Бүгін ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының биыл жолдаған бағдарлық баяндамасына орай, ҚМДБ-ның «Ислам және дәстүр құндылығы» жылы аясында Шымкент қаласы бойынша өкілдігі мен «Шымкент» медресе колледжі бірлесіп қыздар бөлімінде «Салт-дәстүр» орталығының ашылу шарасы өтті.
Игі шараға Шымкент қаласының бас имамы Бақдаулет қажы Нұрматұлы, «Шымкент» медресе колледжінің директоры Талғат Әсембай, дінтанушы-магистр Мұхамеджан Естеміров, найб имам Қазыбек Сарыбаев, Ахметжан Керімбек, Самат Анарбаев және «Әжелер» мектебінің жетекшісі Қалдыкүл Бекжанова бастаған әжелер, ұстаздар, шәкірттер қатысты.
«Бұл орталықтың негізгі мақсаты – шәкіртерге дін мен салт-дәстүрімізді және қазақи тәлім-тәрбиені жан-жақты ғылыми тұрғыдан түсіндіру һәм үйрету. Мұнымен қатар, отбасылық өмірде күнделікті атқарылатын құндылықтар, ас әзірлеу, дастархан жаю, кесте тігу, т.б. дүниелер қамтылатын болады», – деді шаһар бас имамы Бақдаулет қажы Нұрматұлы.
Аталмыш орталықтың арнайы жоспары әзірленіп, «Салт-дәстүр» орталығының жұмысын үйлестіруші болып Райхан Жұмәділлева бекітілді.
Айта кетсек, аталмыш оқу орнында 253 қыз-бала шәкірттерге 22 әйел ұстаз қызмет етіп келеді. Өздеріңізге белгілі, жыл басында ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасымен «Дін мен дәстүр» бөлімі ашылып, бүгінде жемісті қызмет атқарылып келеді.
ҚМДБ-ның Шымкент қаласы бойынша баспасөз қызметі