ҚМДБ Шымкент қаласы бойынша өкілдігінің ұйытқы болуымен «Қазығұрт» салтанат сарайында «Сағынышқа айналған әз Мұхаммед (с.а.с)» атты рухани кеші болып өтті. Рухани кешке Шымкент қаласының бас имамы Бақдаулет қажы Нұрматұлы бастаған мешіт қызметкерлері, кәсіпкірлер, апа-әжелеріміз, озық ойлы шәкірттер мен қалалық балалар үйінің тәрбиеленушілері қатысты. Әз Пайғамбарымызға арналған рухани кеші қасиетті Құран және Мәуліт жырлары оқумен басталды. Шымкент қаласының бас имамы Бақдаулет қажы Нұрматұлы қасиетті айдың қадір-қасиеттері туралы жан-жақты ақпарат берді. Мұнымен қатар, өкілдіктің атынан балалар үйінен келген бүлдіршіндерімізге сый-сияпат табыстады. Осыдан кейін, қалалық «Әдеп» кеңесінің жетекшісі Бекайдар қажы Әміре мен «Қождан ата» мешітінің имамы Ақтөре Тұрапбай уағыз айтты. Рухани кеште белгілі «Асыл мұра» өнер орталығының өнерпаздары қызмет көрсетті. Онда кішкентай бүлдіршіндерімізді қызықтыру үшін сұрақ-жауап, діни ән, терме айтып, кештің әрін кіргізді. Осы кештің соңында балалар үйінің тәрбиеленушісі ұлты орыс болсада дінімізді қабыл еткен қызымыздың ақжарқын тілегі елдің жүрегін елжіретіп жіберді. Айта кетсек, биылғы жылы қаламызда орналасқан 90 мешітте арнайы Мәуліт жырлары оқылып, жалпы 25800 мың жамағатқа Мәуліт дастарханы жайылды.
ҚМДБ-ның Шымкент қаласы бойынша баспасөз қызметі