Бүгін Астанада басталған Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VI съезінде Әл-Азхардың (Мысыр) Бас имамы Шейх Мұхаммад Ахмад ат-Тайеб терроризмнің туындауы мен тарауы турасында өзінің ой-пайымымен бөлісті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Ойлап отырсаңыз, терроризмнің ресурстары, қарулануы, алапат күшпен бір шекарадан екіншісіне емін-еркін өтіп кетіп, тұтқиылдан шабуылдауы – оған ислам әлемінің мұрындық болып отырғанына күмән тудырады», – деді Шейх Мұхаммад Ахмад ат-Тайебтің.
Оның атап өтуінше, терроризмнің мұсылмандарға телінуі – тек бетперде ғана.
«Әлбетте, әрекет алаңы исламдық, арабтық алаңда өтіп жатқанын біліп отырмыз. Сондай-ақ, бұл ойында арабтар мен мұсылмандар зардап шегіп жатыр. Ал түптеп келгенде режиссурада арабтық немесе исламдық қатысу барына анық күмәніміз бар. Исламның атын жамыла отырып, терроризм араб әлеміне үлкен соққы берді. Осының салдарынан мұсылмандарға үреймен қарайтын көзқарас қалыптасты», – дейді ол.
Шейх Мұхаммад Ахмад ат-Тайеб терроризм ешқандай ұлтқа да, дінге де бөлінбейтінін атап өтті.
«Терроризмді ислам да, христиандық та, иудаизм де ойлап тапқан жоқ. Ол – халықаралық саясаттың адасып кеткен әділетсіз баласы іспетті. Ол ешкімді бала деп, үлкен деп бөлмей қатыгездігін жасай береді», – дейді Мысырдың Бас имамы.
Өз сөзіне дәлел ретінде ол бірнеше статистикалық мәлімет келтірді.
«Еуропадағы «экстремистік исламизм» деп атап кеткен құбылыстың статистикалық мәліметтеріне көз жүгірттім. Сирия мен Иракқа тартылған еуропалық жастардың көбі дін жолында болмағанын оқыдым. Ойлап қараңыз, статистикалық мәлімет бойынша еуропалық 400 отбасыдан Сирия мен Иракқа жастар кеткен. Олардың 40 пайызы діни сенімде болмаған. Яғни, олар – атеистер. Қалған 40 пайызы католицизмді ұстанса, 19 пайызы ғана мұсылман, 1 пайызы иудей болған. Осылайша, бұл жерде мәселе ислам дініндегі жастарда немесе ислам жихадында емес екенін аңғара беріңіз. Бұл әділетсіздіктің белгісі. Қазіргі өркениетте діни құндылықтар мен нормалардың жоқтығы байқалады», – дейді ол.
Еске салайық, елордада ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VI съезі өтіп жатыр.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шымкент қаласы бойынша өкілдігі, Шымкент орталық "Halifa Al-Nahaian Aqmeshiti" мешіті.
Мекен жайы: ҚР Шымкент қаласы, Темірлан тас жолы, н/з
Тел: 8(7252)45-33-38