Шырайлы Шымкент қаласы облыстық орталық мешітінің ұйытқы болуымен 2016 жылдың 25 шілдесі күнінен бастап Исламдағы бес парыздың бірі һәм бірегейі болып саналатын қажылық маусымының басталуына орай, қысқа мерзімді “Қажылық” курстары қолға алынды.
Шараның ашылу рәсіміне ҚМДБ-ның ОҚО бойынша өкіл имамы Ахметжан қажы Керімбек, облыс имам орынбасары әрі қажылық бөлімінің жетекшісі Мұхамеджан Естеміров, «Сембекова и К», «Әл-Маруа», «Ордабасы», «Қызмет саяхат» сынды қажылық турфирмаларының басшылары мен өкілдері және қажылыққа ниет білдірушілер қатысты.
Курстың ашылу салтанатына облыс имамы Ахметжан қажы Керімбек сөз сөйлеп, курс барысында үміткер қажыларға қажылықтың ережелері, шарттары, мән-маңызы және оның жауапкерлігі туралы кеңінен түсіндірілетіндігін айтып өтті. Сондай-ақ, бір айға жуық жалғасатын курс жұмыстарына облыс имам орынбасары әрі қажылық бөлімінің жетекшісі Мұхамеджан Естеміровке жүктелді.
Айта кету керек, осы бағыттағы қажылық курс жұмыстарын қалалық, аудандық орталық мешіттерінде ұйымдастыру көзделуде.
Шара соңында жергілікті БАҚ өкілдеріне сұқбат берілді.
ҚМДБ-ның ОҚО бойынша өкілдігінің баспасөз қызметі