Намаз уақыттарының қай бөлігі мұстахаб немесе абзал екендігі Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) тікелей iс жүзінде өзі орындауы арқылы әрі берген кеңестері арқылы белгiленген. Бұл бойынша:
- Таң намазын айналаға жарық түсіп, төңірек айқын көрінген уақытта өтеу туралы Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Таң намазын жарықта оқыңдар. Өйткенi мұның сауабы көбiрек».[1]-деген Таң намазының кешiктiрiлуi жамағаттың көбеюiне себеп. Жамағатқа қатыспайтын болса әйелдердің таң намазын қараңғыда оқығаны абзалырақ. Сонда олар көзге түспейді. Таң намазынан басқа намаздарда әйелдер ер кісілер жамағатының мешіттен тарағанын күткендері дұрыс.
- Бесiн намазын жазда кешiктiрiп оқу мұстахаб. Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Бесiн намазын салқында оқыңдар. Өйткенi ыстықтың деңгейі жәһәннам ыстығының деңгейіндей»,[2]-деген.
Ал, қыс мезгілінде бесiн намазын уақыты кiре сала оқу мұстахаб амалына жатады. Әнәс (р.ә): «Пайғамбарымыз (с.ғ.с) қатты суықта бесiн намазын тезiрек оқитын, жазда салқындағанға дейiн кешiктiрiп оқитын»,[3]-деп риуаят еткен.
- Екiнтi намазының парызын қыста да, жазда да күн сарғайып көз шағылысатын жарығы жойылған уақытқа дейiн кешiктiріп оқу мұстахаб. Екiнтi намазынан кейiн нәпiл намаз оқу мәкруһ болғандықтан, парыздың кешiктiрiлуімен нәпiл намаз оқуға мүмкiндiк туады. [4]
- Ақшам намазын әрқашан да уақыты кіре сала оқу мұстахаб болып табылады. Азан мен қамат арасында тек үш аят оқитындай немесе аздап қана отыратындай үзiлiс жасалады. Өйткенi ақшам намазын кешiктiру мәкруһ амалына жатады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Ақшам намазын жұлдыздар жамырап шыққан уақытқа дейiн кешiктiрмей оқыған үмметiм жақсылықта (берекет, қайыр) болады»,[5]-деген.
- Құптан намазын аспан ашық бұлтсыз күндері түннің алғашқы үштен біріне дейін кешіріктіріп оқу мұстахаб. Ал, егер күн бұлтты болса дереу оқу мәндуб амалына жатады. Бұған Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) мына хадисі дәлел бола алады: «Егер үмметiме қиын болмағанда мен құптан намазын күннiң үштен бiрiне дейiн кешiктiрудi бұйырар едiм». [6]
- Үтiр намазын түнде ұйқысынан оянатынына сенiмдi адамның түннiң ортасына дейiн кешiктiруi мұстахаб амалына жатады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Түннiң соңына (таң намазының уақыты кіргенге) дейін ояна алмайтындығынан қорыққан кісі үтiр намазын түннiң алғашқы бөлігінде оқысын. Ал,түннiң соңына дейін ұйқысынан оянатынына сенiмдi адам үтiр намазын түннiң соңғы бөлігінде өтесін. Өйткенi түнгi намаз — әрi түнгi, әрi күндiзгi перiштелердiң қатысатын намазы. Мұны қолдан келгенше орындау абзалырақ болады»,[7]-деген болатын.
Мәликилердің көзқарасы бойынша бес уақыт намаздың әрбірінің мiндеттi түрде алғашқы кірген уақытында оқылуы абзал саналады. Намаздың жеке немесе жамағатпен оқылуы, ауа райының ыстық немесе суық болуы бұл үкiмді өзгертпейді. Бұған Пайғамбарымызға (с.ғ.с) бір кісі келіп:
جَِاءَ رَجلٌ فَقَالَ : يَا رَسُول الله أَيُّ شَيْءٌ أَحَبُّ عِنْدَ الله فِي الْإِسْلاَمِ ؟ قَال: الصَّلاَةُ لِوَقْتِهَا .
«Исламдағы Алланың құзырында ең жақсы көрінетін не нәрсе?-деп сұрағанда Алланың елшісінің (с.ғ.с): «Өз уақытында оқылған намаз»,[8]-деп жауап бергені дәлел бола алады. Осы сияқты Ибн Омар (р.әнһума) риуаят еткен бiр хадисте Пайғамбарымыздың (с.ғ.с): «Уақыты кiрген кезде оқылған намаз — Алланың разы болатын намазы. Ал, уақытының соңында оқылған намаз — Алланың кешiрiмiне себеп болатын намаз»,[9]-дегені айтылған. Осылай бола тұра Мәлики мазһабын ұстанушылар көпшілікпен бірге намаз өтеу үшін жамағатты күтуге немесе күннiң ыстығында бесiн намазын салқын түскен уақытқа дейін кешіктіріп оқуға ешқандай қарсылық жасамайды.
Ал, Шафиғилерде бесiн намазынан басқа барлық намаздарды уақыты кіре сала дереу оқу, әрі күннiң ыстығында бесiн намазын салқын түскенге дейiн кешiктiрiп оқу сүннет амалына жатады.
Ханбалилерде құптан намазынан басқа намаздардың әрбірін уақыты кіре сала алғашқы бөлігінде оқу абзалырақ болып саналады. Тек қатты ыстық күндері бесiн намазын және бұлтты кездерде ақшам намазы кешiктiрiледi. Ал, құптан намазының түннiң үштен біріне дейін немесе түннің жартысына дейiн кешiктiрiлiп оқылуы абзалырақ болып есептеледі.[10]
Басқаша айтқанда, намазды уақытының соңына дейін кешiктiру жайыз болып табылады. Өйткенi Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Уақыты кiрген кезде оқылған намаз — Алланың разы болатын намазы. Уақытының соңында оқылған намаз — Алланың кешiрiмiне себеп болатын намаз»,[11]-деген.
[1] Әт-Тирмизи, әс-Салат кітабы, 3; Ән-Нәсай, Мәуақит, 27; Әд-Дарими, әс-Салат кітабы, 21; Ахмад бин Ханбал, I, 429.
[2] Әл-Бухари, Мауәқит, 9, 10, Азан, 18, Бәдул-Халқ, 10; Муслим, Мәсажид, 180, 181, 183, 184, 186; Әбу Даут, Әс-Салат кітабы, 4.
[3] Әл-Бухари, Жұма, 17; Нәсай, Мәуақит, 4; Зәйлай, Насбур-Рая, I, 244; Ибнүл-Хүмам, Фiтхул-Қадир, I, 157.
[4] Ибнул-Хумам, а.а.к, I, 158
[5] Әбу Даут, Әс-Салат кітабы, 6; Ибн Мәәжә, әс-Салат кітабы, 7; Ибн Ханбал, Муснәд, IV, 147, V, 417, 422; Ибнул-Хумам, I, 159.
[6] Әт-Тирмизи, Мәуақит, 10; Әш-Шауқани, Нәйлул-Әутар, II, 11; Ибнул-Хумам, I, 159.
[7] Муслим, Мусафирин, 162; Ибн Мәәжә, Иқама, 121; Ахмад бин Ханбәл, 111, 348, 389.
[8] Әл-Бухари, Мәуақит, 5; Тәухид, 48, Жиһад, 1,Әдеп, 1; Муслим, Иман, 137-140; Әбу Даут, Әс-Салат кітабы, 9; Тирмизи, Мәуәқат, 13.
[9]Әт-Тирмизи,Әс-Салат кітабы,13.
[10] Ибн Абидин, 1, 676; Әш-Ширази, Әл Муһәззәб, 1, 53; Ибн Қудамә, әл-Мұғни, 1, 378, 385, 388; Әз-Зуһәйли, 1, 514, 515.
[11]Әт-Тирмизи,Әс-Салат кітабы,13.