Алла тағаланың 14 сипаты бар. Бұлардың алтауы “зати”, сегізі “су-бути” сипаттар деп аталады.
Зати сипаттар:
1) Ужуд: Бар болу. Алла бар, жоқ болуы мүмкін емес.
2) Қидәм: Алланың бар болуының бастауы жоқ. Алла кейіннен пайда болған жаратылыс емес. Еш нәрсе жаратылмай тұрып Алла бар болатын.
3) Бәқа: Алланың бар болуының соңы жоқ. Әр нәрсе жоқ болып кетсе де Алла бар болып қала береді.
4) Уахданият: Алла бір дегенді білдіреді. Алла бір, ұқсасы, серігі жоқ.
5) Мухаләфәтун лил-хауадис: Кейіннен болғандарға ұқсамау. Алла жаратқандарының ешбіріне ұқсамайды.
6) Қиям бинафсиһи: Алланың бар болуы өздігінен. Жаратушы ие еш нәрсеге мұқтаж емес, барлық нәрсе Аллаға мұқтаж.
Субути сипаттар:
1) Хаят: Тірі болу. Алла мәңгілік тірі.
2) Ілім: Білу. Алла өткенді, келешекті, жасырын мен ашықтың барлығын біледі. Жүректегіні де біледі.
3) Самиғ: Есту. Алла барлық нәрсені естиді.
4) Басар: Көру. Алла барлық нәрсені көреді.
5) Ирада: Қалау. Алла қалайды, қалағанын орындайды.
6) Құдірет: Құдірет иесі. Алла шексіз құдіретке ие, барлық нәрсеге күші, қуаты жетеді.
7) Кәлам: Сөйлеу. Алла кәлам иесі, сөзін пайғамбарларына естірткен. Құран – Алланың сөзі.
8) Тәкуин: Жарату. Алла жаратушы. Әлемдегі барлық нәрсені жаратқан Сол. Жаратылуын қалаған нәрсеге “Бол!” деп бұйыруы жеткілікті, ол сол мезет пайда болады. Бар нәрсені де қалаған кезінде жоқ ете алады.
Мұсылман Аллаға былай сенеді:
Алла бар және біреу. Бар болуының басы не соңы жоқ. Алла жаратылғандардың ешбіріне ұқсамайды. Жаратушының бар болуы өздігінен. Ешбір нәрсеге мұқтаж емес. Бүкіл жаратылыс Аллаға мұқтаж.
– Алла мәңгі тірі. Ол барлық нәрсені біледі, естиді, көреді.
– Алла қалайды, қалағанын орындайды. Оған ешкім араласа алмайды.
– Алла шексіз күш, қуат иесі. Барлық нәрсеге құдіреті жетеді.
– Алла жаратушы. Қалағанын жоқтан жаратады, қалаған кезінде жоқ етеді.
Әлемдегі барлық нәрсе Алланың жаратуымен пайда болған. Жаратқан әр ісінде хикмет бар.
Алланың кәламы хақ, пайғамбарларына сөзін естіртіп, бұйрықтарын жеткізген. Дініміздің киелі кітабы – Құран Кәрім, Алланың сөзі.
Аллаға осылай дұрыс әрі шынайы иман келтірген адам жаратылыстар арасындағы абыройлы орнын иеленіп, шынайы мәртебесіне қол жеткізеді. Бұл сенім адамның жүрегін әртүрлі жаман ой-пікірлер-ден тазалап, жақсы ойларға және көркем мінез-құлыққа бөлейді.
Адам ешкім көрмейтін жерде болса да әдепсіз қылықтарға бармайды. Өйткені ол Алланың барлық нәрсені көріп, біліп тұрғанына иман келтірген. Аллаға сену – бүкіл игіліктің бастауы.