2021 жылдың 20 шілдесі – Құрбан айттың бірінші күні!
Бақдәулет қажы Абдрахманов, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасыныңШымкент қаласының бас имамы
Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын!
Құрметті мұсылман бауырлар! Қадірлі жерлестер!
Баршаңызды күллі мұсылман қауымы асыға күткен қасиетті, ұлық мереке – Құрбан айт мейрамымен құттықтаймын! Отбасыларыңызға амандық, мықты денсаулық, жұмыстарыңызға береке тілеймін.
Бәрімізді айтқа аман-есен жеткізген Алла Тағалаға сансыз шүкірлер мен мақтаулар болсын!
Құрбан айт – бірлік пен игілік, мейірім мен кешірім мерекесі. Бұл күні мұсылмандар қайырлы, ізгі амалдар арқылы Жаратушыға жақындайды. Алланың разылығы үшін құрбан шалып, тұрмыс жағдайы төмен отбасыларына қайырымдылық көмек көрсетеді. Ұлық мереке ағайын арасын жақындатып, көршілерді, ұлттар мен ұлыстарды ынтымаққа ұйытып, татулыққа шақырады.
Құрбан айт – татулықты басты тірегі еткен Тәуелсіз еліміздің халықтық мерекесіне айналды. Елбасы мерейлі мейрамды Қазақстан жұртшылығы үшін демалыс күні деп жариялады. Парасатты шешім халықтар достығы мен бірлігін нығайта түсуге септігін тигізіп келеді. Біз мұны дәстүрлі дініміз Исламға көрсетілген аса зор құрмет деп білеміз.
Мүбәрак мейрамның құрметіне орай, барша отандастарымды, кәсіпкер бауырларымды, дін жанашырларын Құрбан айтта мүгедектер мен зағиптар, жетімдер мен жесірлер, әсіресе қараусыз қалған ата-аналар үшін арнайы қайырымдылық іс-шаралар өткізіп, айттың қуанышын сездіріп, оларға мүмкіндігінше көңіл бөлуге шақырамын.
Исламда Аллаға ұнамды әрбір іс – садақа. Жетімнің басын сипасақ та – садақа. Жолаушыға кедергі келтірер кез келген затты жолдан алып тастау да – сауап. Құрбандық еті ағайын-туыс, көрші-қолаң, тұрмысы төмен отбасыларына, жетім мен жесірлерге, мүгедектер мен сырқат жандарға таратылады. Мұндай игі амалдар адамдар арасында мейірім, қамқорлық, кешірім, қайыр-шапағат секілді көркем мінез бен жақсы қарым-қатынас қалыптастырады. Алланың разылығы үшін құрбан шалу арқылы пенденің иманы күшейіп, тақуалығы артады. Қасиетті Құранда: «Аллаға олардың (құрбандыққа сойылған малдардың) еттері де, қандары да жетіп бармайды. Бірақ, Оған сендердің тақуалықтарың (Оған бойсұнып, жазасынан қорқып, сақтанғандықтарың, ықылас-ниеттерің) жетеді» («Хаж» сүресі, 37-аят), – деп баяндалған.
Құрбан айт – араздасқан адамдар татуласып, бір-бірін кешірісіп, туысқандық байланысты күшейтуге себепкер ұлық мейрам. Өйткені, Алла Тағала: «Сен кешірім жолын ұстан, жақсылыққа бұйыр, надандықтан бет бұр» («Ағраф» сүресі, 199-аят) деп мұсылмандарды барынша кешірімді бола түсуге шақырған.
Ұлттар мен ұлыстарды мейірімділікке, игілікке, бірлікке үндейтін ұлық мереке – Құрбан айт мүбәрак болғай, ағайын. Жаратушы Иемізден отбасыларыңызға амандық, мықты денсаулық, кәсіптеріңізге адалдық пен береке тілеймін.
Алла Тағала дұға-тілектеріміз бен сауапты істерімізді және шалған құрбандықтарымызды қабыл еткей! Әмин!