Міне, жаз мезгілі де өз мәресіне жақындап, мешіттерде «Имани жаз – 2024” сауат ашу курстары да біртіндеп аяқталып жатыр. Осы орайда Шымкент қаласы Еңбекші ауданы «Тура Жол» мешіті қасындағы «Имани жаз» қыздар сауат ашу курсында да бітіру кеші болып өтті.

Аталмыш кешке шәкірт қыздардың аналары да қатысып, шәкірттер әр мұсылманға парыз болған 40 парызды, ақида сабақтарынан үйренген Алланың зати және субути сипаттарын жатқа айтып аналарын қуантты.
Сонымен қатар бітіру кешінен “Алланың 99 көркем есімдері” бойынша жатқа айтудан сайыс және Құраннан бір пара және жарты пара жаттаған шәкірт қыздар арасында жарыс та орын алды.

Кеш соңынде мешіттің бас имамы Тәңірберген ұстаз Шәймерденұлы сөзге шығып, шәкірт қыздарды жеткен жетістіктерімен құттықтап, оларға тәж кигізіп, сертификат табыстады. Шәкірттердің осындай жетістіктерге жетуі үшін өз еңбектерін аянбай сіңірген ұстаздар болса ел алғысына бөленіп, алғыс хаттарға ие болды.

Ал шәкірттер де өз кезегінде ардақты да аяулы аналарымызға гүлдер және өз қолдарымен жазған ізгі тілек хаттарын сыйлады.

By Редакция

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шымкент қаласы бойынша өкілдігі, Шымкент орталық "Halifa Al-Nahaian Aqmeshiti" мешіті. Мекен жайы: ҚР Шымкент қаласы, Темірлан тас жолы, н/з Тел: 8(7252)45-33-38