Бүгін, Хәкім Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына орай Шымкент қаласы бас имам орынбасары, дінтаушы-магистр Мұхамеджан Естеміровтың «Абай өсиеттері» атты кітабы жарық көрді.
Кітап авторы М.Естеміровтің бұған дейін «Мұхтасар», «Ұлы дала Президенті», «Елбасы», «Дінбасы», «Уағыз», «Намаз үйренейік», «Насихатама», т.б. бірнеше кітаптары мен ғылыми көпшілік мақалалары жарық көрген.
Кітапқа «Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінің оқу-әдiстемелiк кеңесiнде талқыланып, оң қорытындысы беріліп, баспаға ұсынылған.
Сондай-ақ, кітапқа ОҚМПУ, Оқу және оқу әдістемелік істер жөніндегі проректор, т.ғ.к., доцент Б. Исабектің. ОҚМПУ, «Қазақ тілі мен әдебиеті» кафедрасының меңгерушісі, ф.ғ.к. А.Алтыбайұлының және белгілі дінтанушы-ғалым Б.Бейсенбаевтар өз пікірлерін білдірген.
Жалпы, кітапқа Хәкім Абай Құнанбайұлы туралы оралымды ойлар, пікірлер, арнаулар және өсиетнама сөздері енгізілген. Оқу құралы жастардың бойында сананың ашықтығы, өзіндік ұлттық код, ұлттық сана-сезім, рухани жаңғыру, бәсекеге қабілеттілік, білімге ұмтылыс қасиеттерін қалыптастыруға, олардың әділдік, намыс, еркіндік және тағы басқа дүниетанымдық ұғымдарды игеруіне, адамгершiлiк мінез-құлық тарихын зерделеп қана қоймай, сонымен бiрге, бiртұтас моральдық сана-сезiмдегi дүниетаным мен адамзатқа өзiнiң өлмес өнегелiгiн қалдырған iрi гуманист тұлғаның шығармашылығынан хабардар етедi. Кітап барша оқырман қауымға арналады.
Кітап авторы алдағы уақытта жоғары және арнаулы оқу орындарының кітапханалары мен мешіт, медреселерге үлестіруді жоспарлауда.
ҚМДБ-ның Шымкент қаласы
бойынша баспасөз қызметі