Барлық мақтау әлемдердің Раббысы Алла тағалаға және Пайғамбарымыз Мұхаммедке (с.ғ.с) салауаттар мен сәлемдер болсын!
Біз адамның тілін Алла тағаланың ең көркем етіп жаратқан жаратылысы ретінде қабылдаймыз. Себебі, «сүйектен өтіп», мірдің оғындай алысқа жетелейтін өрісі де кең, өресі де биік тілдің қарымы қашанда биік көрінеді.
Қасиетті Құранның «Қаф» сүресінің 18-аятында:
﴿مَا يَلْفِظُ مِن قَوْلٍ إِلا لَدَيْهِ رَقِيبٌ عَتِي﴾
«Аузынан бір сөз шығарса-ақ болды алдында аңдушы дайын» делінеді. Ал, пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) өз хадисінде:
مَنْ صَمَتَ نَجَا
«Кімде-кім сөйлемей, тыныш тұрса, бәледен құтылады» деген.
Пайдасыз бос сөздер адамның жүрегін қатайтып, Алладан
алыстатады. Осыған орай Пайғамбарымыз (с.ғ.с):
لَا تُكْثِرُوا الْكَلَامَ بِغَيْرِ ذِكْرِ الَّهلِ فَإِنَّ كَثْرَةَ الْكَلَامِ بِغَيْرِ ذِكْرِ الَّهلِ قَسْوَةٌ لِلْقَلْبِ وَإِنَّ أَبْعَدَ النَّاسِ مِنْ الَّهلِ الْقَلْبُ الْقَاسِي
«Алланы зікір етпей бос нәрселерді айтып сөзді ұзартпаңдар. Арасында Алланың аты еске алынбастан айтылған көп әңгімелер жүректі қарайтады. Алладан ең ұзақ болғандар – тас жүректілер»[1], – дейді.
Қарап отырсақ, бұл шариғат танымдарының қазақы даналықтармен де орайлас келетіні тегіннен-тегін емес. «Үндемеген үйдей пәледен құтылады» деген қазақ мақалының астарында Пайғамбар (с.ғ.с) даналығы жатыр. Бұл «аңдамай сөйлеген ауырмай өледінің» кебі екенін аңғарамыз. Отыз тістен шыққан сөз қырық рулы елге тарайтынын да осындай хадистен ұғынғандай боламыз.
Ауыздан шыққан әрбір сөздің аңдушысы дайын екенін айтқан Құран сөзі де сөйлер сөзіңе есеп бер дегенді нұсқайды. Өйткені, аңдамай сөйлеген сөз кейде адамды көрсоқырлыққа апаратынын неге ұмытамыз. Тіліне сақ болып, тыныш тұру – даналықтың бір белгісі екенін әрдайым санада берік ұстаудың өзіндік маңызы бар.
Тілден туындайтын бірнеше кесапаттар бар. Ол өз ішіне мына тақырыптарды қамтиды: ғайбат айту, өсек тасу, арсыз сөз сөйлеу, пайдасыз әңгіме, әңгіменің қызуына кіріп, бәсеке-таласқа жол беру, жалған сөйлеу, құпия сырды жаю, уәдені бұзу, орынсыз әзілдеу, мазақтау, келемеждеу, өтірік мақтау, сөзінде нақтылықтың болмауы, екі сөйлеу, есер өлең, куә болғанын жасыру немесе өтірік куә беру.
Бірде Муғаз ибн Жабал (р.а) Пайғамбарымыздан (с.ғ.с): «Қандай істер жақсы?» деп сұраған екен. Сонда Пайғамбарымыз (с.ғ.с) тілін шығарып, үстіне саусағын қойып, тілге сақ болу керек дегендей ишара жасады. Сосын: «Кімде-кім жамандықтан сақтануды қаласа, тіліне сақ болуды ләзім тұтсын» деді.
Бұл сөздердің үлкен ұлағат болғанын Пайғамбардың (с.ғ.с) көзін көрген және кейінгі өмір сүрген ғұламалар да айтып кеткенін білеміз. Мысалы, Әбу Һұрайраның (р.а) риуаятында Пайғамбарымыз (с.ғ.с):
عَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رضي الله عنه أَنَّ رَسُولَ اللَّهِ صلي الله عليه وسلم قَالَ: «مَنْ كَانَ يُؤْمِنُ بِاَللَّهِ وَالْيَوْمِ الْآخِرِ فَلْيَقُلْ خَيْرًا أَوْ لِيَصْمُتْ،… «. رَوَاهُ الْبُخَارِيُّ و مُسْلِمٌ
«…Кімде-кім Аллақа және ахирет күніне иман келтірсе, жақсы сөйлесін немесе тіліне ие болып, тыныш тұрсын» делінеді.
«Мүміннің тілі жүрегінің түбінде болады. Егер бір нәрсені айтқысы келсе, оны жүрегімен тексеріп көреді, кейін тілімен айтады. Екі жүзді адамның тілі жүрегінің бергі жағында болады. Егер бір сөзді айтқысы келсе, айта салады, оны тексеріп көрмейді» деген даналықты Пайғамбар (с.ғ.с) хадисінен оқысақ, осындай хадистердің тағы бірінде:
مَنْ كَثُرَ كَلامُهُ كَثُرَ سَقَطُهُ ، وَمَنْ كَثُرَ سَقَطُهُ كَثُرَتْ ذُنُوبُهُ ، وَمَنْ كَثُرَتْ ذُنُوبُهُ فَالنَّارُ أَوْلَى بِهِ الطبراني
«Кімнің сөзі көбейсе, қателесуі көп болады. Кімде-кімнің қателесуі көбейсе, күнәсі көбейеді. Кімнің күнәсі көп болса, тозаққа лайық болады» делінеді.
Адам шынында күнәнің көбін тілінен табады екен ғой. Шындықты бетке айттым деп біреуді еш негізсіз ғайбаттау көріністері аз кездеспейді. Осылай адал адамды қаралап, өзі осы қылығы арқылы күнә арқалайтынын біле ме екен ,ондайлар. Сөйлеген әр сөзіне есеп бере алмай, ғайбат істің жетегінде жүргендерге иман ғана таразы бола алады. Алланың елшісі (с.ғ.с) кімде-кім бауырының кемшілігін жасырса, Алла ондай адамның айыбын жасыратынын ұдайы айтқанын әркім өз санасына берік түйсе ләзім болар еді.
Қазір әр мүмін адам Пайғамбарымыз (с.ғ.с) Мұхаммедтің басқаға тілімен де, қолымен де зиян келтірмеген мұсылман нағыз мұсылман деген сөзін шынайы сезінеді деп ойлаймыз.Сондықтан күнделікті өмірде әр адам осы шынайылылықты ұстанғаны абзал. Жалған сөйлеу – екіжүзділік қана емес, мұсылмандыққа жат істер қатарынан саналады. Бір хадисте:
إِنَّ الصِّدْقَ يَهْدِي إِلَى الْبِرِّ ، وَإِنَّ الْبِرَّ يَهْدِي إِلَى الْجَنَّةِ , وَإِنَّ الْكَذِبَ يَهْدِي إِلَى الْفُجُورِ ، وَإِنَّ الْفُجُورَ يَهْدِي إِلَى النَّار.
«Шыншылдық жақсылыққа, ізгілік жәннатқа алып барады. Өтірік жамандыққа, жамандық тозаққа жетелейді» дегеннің астарына үңілген адам түсінетініне сенімдіміз.
Міне, «басқа пәле – тілден» деген сөз пайымын түсінген адам басқаға ғана емес, ең алдымен өзіне төнер қауіптен құтылады. Баяғыда бір дана : «Менің тілім – бір жыртқыш аң. Егер бетімен жіберсем, өзімді жеп қояды» деген екен. Өз тілінен опық жеп, тағдырын тәлкекке салғандар да бар ғой. Әбу Бәкір Сыддық (р.а) өзін көп сөйлеуден сақтау үшін аузына кішкентай тас салып жүреді екен. Неге деп сұрағандарға: «Пайдалардың маған келтірген пайдасы» деп жауап береді екен.
«Ауызың сөз тұрмайтын жеңіл болса, ауызыңа тас салып ал» деген даналықтың осындай шариғат ұстанған даналардан қалған сөз екенін енді білгендейміз. Ал егер осы ұғымды тағылымды әңгімеге ұластырсақ, бірде қаһарлы бір патша өз уәзірін базарға жұмсап, өзі сүйсініп жейтін тәтті тағам алып кел деген екен. Сонда әлгі уәзір еш ойланбастан тіл сатып әкеледі.
Келесі күні сынамақ ниетпен уәзірін қайта жұмсаған патшаға ең ащы тағам әкелуді тапсырады. Ал, уәзірі бұл жолы да тіл сатып әкелген екен. Мұның сырын сұрағанда уәзірі: «Уа, патшам, алғашқы күні тіл сатып әкелгенім, тілден тәтті ештеңе жоқ. Тәтті сөз жаныңды шуаққа бөлеп, сәулесімен нұрландырады. Жаратушы Иеміздің уахи сөздерін уағыздап, адамдарды иманға ұйытады. Ал, келесі күні тағы тілді әкелгенім, тілден ащы ештеңе жоқ. Ащы тіл адамдардың арасын ашады, жалған сөйлеп, ренжітеді. Ең бастысы, тілден басына пәле тауып, Алланың қаһарына ұшырайды» деген екен.
Шариғат сабақтары қазақы қоғамның барлық тұстарында көрініс беретінін де жоққа шығара алмаймыз. Шешендік сөздердің өн бойы осындай сырларға толы. Қазақ – бір ауыз сөздің қадірін ұққан жұрттың бірі. Басынан сөз асырмаған бабаларымыз да бір ауыз сөздің қарымын қадірлей білген. Себебі, қазақтың ақыны да, шешені де, батыры да ұйқастырып бір ауыз сөз айта алатын дәрежеде болған. Мысалы, Абылай ханның үзеңгілес батыры болған Жәнібек Бердәулетұлының атақты Тіленші шешенді сөзден жықты дейтін бір әңгімесі былай айтылады:
Бір жиында екі төренің ортасында шалқасынан жатқан Жәнібек батырды көрген Тіленші шешен: «Мына ақсақ керейдің (Жәнібектің бір аяғы ақсақ екен) жатысы қалай? Әкесі Бердәулет он екі аталы Абақ керейдің жаманы еді. Көпті көргенсіп, бір төреге басын, екіншісіне аяғын иіскетіп жатқанын қарашы» депті. Сонда Жәнібек батыр басын көтеріп алып айтады:
Тіленші, рас айтасың,
Мен көрмеген нәрсе жоқ,
Қалмақты да мен көрдім.
Он бесімде бурадай,
Үюлі тасты төңкердім.
Жиырма бесімде қазақтың
«Ұлын – құл, қызын – күң етем» –
деп даурыққан қалмақты
Қызыл қанмен жуып ем.
Отыз бесте талай шешенді
Қара сөзбен буып ем.
Сенің әкең Бекболат атаның жақсысы еді,
Мен Бекболаттан тусам қандай болар едім?
Менің әкем атаның жаманы-ақ болсын,
Сен Бердәулеттен тусаң қандай болар едің?
Мен шынарға шыққын оқпын ғой,
Сен жақсыдан туған боқсың ғой.
Сөз тапқанға қолқа болған ба?! Мұндай мысалдар қазақ арасында жиі ұшырасады. Басына пәле тапқан Тіленшідей талай шешен де сөзден жығылған. Қолынан найзасын тастамаған батырлар да қас жауын қуып, елін қорғаумен жатыр, ел ішінде ақындыққа татыр сөздерімен де еңсесі биік болғанын көреміз.
Ал сонау тоғызыншы ғасырда өмір сүрген Жүсіп Баласағұн бабамыз былай деп тіл маңыздылығын паш етеді:
Алла адамдарды жаратты, үздік етті,
Оған өнер-білім, ақыл-сана берді.
Ақыл мен білімнің тілмашы-тіл
Ердің мерейін көтеретін тілді біл.
Тіл қадірлі етер, ерге бақ қонар,
Қор қылар тіл кететұғын бас болар.
Хәкім Абай не дейді. «Өсек, өтірік, мақтаншақ, еріншек, бекер мал шашпақ, бес дұшпаның білсеңіз» дегенде Абай атамыз сол бес дұшпанның үшеуі – өсек, өтірік, мақтаншақтық тілмен өрбитінін айтады.
Өсек айтып, ғайбат сөйлеу – адамды күнәге жетелемесе, ал мақтаншақтық тәкәппарлыққа жетелейтінін ащы сынмен түйреп өтеді. Шынында, қазақ арасында имани ұғымға қайшы келетін мұндай мінез-құлықтар көптеп кездеседі. Ол бүгінгі күннің ащы да болса шындығына саяды. Себебі, надандық жаманды жарға жығады. Сөйлер сөзін пайымдай білмеу – абыройын айрандай төккізіп, беделінен айырады. Мың күн жинаған абыройынан бір-ақ күнде айырылады. Өзін де жылатады, өзгенің де обалына қалады. Ал егер тіл тас жармаса да, бас жарып, сүйектен өтетінін біле тұра адамдардың өз бастарына пәле болып жабысатынын неге қаперге алмайды екен дейсің. Әбу Бәкір Сыддық (р.а): «Пенденің тілі бұзылса, адамдар жылайды, ал, егер жүрегі бұзылса, періштелер жылайды» деп айтпақшы, осы даналықты түсінген жан адамдарды жылатқан пенделердің бүгінде тым көбейіп бара жатқанына қабырғасы қайысар еді.
Бір имани әңгімеде бір қауым Мұғауияның (р.а) алдында сөз бермей тұрғанда Ахнаф ибн Қайыс қана сабыр сақтап үндемей қалғаны айтылады. Сонда оған Мұғауия сауал қойып, неге сөйлемей тұрғанын сұрады дейді. Ахнаф ибн Қайыс : «Жалған сөйлеуге Аллатан қорқамын, шындықты айтуға сенен қорқып тұрмын » деп жауап берген екен.
Бұл да тағылым алар оқиға ғой. Өтіріктің қазанын судай сапырып, Аллатан да қорықпай, шайтанның адастыруына түскен пенделер өздерінің барар жері – тозақ екенін ескермейтіні жаныңды жегідей жейді. Ондайларды Алла та, Пайғамбарымыз (с.ғ.с) да, тіпті, кешегі және бүгінгі ғұламалар да ескертумен келеді. Ғұламаларымыздың хадистерден алған насихаттарында, адам баласы қабірде үш нәрсенің себебінен азапталады. Біріншісі–ғайбат айтудан, екіншісі – сөз тасудан, үшіншісі –кіші дәреттегі ұқыпсыздықтан екен.
Демек, ғайбат айту мен сөз тасу –ең ауыр күнәлардың қатарында деген сөз. Егер біз пәни өмірдің жетегінде кетпей, ақирет күнінің де қамын ойлап, тозақтың отына кімдердің шыжғырылатынына қайғырсақ, ғайбат сөйлемек түгілі, сөз тасудан да бойымызды аулақ салар едік. Өз тілінен опық жеріне қайғырмаған пенделер шынымен бақи өмірде азап шегетінін білмегендер. Білсе, осылай өзіне жамандық ойлар ма еді.
Иман ғана жалған сөйлеп, сөз тасудың мол күнә екенінің ара-жігін ажыратып бере алады. Олай болса, басқа пәле болып жабысатын тілге сақ болып, Алланың разылығын алуды нәсіп етсін! Әмин!
[1] Тирмизи, Китабуз-зуһд, 2413
muftyat.kz «Жұма уағызы» кітабынан