Еуропалықтар ХІХ ғасырда ғана қолға алған тазалыққа мұсылмандар VІІ ғасырдың өзінде-ақ қатты көңіл бөле бастаған. Патша сарайларының өзінде еуропада монша жоқ кезде шығыста бұған барлық жағдай жасалып, тазалықтың күнделікті әдетке айналғаны таңғаларлық. Тіпті сабынның өзін мұсылмандар ойлап тапқанын былай қойғанда, Ибн Сина, Рази, Абдулқахир және Сахир ибн Насруллаһ сынды ғалымдар тазалық, денсаулық тұрғысынан моншаның қан-шалықты пайдалы екендігін зерттеп те үлгірген.
1600 жылдары шығыс Испанияның инквизиция сотында испандықтардың мұсылман не христиан екені денесінің тазалығына қарап ажыратылған. Саяхаттап келген шетелдіктер мұсылман елдеріндегі тазалыққа таңғалатын болған.
Иә, Ислам діні тазалыққа ерекше көңіл бөлген. Тіпті, алғашқы түскен бұйрықтардың өзі хазірет Мұхаммедке (с.ғ.с.): «Әй, бүркенген жан! Тұр, халыққа ескерт. Раббыңды ұлықта. Киіміңді таза ұста» («Мүддәссир» сүресі, 1-5 аяттар),- деп тазалыққа шақырғаны кісіге ой саларлық.
Осы уақыттан бастап Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) тазалық мәселесіне айрықша ден қоя бастаған. «Иманның жартысы – тазалық» деп білген ол әр дене мүшесінің тазалығын жіті қадағалаған (Мүслим, тахарат, 1). Дәрет алған сайын әрі тамақтанардан бұрын және кейін де мұқият қол жуатын болған. «Тамақтың берекеті – тамақтың алды мен артында қол жуу» (Бухари, Уду, 26),- деп ескертетін. Сондай-ақ, ұйқыдан тұрғаннан кейін де қол жуу керектігін еске салып: «Ешкім ұйқыдан тұра салысымен қандай да бір ыдысқа қолын жүгіртпестен, алдымен қолын жусын. Түнімен қолын қайда ұстағанын білмейді ғой» дейтін (Муслим, тахарат, 87).
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) тіс мәселесіне де бұдан кем қарамаған. Әр намаздың алдында, мисуакпен тіс тазалағанын ескерсек, күніге ең кемі бес уақыт тіс тазалап тұрғанын көреміз. Бұған басқа да күншығыс, сәске, түнгі намаздарын, сондай-ақ тамақтанғаннан кейінгі уақыттарды да қоссаңыз, тіс дәрігерлерінің өзі мұншалықты тіс тазаламайтындай өте жиі тіс тазалағанына куә боламыз. Дәл осындай тазалықты бұйырар болса, үмбеті ауырсынатындығын біліп «Үмбетіме ауыр соғады-ау деп тартынбағанымда, әр намаздың алдында мисуәк қолдануын міндеттер едім» дегені бар (Муслим, Тахара, 42).
Ауыз тазалығына көңіл бөлгені сонша – жағымсыз иіс шығаратын пияз бен сарымсақ жеуден де тартынатын. Өйткені, мұншалықты таза болмаса, өзіне періштелер жақындай алмас еді. Осыны меңзеп «Сіздер, жеңіздер, менің жемеу себебім – маған періште келетіндігінде» деп түсіндіретін.
Тіс тазалығын күтпейтіндігіне кейіп: «Менің қасыма сарғайған тіспен, жағымсыз иіспен келмеңіздер» дейтін.
Кей уақыттарда тырнағы өсіп кеткендерге де ренжитін. Сондай кейіппен қасына келіп дін жайын сұрағандар турасында: «Сіздерден маған біреу келіп, көктен хабар сұрайды. Қараймын, тырнақтары өсіп кеткен, іші кірге тола» деп мұндай ластықты ұнатпайтындығын білдіретін. Бір жолы хазірет Алиге де: «Ей, Али, өсіп кеткен тырнақтарыңды қысқарт. Ішінде зиянды нәрселер жүреді» (Дәйләми, Фирдаус, 3/205, Дарул-кутубул-илмия, Бәйрут, 1986),- деген де еді. Уахи арқылы көп жайтқа қанық болып отыратын Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) тырнақ ішінде микроб жүретінін халыққа сол дәуірде тек осылай ғана түсіндіре алғаны белгілі.
Бірде өзінен көмек сұрап келген әйелге Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бірнеше ешкі беріп тұрып: «Балаларыңызға айтыңыз, сауғанда ешкілердің жанын ауыртып, әрі желінін қанатпау үшін тырнақтарын алсын» (Хайсами, Мәжмау-з Зауаид, 8/196),- деген.
Бұдан басқа Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) шаш күтіміне де айтарлықтай көңіл бөлген. Алба-жұлба кір шаштарды ұнатпаған. Бірде сақал-шашы ұйысқан кір-қожалақ бір кісіні көргенде: «Мына кісі басын жуатындай су, шашын басатындай май таппаған ба?» деп ренжіп еді. Бұған қоса «Кімнің шашы болса, жақсы күтсін» (Әбу Дауыд, Тәрәжжул, 3),- дегені де мәлім.
Әр жұма сайын ғұсыл құйынып толық жуынып тұруға шақырғаны бөлек, дәрет алу кезінде аяқ, қол, ауыз, мұрын, бет, тіпті, құлақ, мойынға дейін сүртілуінің өзі де күн сайынғы бірнеше мәрте қайталанатын мұқият тазалыққа жатады. Өйткені, ғылымдағы мәліметтер бойынша, бір грамм мұрынның суында 10 миллион бактерия болса, бір грамм түкірікте 100 миллион бактерия кездесетіні анық.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бірде қабірге келіп: «Сәлем сіздерге, уа, мүминдердің мекені. Иншалла, біз де сіздерге қосыламыз. Әттең, діндес бауырларымды да көрер ме едім»,- деген еді. Қасындағылар: «Сіздің діндес бауырларыңыз біз емеспіз бе?»- деп сұрағанда: «Сендер менің сахабаларымсыңдар, бауырларым әлі келген жоқ»,- деген жауап естіген. Сахабалар: «Үмбетіңізден әлі келмегендерді қалай танисыз?»- деп сұрағанда, Ол (с.ғ.с.): «Біреудің бірыңғай жирен түсті үйірі болса, соның ішінен қасқасы мен аяғында аласы бар аттарын тани алады ғой. Дәрет алған мүшелер де осы секілді ақыретте аппақ болып жарқырап көрінеді. Содан танимын. Әркім шамасы келгенше денесін жарқыратуға тырыссын» (Мүслим, таһарат, 39),- деп жауап берген еді.
Бір хадисте: «Бес нәрсені жаратылысынан адам қажетсінеді: мұртты басу, тырнақ қысқарту, қолтықты түктен тазарту, ұятты жерді түктен тазарту, сүндетке отыру» (Муслим, Тахара, 49, 56),- деп, исламдағы тазалық адам жаратылысын толық қамтитынын аңғартқан. Бүгінгі күні медицина ғылымы профилактикалық, әрі гигиеналық тұрғыдан сүндеттің адам ағзасына аса қажетті екендігін дәлелдеді. Батыс елдерінде сүндеттеу оқиғасы жиі ұшырасады. Өйткені, қатерлі ісікке жол ашпау секілді жыныстық кеселдердің алдын алу, тазалық тұрғысынан олардың бұған әлдеқашан көзі жеткен.
Құранда: «Киіміңді таза ұста, жаман нәрселерді таста» («Мүддәсир» сүресі, 4-5-аяттар),- делінгендіктен, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) әрқашан киіміне қыл жуытпауға тырысқан. Намаз оқу үшін де киімнің тазалығы маңызды болғандықтан: «Ақ киім киіңіздер. Ақ түсті киім әдемі көрінеді, тазалық тұрғысынан да ыңғайлы. Мәйітті ақ түсті матамен кебіндеңіздер»,- деп ақ киген жағдайда тазалыққа көңіл бөлудің анағұрлым артатындығын білдірген.
Киімі ластан көрінбейтін адамды көргенде: «Мына кісі киімін жуатын ештеңе таба алмаған ба?!» (Әбу Дауыд. Либас 14)- деп ренішін білдірген еді. Осы сөзімен мұсылмандарды киімді таза ұстауға шақырған.
Құранда: «Әй, адам баласы! Мешітке барған сайын әдемі киімдеріңізді киіңіздер» («Араф» сүресі, 31-аят),- делінгендіктен, мешітке барарда, сондай-ақ мереке күндері үсті-басының тазалығын ерекше қадағалай түсетін.
«Аллаһ тағала – мәрт, жомарт құлдарын жақсы көреді. Аллаһ тағала – таза, тазаланғандарды жақсы көреді. Ендеше, үйлеріңіздің маңайын таза ұстаңыздар» (Тирмизи. Әдәб 41),- деген Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) үмбетін әрқашан өзі тұратын үйді, ауланы да таза ұстауға шақырған.
Бірде: «Абайлаңыздар, қарғыс атқандардан болмаңыздар» деп еді. Сахабалары қарғыс ататындардың кімдер екенін сұрағанда: «Ел жүретін жолға, ел көлеңкелейтін ағаштың түбіне, өзен, көлдің жағасына дәрет сындырып ластағандар» (Мүслим, тахарат, 68),- деу арқылы қоғамдық орындарды да таза ұстауға шақырған. «Суға дәрет сындырмаңыздар. Сол судан дәрет алу я болмаса ғұсыл алу қажет болып қаларын қайдан білесіздер. Ешкім жүніп кезінде ыдысқа құйылған судың ішіне түсіп жуынбасын. Бір ыдыспен су алып, сыртта жуынсын»,- дегені де тазалық тұрғысынан аса мәнді екені сөзсіз.
Құранда: «Біз берген рызық-тың тазасынан ғана жеңдер» («Араф» сүресі, 160-аят),- делін-гендіктен, күнделікті алдындағы асының да адал болуына қатты көңіл бөлген. Тіпті жай кезде тағам бетінің ашық қалып кетпеуін де жиі ескерткен. Бірде өзіне беті ашық ыдыспен сүт әкелгенінде: «Тақтаймен болса да бетін жауып әкелмедіңіздер ме» деген еді.
Сыртқы тазалыққа осынша-лықты көңіл бөлінген исламда ішкі рухани тазалыққа да айтарлықтай мән берілген. Өйткені, сыртқы тазалық ішкі тазалықпен үйлескенде ғана адамның жасаған құлшылықтары қабыл болмақ.
Ішкі тазалық – жүрек тазалығын, көңіл ақтығын, ниет дұрыстығын, пейілдің ақжарқындығын, әдептілік мен адамгершілік қасиеттердің кемелдігін құрайды. Жүректі таза ұстау жөнінде Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Адам баласының денесінде жұдырықтай ет бар. Сол жақсы болса, бүкіл дене (іс-әрекеттері) жақсы болады. Сол бұзылса, бүкіл дене бұзылады. Абайлаңыздар, ол – жүрек»,- десе, тағы бірде: «Әр затты кір шалғаны тәрізді жүректі де кір шалады. Оны тәубамен, кешірім тілеумен тазалап отырыңыздар»,- деп, жүректі қалай таза ұстау керектігін де үйреткен. Өзі күн сайын жүзден аса мәрте кешірім тілейтін болған. Сонымен қатар, «Лә иләһә иллаллаһ» секілді зікірлердің де жүректі тазартатындығын білдірген.
Рухани тазалыққа: өтірік, өсек, балағат сөздерге үйір болмау, екіжүзділік пен жалақорлықтан, ұятсыздық пен арсыздықтан, тәкаппарлықтан аулақ болу, күнәлі істерге жуымау, харам ас жемеу, қулық-сұмдық, алдау-арбаудан бойды жырақ ұстап, ешкімнің ала жібін аттамау, кісі ақысына көңіл бөлу, ешкімді күндемеу, жан баласына жамандық ойламау, өзіне өлшеп берілген нығметтерге шүкіршілік ету т.б. жатады.
Айнаға қараған сайын: «Я, раббым, сыртқы бейнемді әсем еткеніңдей, ішкі жан дүниемді де әсемдей гөр!» деп тілеген Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) рухани тазалығымен де әрдайым өнеге-үлгі көрсеткен. Өзіне сан мәрте қастандық жасамақ болғандардың бәрін де кешіре білуі – соның бір ғана дәлелі.
Осы тазалық кейіннен де жалғасты. Әбу Бәкір (р.а.) бірде байқамай жеп қалған бір түйір астың харам екендігіне күдіктенгенде, артынша-ақ өзін қатты қинап құсқан еді.
Имам Ағзам Әбу Ханифа Куфада бір қойдың ұрланғанын естігенде, қойдың жасын есептеп, он шақты жылдай бір түйір де қой етін аузына салмай қойған. Байқаусызда әлгі ұрланған қойдың етін жеп қоймайын деп сақтық жасаған.
Тағы бірде матаны қымбатыраққа сатып алған бір кісіні кезіктіргенде: «Бұл матаны менің дүкенімнен қалай қымбатқа алып жүрсіз, бағасы арзанырақ еді ғой»,- деп алушының қарсылығына қарамастан дүкенге қайта ертіп әкеліп, артық ақшасын қайтартқан.
Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.): «Мына кісі – жұмақтық» (Ю. Кандаһлауи, Хаятус-сахаба, 2/164),- деп көрсеткен сахабасы өмірінде қызғаныш дегенді білмейтін, ешкімді күндемейтін, жаман сөзі жоқ адам болып шыққан.
Міне, осы секілді мысалдардың барлығы да ішкі рухани тазалықтың мөлдіріне қол жеткізгендерде кездескен. Демек, таразыға салып салмақтасақ, сыртқы тазалықпен қатар ішкі тазалықтың да мәні зор екенін көреміз.
Өз насихаттарында ата-бабаларымыз да осы ішкі тазалыққа көбірек көңіл бөлуге үндеген.
Айталық, Үмбетей жырау елге үлгі болған жандарға басу айтқан бір сөзінде:
«Әй, Ақтамберді, Қабанбай,
Суытпа бекер түсіңді,
Қайрама мұнша тісіңді.
Сырт тазасы не керек
Тазарт әуел ішіңді!»- десе, Ақмолда Мұхаммедиярұлы:
«Әуелі жуу керек іштің кірін,
Іште толып жатпасын сасық ірің.
Аһ, дариға, іш тазарсын, іш тазарсын,
Әйтпесе, пайда бермес құры білім»,-
деп өмірде ойға жинақтаған тәлім мен бойға жинақтаған білім адамды тазалыққа шақырмаса, адамдығын арттырмаса, «сырты бүтін, іші түтіндіктің» пайда бермейтіндігін айтқан.
Абай атамыз да өз өлеңінде халыққа ислам дініндегі тазалықты дұрыс насихаттау керектігін, сыртқы тазалығына көңіл бөлетіндердің көп жағдайда ішкі рухани тазалыққа да соншалықты көңіл бөле бермейтіндігіне өз қынжылысын былай деп білдірген:
«Имамдар ғибадаттан сөз қозғаған,
Хүснізан мен иманды білді ойлаған.
Иманның тазалығын жақсы ұқтырмай,
Сыртын қанша жуғанмен іші оңбаған…»
Иә, «Мықты болсаң, жердей бол – бәрін шыдап көтерген, таза болсаң, судай бол – бәрін жуып кетірген» демекші, Ыбырай Алтынсарин бабамыз да «Таза бұлақ» әңгімесінде оқырмандарын бұлақтай тұнық, судай таза болуға шақырмап па еді?!
ОҚО Орталық мешіт