Әбу Һурайра (р.ә.) Пайғамбардың (с.ә.с.): «Алла атымен ант етейін, мен бір күн ішінде Алла Тағаладан жетпіс мәртеден аса кешірім тілеп, оған тәубе етемін», – дегенін естіген.
Әбу Муса әл – Әшари (р.ә.) Пайғамбардың (с.ә.с.): «Расында күн батыстан шығар күнге дейін (Қиямет күніне дейін) Алла Тағала күндіз күнә істеген адам тәубе етсін деп түнде қолын жаяды. Сондай-ақ, түнде күнә істеуші тәубе етсін деп күндіз қолын жаяды»,- дегенін жеткізген.
Әбу Саид әл Худри (р.ә.): Алла Тағаланың елшісінің (с.ә.с.) мына әңгімесін жеткізген: «Сіздерден бұрынғы өткен қауымдардың ішінде қолынан тоқсан тоғыз кісі жан тәсілім еткен бір кісі өмір сүрді. Ол жер бетіндегі ең білімді адамды сұрастырды. Оған бір діндар адамды айтты. Ол діндар адамға келіп тоқсан тоғыз кісі өлтіргенін, енді тәубе етуге болатын-болмайтынын сұрады. Діндар адам: «Жоқ», – деп жауап берді. Ол сол мезетте әлгі діндар кісіні де өлтіріп, өзі өлтіргендердің санын жүзге жеткізді. Ол қайтадан жер жүзіндегі ең білімді адамды сұрағанда оған бір ғалым кісіні нұсқады. Ол ғалым кісіге келіп өзінің жүз адам өлтіргенін, енді тәубе етуге болатын-болмайтынын сұрады. Ғалым: « Ия»,- деп жауап берді. Жүз адам өлтірген кісі тәубе мен оның арасында не кедергі бар екенін сұрады. Ғалым: «Пәлен жердегі мынадай деген жерге бар. Ол жақта Алла Тағалаға құлшылық ететін адамдар бар, солармен бірге құлшылық ет, өзіңнің жеріңе оралма! Бұл жер – жамандықтың жері», – деді.Ол жолға шықты. Жарты жолға келгенде оған ажал жетті. Сол уақытта оған рахмет періштесі мен азап періштесі таласты. Рахмет періштесі: «Ол шын жүректен Алла Тағалаға тәубе етуге келе жатты», – деді. Ал, азап періштесі болса: «Ол ешқандай жақсылық жасамады», – деді. Сол кезде оларға адам бейнесінде бір періште келіп төрелік етті. Адамның денесін олардың орталарына қойды да әлгі періште: «Екі жердің арасын (қайтыс болған адамның отаны мен бағыт алған жері) салыстырыңдар, қайсысына жақын болса, ол сол жаққа тән», – деді. Олар салыстырғанда оның бағыт алған жаққа қарай жақын екендігі анықталды да, оны рахмет періштесі алды».
(Дұрыстығы құпталған хадис)Хадистің мағынасы: Алла Тағала құлының күнәсі қаншалықты көп болса да, егер ол Аллаға шынайы түрде тәубе етіп, күнәлі істеріне өкінсе, ол тіпті кісі өлтіріп, қылмыс істесе де оның тәубесін қабыл етеді. Алла Тағала Құран Кәрімде: «Расында Алла өзіне серік қосқандарды кешірмейді. Ал, одан өзгелерден кімді қаласа, соны кешіреді», – деген.
Шымкент қаласы орталық мешіті