Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шымкент қаласы бойынша өкілдігіне қарасты Әл-Фараби аудандық «Ордабасы» мешітінің мәжіліс залында «Ислам және ізгі қоғам» жылы аясында «Дін мен дәстүр – тәрбие көзі» атты танымдық рухани семинар болып өтті.
Семинарға Әл-Фараби ауданында орналасқан мешіттердің «Дін мен дәстүр» бағытына жауапты діни қызметкерлер мен қалалық «Әжелер» мектебінің қажы апалары қатысты. Сондай-ақ, семинардың баяндамашылары Шымкент қаласы әкімдігіне қарасты «әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығы» МКҚК-ның ғылыми-әдістемелік қамтамасыз ету бөлім басшысы, этнограф –ғалым, журналист Мырзабаев Омар Еркінбайұлы мен «Ықылас» қарылар дайындау орталығының басшысы, «Ислам нұры» мешітінің наиб имамы, ұстаз Майлан Ықыласхан қары қатысып, дініміз бен салт-сана, дәстүріміздің құндылықтары жайында баяндап берді.
Танымдық рухани семинарды қорытындылаған модератор, «Ордабасы» мешітінің имамы Керімбек Ахметжан, бұл семинардың өте пайдалы болғандығын айта келіп, дін мен дәстүрді насихаттауда ҚМДБ-ның жасап жатқан елеулі еңбектерін, басты бес бағыттың бірі әрі бірегейі екендігін жеткізе келіп, баяндамашылар мен тыңдаушыларға алғысын айтты.
ҚМДБ Шымкент қаласы бойынша өкілдігінің баспасөз қызметі