5-орынды Мүфтиәлі Байдығұлов (Маңғыстау облысы) иеленді. Жеңімпаздарға және байқауға қатысқан барша ақсақалдарға қаржылай сыйлық берілді. Сонымен қатар әділқазы мүшелері де Бас мүфтидің Алғыс хатымен марапатталды.