С: Қажылықдеген сөздің анықтамасы қандай?
Ж: Қажылық, яғни араб тілінде хажж деген сөз ниеттену, қалау деген мағынаны білдіреді. Ал, шариғатта белгіленген арнайы орынға арнайы уақытта және арнайы іс-әрекетпен бару дегенді білдіреді.
С: Исламдағы қажылықтың үкімі не?
Ж: Қажылық – Ислам дінінің негізгі рүкіндерінің бірі. Кімде-кім оның парыз екендігін теріске шығарса мұсылмандықтан шығады. Алла Тағала Құран Кәрімде: «Алла шамасы жеткен адамдарға Бәйтуллаға қажылық жасауды міндеттеді», – деген (Әли Имран, 97).
С: Қажылық кімге парыз болады?
Ж: Қажылық балиғатқа толған, ақыл-есі түзу, дендері сау, азат мұсылмандарға парыз. Қажылықтың шарты: сапарға жететін жол қаражаты, көлігі яки көлікті жалға алатын жағдайы болуы және осы қаражат баспанасынан, өзі жоқта отбасының күнелтуіне жетерлік қаражатынан бөлек болуы.
С: Әйел кісінің қажылыққа баруына басқа шарттар бар ма?
Ж: Иә, әйел қажылыққа шығар болса қасында күйеуі немесе туысы болуы шарт. Меккеден намаз қысқартатындай ұзақ қашықтықта болса бұларсыз шығуына болмайды.