02 СӘУІР – РАМАЗАН АЙЫНЫҢ БІРІНШІ КҮНІ!

Бақдаулет қажы Абдрахманов,
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шымкент қаласының бас имамы

Мейірімді, рахымды Алланың атымен бастаймын!

Құрметті мұсылман қауым! Қадірлі жерлестер!Күллі қауымды қасиетті Рамазан айына аман-есен жеткізген Алла Тағалаға сансыз шүкірлер болсын. Сіздерді мүбәрак Рамазан айының келуімен құттықтаймын!
Рамазан – Алланың мейірімі төгіліп, жұмақтың есігі айқара ашылатын, иманды күшейтуге мүмкіндік берілген берекелі ай. Бұл – Жаратушы Иеміздің ұлы сыйы әрі нығметі.
Құран Кәрімде: «Ей, иман келтіргендер! Сендерден бұрынғыларға парыз етілгендей тақуалыққа жетулерің үшін ораза ұстау сендерге де парыз етілді» делінсе, тағы бір аятта: «Сендердің араларыңда кімде кім рамазан айының туғанын көрсе, сол күні ораза ұстасын. Сырқат немесе жолаушыларға ораза айында ұстай аламаған күндерін басқа күндері ұстасын » (Бақара сүресі, 183-185 аяттар) делінген.
Сүйікті пайғамбарамыз (с.а.с.) былай айтқан: «Кімде-кім ораза тұтса және Алла разылығы үшін шын ықыласымен тарауих намазын оқыса, Алла Тағала оның тіршіліктегі күнәларын кешіреді және не тілеген болса тілектері қайтарылмайды»,- деген болатын.
Қадірлі жамағат!
Рақым айы – Рамазан құтты болсын! Қасиетті айда ұстаған оразамыз, жасаған дұға-тілектеріміз, құлшылық-ғибадаттарымыз, әрбір қайырлы амалдарымыз қабыл болғай! Алла Тағала отбасымызға амандық, жұмысымызға береке-бірлік нәсіп еткей! Тәуелсіздігіміз тұғырлы, мемлекетіміздің мерейі әрқашан үстем болғай! Әмин!

By Редакция

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шымкент қаласы бойынша өкілдігі, Шымкент орталық "Halifa Al-Nahaian Aqmeshiti" мешіті. Мекен жайы: ҚР Шымкент қаласы, Темірлан тас жолы, н/з Тел: 8(7252)45-33-38